Сол күні даңқты велошабандоз Монакода өтетін 50 шақырымдық критериум сайысында бақ сынайды. Бұл жайында «Аламан» спорт агенттігі хабарлап отыр.
Винокуров әлемдік деңгейде мойындалған спортшы. Оның спорттық өмірбаяны жарқын жеңістер мен толағай табыстарға толды. Александр көптеген халықаралық жарыстарда бас жүлдені олжалады. «Вуэльта» додасында топ жарды. Әр жылдары «Тур де Франс» көпкүндігінің кезеңдік сайыстарында жеңімпаз атанып, жалпы есепте үшінші орынға табан тіреді. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан Ұлттық құрамасы мен «Астана» клубының серкесі болды. Әлем чемпионатында екі рет қола медальді иеленді. Азиада да алдына жан салған жоқ. 2000 жылы Сиднейде алауы тұтанған Олимпиада ойындарында күміс медальді қанжығасына байласа, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында алтын тұғырға көтерілді. Тұманды Альбион еліндегі жеңісінен кейін 39 жастағы Винокуров үлкен спортпен қош айтысатынын мәлімдеді. Енді ол өзінің сүйікті ісінен қол үзер алдында қоштасу жарысын ұйымдастыруды жөн көрді. «Монакодағы дода мен үшін спорттық карьерамдағы ең соңғы сынақ. Сол себепті де осы жарыс барысында барлық достарымның басын қосқым келеді», дейді әйгілі велошабандоз.