Александр Шевченко Словакиядағы жарыстың финалында есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 97-ракеткасы Александр Шевченко Братислава (Словакия) челленджер турнирінің финалында өнер көрсетті.

Фото: ҚТФ

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші соңғы бәсекеде рейтингіде 293-орындағы жапониялық Таро Дэниелмен бас жүлдені сарапқа салды. 

Қазақстандық спортшы матчты сәтті бастады — 6:3. Алайда екінші сетте Т.Дэниел бет қаратпады — 6:0.

Үшінші, шешуші партияда жапониялық теннисші тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 7:6 (7:2).

Екі сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсекеде Шевченко 8 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Дэниел 2 эйс, 6 брейкпен (16 брейк-пойнт) ерекшеленді. 

Осылайша, Братиславада финалға дейін жеткен А.Шевченко енді Познаньда (Польша) өтетін осындай додада бақ сынайды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Братислава турнирінде чемпиондыққа таласатынын жазған едік