деп хабарлады ҚР Велоспорт федерациясының баспасөз қызметінен.
17 шілде күні А.Винокуров француз телеарнасына берген сұхбатында өзінің кәсіби шабандоз ретіндегі спорттық мансабын аяқтайтындығын ресми жария етті. «Мен кәсіби ретінде велоспортқа қайта оралмаймын. Өз мансабымды аяқтауға шешім қабылдадым. Қазіргі уақытта «Pro Team Astana» басшылығымен маған командадағы жаңа рөл іздестіру үстіндеміз», - деді ол сұхбат барысында.
«Pro Team Astana» командасының велошабандоздары А.Винокуровтың үлкен спорттан кетпек ойын кеше, 17 шілдеде кезекті кезең аяқталғаннан кейін естіді. Осыған орай өз пікірін білдірген Максим Иглинский: «Ол нағыз дос әрі чемпион. Ол жарыста жеңіске жеткенде маған зор жігер беретін. Меніңше, ол біздің бәрімізге де үлгі боларлық», - дейді.
Айта кетейік, спортшының Тур де Франстың 9-шы кезеңінде құлап, ауыр жарақат алғанын ҚазАқпарат бұған дейін хабарлаған болатын. Топтың басында келе жатқан «Астана» командасының көшбасшысы еңіске түсу кезінде жолдың шетіне шығып кетіп, құлаған еді. Винокуров шұғыл Орийк госпиталіне жеткізіліп, онда рентгенге түсіріледі. Оның оң жақ жамбас сүйегі сынғаны анықталады. 10 шілде күні кешке Париждегі La Pitié Salpetriere госпиталіне жеткізіліп, операция жасалады.
«Операция сәтті өтті. Ертең Александрға Қазақстаннан зайыбы ұшып келеді», - делінген ресми хабарламада.
Винокуровтың айтуынша, Тур де Франс турнирі ол үшін мұндай ауыр аяқталады деп ешқашан ойламаған екен. «Бұл мен үшін өкініш, мен бүгін қатты қапаланып отырмын. Бірақ, жағдайдың бұдан да жаман болуы ықтимал еді ғой деп өзімді жұбатудамын. Алған жарақатым мені енді біраз уақытқа тоқтатып отыр, сондықтан да Турды теледидар арқылы көріп, «Астана» командасына жанкүйер боламын. Достарымның мені ұмытпайтынына, бір кезеңде болса да жеңіске жетуге тырысатындарына сенемін»,- дейді спортшы.
Команда көшбасшысының жарыс жолынан шығып қалуы жалпыкомандалық есепке әсерін тигізетіні сөзсіз. А. Винокуров жалпы есепте 11-ші болып келе жатқан және көшбасшы 9-шы кезеңге дейін көшбасшы болған Team Garmin-Cervelo командасының өкілі норвег Тор Хушовдқа небәрі 32 секунд есе жіберіп келе жатқан еді.