Александр Шевченко Almaty Open турнирінің іріктеу кезеңінің финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — 17 қазанда Алматыда Almaty Open ATP 250 халықаралық теннис турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Қазақстандық теннисші Александр Шевченко іріктеу сайыстарының алғашқы айналымынан сәтті өтті.

Фото: ҚТФ

ATP әлемдік рейтингінде 111-орында тұрған 24 жастағы қазақстандық теннисші іріктеу кезеңінде үшінші нөмірмен тіркелді. Оның қарсыласы әлемдік рейтингте 178-орында орналасқан эстониялық Даниэль Глинка болды.

Тартысты өткен кездесу үш сетке созылды. Шевченко алғашқы партияны 6:3 есебімен сенімді аяқтады. Алайда екінші сетте тай-брейкте 6:7 (3:7) есебімен қарсыласына жол берді. Шешуші партияда қазақстандық теннисші ойын барысын өз пайдасына өзгертіп, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Кездесу Александр Шевченконың пайдасына 6:3, 6:7 (3:7), 7:5 есебімен аяқталды. Матч 2 сағат 8 минутқа созылды.

Осы уақыт ішінде қазақстандық теннисші жеті эйс жасап, екі қос қателік жіберді. Сондай-ақ Шевченко қарсыласының жалғыз брейк-пойнтын қайтарды.

Осы жеңістің арқасында Александр Шевченко Almaty Open ATP 250 турнирінің іріктеу кезеңінің финалына жолдама алды. Енді ол негізгі кезеңге шығу үшін бақ сынайды.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық теннисшілердің Алматы АТР 250 турниріндегі қарсыластары анықталғанын жазған едік.