Алексей Цой: Қазақстан – медициналық инновациялар хабы болуға қабілетті

Фото: ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының жетекшісі Алексей Цой халықаралық Digital Bridge форумының аясында өткен «Денсаулық сақтау 2030: Қазақстан импортқа тәуелділіктен медициналық шешімдерді экспорттауға қалай өте алады?» атты панельдік пікірталаста негізгі спикерлердің бірі болды.

Өз сөзінде Алексей Цой елімізде медициналық туризмнің дамып келе жатқанын және шетелде мойындалған бірқатар инновациялық технологиялардың енгізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазақстан – уранның басты өндірушілерінің бірі. Мемлекет басшысы радиофармацевтика саласын дамытуды стратегиялық басымдық ретінде айқындады. Бұл бізге жоғары сапалы радиофармацевтикалық препараттарды экспорттау мүмкіндігін береді», – деді ол.

Фото: ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы

Сонымен бірге Медорталық басшысы Қазақстанның клиникалық зерттеулер саласындағы әлеуетіне тоқталды. 

- Біздің медициналық базаларымыз JCI мен ISO халықаралық стандарттарына сәйкес аккредиттелген. Бұл зерттеулердің сапасына кепілдік береді және әлемнің жетекші биотехнологиялық компанияларымен серіктестікке жол ашады, – деді Алексей Цой.

Спикердің айтуынша, еліміз үшін жасанды интеллектіні дамыту ерекше маңызға ие. Қазақстанда кең көлемді деректер қоры мен жоғары деңгейдегі цифрландыру бар, бұл денсаулық сақтау жүйесін әлемдік стартаптарға ашық етеді.

«Маңыздысы – жаңа технологияларды сынақтан өткізе алатын реттеуші алаңдар құру. Медорталықта біз медициналық деректерді өңдейтін серверді іске қосып, жасанды интеллект негізінде диагностика мен емдеудің инновациялық хаттамаларын сынауды жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Фото: ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы

Осы орайда Алексей Цой отандық MIRAI TECH стартапының мысалын келтірді. Компания әзірлеген «ақылды табандықтар» жүріс-тұрысты талдап, жасырын патологияларды анықтауға және оңалтудың тиімділігін арттыруға көмектеседі. Бұл өнім Медорталық ауруханасында қолданылып, Силикон алқабындағы Silkroad Innovation Hub акселераторының финалистері қатарына енді.

Пікірталастың интерактивті бөлімінде сарапшылар 2030 жылға арналған ықтимал сценарийлерді талқылады. Алексей Цой ең оңтайлы шешім ретінде жасанды интеллект қолдауымен онлайн-кеңес беруді атады – бұл технология қолжетімділігі мен дәрігердің кәсіби жауапкершілігі арасындағы теңгерімді сақтайды.

Сонымен қатар ол жасанды интеллектіні енгізуде этика мен ашықтық мәселелеріне тоқталды:

- Пациент цифрлық шешімдердің дәрігердің біліктілігін толықтыра түсетініне сенімді болуы тиіс. Денсаулық үшін тек баға мен жылдамдық қана емес, шешімді кәсіби маманның қабылдап отырғанына деген сенім де маңызды. Тек сонда ғана инновацияларды қоғам оң қабылдайды, – деді ол.

Фото: ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы

Қорытындылай келе, Алексей Цой Медорталықтың инвесторлар мен әзірлеушілер үшін ашық екенін жеткізді.

«Біз студенттерді, стартаперлерді, компанияларды қолдаймыз, деректер қорына қолжетімділік ұсынамыз және жаңа өнімдердің жасалуына жағдай жасаймыз. Қазақстанның әлемдік деңгейдегі медициналық инновациялар орталығына айналуға барлық мүмкіндігі бар», – деп түйіндеді Медорталық басшысы.

Осыған дейін Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы өтіп жатқаны туралы жаздық.

Аталмыш жиынды ашқан президент оның өте маңызды пікір алмасу алаңына айналғанын айтты.