Александр Тараков «Қоғамдық келісім» РММ директоры қызметіне тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Александр Юрьевич Тараков Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Александр Тараков 1961 жылы 30 сәуірде   Украина КСР-і Черкасск облысы Чигирин қаласында дүниеге келді. 1983 жылы Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді.   

1993 жылы Президент жанындағы қазақ менеджмент, экономика және болжау институтын аяқтады. 1983-1987 жыл аралығында «Ленинская смена» газетінің тілшісі болды.

Сондай-ақ әр жылдары «Арай - Заря» журналында - журналист,  «Сұхбат - Позиция» газеті бас редакторының орынбасары, «АЗиЯ» газетінің шолушысы болды.  

«Казахстанская правда» газетінде  Александр Тараков бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары, вице-президент, президент, басқарма төрағасының орынбасары болды.

2014 жылғы қаңтардан бастап 2016 жылғы қыркүйек аралығында «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқармасының төрағасы болды. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталды. Александр Тараков БАҚ саласындағы Қазақстан Президенті сыйлығының лауреаты болып табылады.