«Азаматтарды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, министрлік барлық шараларды қабылдады және 1 ақпаннан бастап COVID-19-ға қарсы вакциналауды бастады. Жоспар шеңберінде вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар және вакциналарды сақтау мен тасымалдау регламенті әзірленді және бекітілді. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде», - деді Алексей Цой Үкімет отырысында.
Ол вакцина алғандар туралы деректердің Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне енгізілетінін атап өтті.
«Қазақстандық мобильдік қосымшаға жеке иммундық мәртебесі туралы QR-кодтарды енгізу үшін Egovmobile мобильдік қосымшасын іске қосу жоспарланған, ол «Ashyq» медициналық қосымшасымен интеграцияланатын болады. Онда медициналық ақпараттық жүйелердегі азаматтар бойынша, оның ішінде QR-код арқылы тексеруге ұсыну үшін COVID-19 қарсы вакциналаудан өткені туралы деректер жинақталады», - деді министр.
Айта кетейік, 1 ақпанда Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды.