АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Оберстдорф қалашығында шаңғы спортынан өтіп жатқан «Тур де Ски» көпкүндік жарысының төртінші кезеңінде классикалық спринтте қазақстандық Алексей Полторанин жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.
Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, 1,4 км қашықтықта норвегиялық Эмиль Иверсен жеңіске жетті. Одан екінші орын алған ресейлік Сергей Устюгов 1,03, ал қазақстандық шаңғышы 1,40 секундқа қалып қойды. Есесіне А.Полторанин атағынан ат үркетін норвегиялық Мартин Йонсруд Сундбю мен Петтер Нортугты, сондай-ақ неміс Себастьян Айзенлауэр сияқты мықтыларды артта қалдырды.
Еске сала кетейік, «Тур де Ски» жарысының Швейцарияның Ленцерхайде мекенінде өткен екінші және үшінші кезеңінде А.Полторанин бесінші және жетінші орынды иеленген болатын. Демек, осы жолы оның жүлдеге ілігуі заңдылық. «Тур де Ски» жарысының бесінші кезеңі Оберстдорфта, алтыншы кезеңі Италияның Тоблах, жетінші және қорытынды сегізінші кезеңі Валь ди Фиемме (бұл да Италияда) мекенінде өтеді. Осы бәсекелерде де Қазақстанның көшбасшы шаңғышысы жүлдеге таласа алады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).