МАДРИД. KAZINFORM - Қазақстанның екінші, әлемнің 59-ракеткасы Александр Шевченко Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына өтті.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 77-ракеткасы, франциялық Артур Риндеркнешпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияны Шевченко брейкпен бітірді - 6:4.
Екіншісінде есеп 5:5 болған мезетте франциялық спортшы брейк жасап кетті - 7:5.
Есесіне матчты Шевченко брейкпен тәмамдады - 6:4.
Екі сағат 18 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық теннисші 3 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Артур 5 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың біреуін ғана өз есебіне жазды.
Александр Шевченко үшінші айналымға шығу үшін әлемнің үшінші, осы жарыстың 2-ракетасы, Испания өкілі Карлос Алькараспен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Чехиядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).