АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның екінші, әлемнің 106-ракеткасы Александр Шевченко Мюнхен (Германия) ATP 500 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші іріктеу турнирінің жартылай финалында әлемнің 85-ракеткасы, жапониялық Ринки Хиджикатаның меселін қайырды.
Бірінші партияда Шевченко 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде жапониялық спортшы есе қайырды - 6:1. Үшінші, шешуші сетте Шевченко таразы басын аудара білді - 6:3.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші 8 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Хиджиката 1 эйс жасаумен бірге 3 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ.
Александр Шевченко іріктеу сайысының финалында дүниежүзілік рейтингіде 410-орында тұрған хорватиялық Борна Гойомен шеберлік таластырады. Оны жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.
Жүлде қоры 2,5 млн АҚШ долларына бағаланған Мюнхен додасы 14-20 сәуір аралығында өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдерінің екінші рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).