Алексей Нидің кеткенін қаламаймын - Жаппарқұл

АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл Қазақстанның ұлттық құрамасын 20 жылдан астам уақыт басқарған бапкердің кеткенін қаламайды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді, әрине, бізді әлемдік жарыстарға апарып, жер-жаһанға танытқан адамның кеткенін қаламаймыз. Барлық спортшылар ол кісінің қалғанын қалайды. Себебі біздің оқу-жаттығуларымыз жақсы өтеді. Сол адамның арқасы деп ойлаймын. Бізді әрқашан қолдап, қолпаштап, осындай спортшы бар деп, алып жүреді. Көрмей жүрген үлкен басшыларға біз туралы айтып, көрсетіп, жарыстарға апарады. Арасына бүйтіп-бүйтіп тығып жіберіп, көп жағдайда көмектеседі», - деді Ж.Жаппарқұл ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның айтуынша, бүгінде Алексей Нидің кеткенін қолдап жатқандар да аз емес. Дегенмен ол Қазақстанның ұлттық құрамасын 20 жылдан астам уақыт бойы басқарып келген бапкердің орны бөлек деп санайды.

«Иә, бізде білімді, білікті спортшылар көп. Оған дау жоқ. Бірақ ол кісінің өзіндік бір өзгешелігі бар, - деп атап көрсетті Олимпиада жүлдегері.

Айта кетейік, желтоқсанның 5-сі күні ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкерін тағайындау жоспарланып отыр.