Алексей Ертіс бойындағы қалың қазақтың арасында, Павлодар облысы Тереңкөл ауданындағы балалар үйінде өскен жігіт. Жүрегі «қазағым» деп соғады. Халқымыздың ән-күйін домбырамен ойнауы да бір бөлек.
Ол 6 жасқа толғанда ұстаздарының кеңесімен дарынды балаларға арналған музыкалық мектепке оқуға түсіп, «Дәстүрлі ән және домбырада ойнау» мамандығын игеріп шықты. Бүгінде Алексей Instagram мен TikTok желілерінде танымал блогерге айналған.
— Қазақ руханиятына, менталитетіне жақын болуымның себебі балалар үйінде қазақ тобында тәрбиелендім. Ортамның барлығы қазақша сөйлемесе де, қазақ апайларымның пайдасы тиген болар деп ойлаймын. Қазақы тәрбиенің нәтижесі болар, есейе келе араласатын жолдастарымның барлығы қазақ болды. Домбыра үйреткен алғашқы ұстазым Асхат Еркебұланов, одан кейін жол көрсеткен Медғат Манапов, Амангелді Қожанов, Жанболат Байсолтан сияқты ағаларыма алғысым шексіз. Мені шетсіз-шексіз қазақ ән-күй өнеріне жетеледі. Маған домбырамен ән айту бала кезімнен ерекше ұнайтын, бұл өнерімді әлі күнге жетілдірумен келемін, — дейді блогер.
Ол бүгінде уақытының көп бөлігін еліміздегі балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің шығармашылығын дамытуға арнап келеді. Былтыр «Жұлдыз болғым келеді» атты республикалық жобаны қолға алды. Бұл балалар үйлеріндегі жас таланттарға арналған.
Өткен жылы алғаш рет вокал өнері бойынша байқау өтіп, Астанада болған финалдық кезеңге еліміздің әр түпкірінен 40 бала жиналды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Дубай қаласына жолдама, қымбат ұялы телефондар мен макбуктер сыйға тартылды. Жеткіншектердің қандай әсерлі сезімде болғанын айтып жеткізуге келмес.
Алғашқы сайыс нәтижелі өткенін байқаған Алексей биыл хореография бағытындағы жас өрендерді сынап көрмекке бел буды. Оның финалында елордаға 100-ден астам бала жиналады деп күтіліп отыр.
Осылайша Ертіс бойында жетілген сары бала бүгінде Астана қаласында жемісті еңбек етіп жүр. Алексейдің ойға алған бастамалары сәтімен өріле берсін деп тілейміз.
Бұған дейін Instagram-дағы бір видео павлодарлық жетім қыздың тағдырын қалай өзгерткені туралы жазғанбыз.