Александр Шевченко Швециядағы турнирде қарсыласын айқын басымдылықпен ұтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 107-ракеткасы Александр Шевченко Стокгольм (Швеция) АТР 250 турнирі іріктеу сайысының финалына шықты.

Фото: ҚТФ

Іріктеудің 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы бастапқы матчын әлемдік рейтингіде 482-орындағы норвегиялық Виктор Дурасовичпен өткізді.

Екі сет те 6:1, 6:1 есебімен А.Шевченконың пайдасына шешілді.

Бір сағатқа жетпейтін уақытқа созылған бәсекеде Шевченко 7 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Дурасович 1 эйс жасап, 4 брейк-пойнтты пайдалана алмады.

Александр Шевченко іріктеу сайысының финалында әлемнің 90-ракеткасы, ұлыбританиялық Джекоб Фирнли немесе рейтингіде 337-сатыдағы франциялық Артур Нагельдің қай жеңгенімен кездеседі. 

Стокгольм жарысының жүлде қоры 723 435 еуроға бағаланған. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның WTA қорытынды турнирі қарсаңында жанкүйерлерге сөз арнағанын жазған болатынбыз.