Александр Шевченко Қытайдағы АТР 250 жарысын жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 96-ракеткасы Александр Шевченко Чэнду (Қытай) АТР 250 турнирінің екінші айналымына шықты.
А.Шевченко алғашқы айналымда франциялық белгілі теннисші, әлемнің 52-ракеткасы, 39 жастағы Гаэль Монфиске қарсы келді.
Бірінші партияда тай-брейкте Монфис сәтті ойнады – 7:6 (7:3). Екіншісінде Шевченко есе қайырды – 6:3.
Үшінші сетте есеп қазақстандық спортшының пайдасына 1:0 болған мезетте Г.Монфис матчты жалғастырудан бас тартты.
Бір сағат 49 минутқа созылған бәсекеде Шевченко 7 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың екеуін мүлт жіберген жоқ. Монфис 3 эйс жасағанымен, 11 брейк-пойнттан ештеңе шығара алмады.
Александр Шевченко ширек финалға өту үшін әлемнің 36-ракеткасы, 22 жастағы франциялық Джованни Мпетчи Перрикармен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Қазақстанның АҚШ-қа жол бергенін жазған едік.
Денис Евсеев Қытайдағы турнирдің ширек финалына шықты.