Александр Шевченко Братислава турнирінде чемпиондыққа таласады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 97-ракеткасы Александр Шевченко Братислава (Словакия) челленджер турнирінің финалына шықты.

Фото: sports.kz

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда рейтингіде 215-орындағы украиналық Виталий Сачконың меселін қайырды.
Матч 6:4, 6:3 есебімен Александрдың пайдасына аяқталды.

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсекеде Шевченко 5 эйске қоса 14 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Сачко 2 эйс, 1 брейкпен шектелді.

Александр Шевченко финалда әлемнің 175-ракеткасы, италиялық Федерико Чина немесе рейтингіде 293-орындағы жапониялық Таро Дэниелдің қай жеңгенімен чемпиондық атақты сарапқа салады. 

Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Штутгарт (Германия) ATP 250 турнирінің финалынан шет қалды. Ол жартылай финалда әлемнің 9-ракеткасы, америкалық Тейлор Фрицқа есе жіберді — 4:6, 4:6.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 175-ракеткасы Тимофей Скатов Ноттингем (Ұлыбритания) челленджер турнирі іріктеу сайысының жартылай финалында рейтингіде 688-сатыдағы жаңазеландиялық Джеймс Уоттан ұтылып қалды — 6:7 (5:7), 7:6 (7:2), 6:7 (8:10). Тартысты өткен бұл ойын 2 сағат 42 минутта аяқталды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Штутгарт жарысының жартылай финалына өткенін жазған едік.