АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 56-ракеткасы Александр Шевченко Гамбург (Германия) ATP 500 турнирін жеңіспен бастады.
Топырақ төсенішінде өтіп жатқан жарыста қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 197-орында тұрған германиялық Рудольф Моллекермен сынға түсті.
Бірінші партияда Шевченко 6:4 есебімен басым түскенімен, екіншісінде Моллекер есе қайырды — 6:4.
Үшінші, шешуші сетте қазақстандық спортшы сәтті ойнады — 6:4.
Екі сағат 4 минутқа созылған тартысты матчта Шевченко 10 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ.
Моллекер 6 эйс, 4 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
Жүлде қоры 1,9 млн еуроға жуықтайтын доданың ширек финалына шығу үшін А.Шевченко италиялықтар, әлемнің 35-ракеткасы Лусиано Дардери немесе рейтингіде 52-сатыдағы Лоренцо Сонегоның қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Швецияда негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Денис Евсеев Швециядағы турнирде камбэк жасап, жеңіске жетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).