Александр Шевченко Мюнхен турнирінде камбэкпен екінші айналымға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 104-ракеткасы Александр Шевченко Мюнхен (Германия) ATP 500 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында жеңіліп қалғанымен, негізгі жарысқа шақырту алған еді.
А.Шевченко алғашқы айналымда әлемнің 36-ракеткасы, Италия өкілі Флавио Коболлиге қарсы келді.
Бірінші партияда тай-брейкте италиялық спортшыға сәттілік серік болды — 7:6 (7:2).
Есесіне бұдан кейін Шевченко камбэк жасай білді — 6:3, 6:4.
Екі сағат 40 минутқа созылған тартысты матчта Александр 5 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Коболли 2 эйс, 4 брейкпен (21 брейк-пойнт) аса алмады.
Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін әлемнің 22-ракеткасы, аргентиналық Франсиско Серундоломен таласады. Ол рейтингіде 51-орындағы германиялық Ян-Леннард Штруфты ойсырата ұтты — 6:0, 6:2.
А.Шевченко қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде ТОП-100-ге қайта кіріп, 92-сатыға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Португалиядағы челленджер турнирінде Қазақстаннан екі теннисші өнер көрсететінін жазған болатынбыз.