АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 110-ракеткасы Александр Шевченко Кицбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 125-ракеткасы, колумбиялық Даниэль Элаи-Галанмен бетпе-бет келді.
Бірінші партияда колумбиялық спортшы 6:2 есебімен басымдылық танытты.
Бұдан кейін ойын тізгінін қолына алған Шевченко камбэк жасай білді – 6:3, 6:4.
Екі сағат 15 минутқа созылған тартысты бәсекеде А.Шевченко 8 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін құр жіберген жоқ. Элай-Галан 4 эйс, 4 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Шевченконың келесі қарсыласы кейін анықталады.
Кицбюэльде Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик жарысты екінші айналымнан бастайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Швейцарияда топ жарған Александр Бубликтің әлемдік рейтингіде ТОП-30-ға қайта кіргенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).