Александр Шевченко Женева жарысын жеңіспен бастады
ЖЕНЕВА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 61-ракеткасы Александр Шевченко Женева (Швейцария) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 41-ракеткасы, Мажарстан өкілі Фабиан Марожанмен шеберлік байқасты.
А.Шевченко Рим мастерс турнирінде Ф.Марожанды 6:3, 6:2 есебімен жеңген еді.
Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық спортшы 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде тай-брейкте матчты жеңіспен түйіндеді — 7:6 (7:4).
Сағат жарымға созылған бәсеке барысында Шевченко 6 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
Марожан 2 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.
Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін әлемнің 48-ракеткасы, америкалық Маркос Хирон немесе рейтингіде 66-орында тұрған финляндиялық Емил Руусуворидің қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің әлемдік рейтингіде рекордтық нәтижеге қол жеткізгенін жазған болатынбыз.