Мұнан бөлек, жаһан жұртшылығын елең еткізген келеңсіз оқиға Ауғанстанда, Иракта орын алды. Нақтысын айтсақ, Кабулда орналасқан Американ университетіне шабуыл жасалып, Иракта 36 адам өлім жазасына кесілді. Әрине, дөңгеленген дүниеде жағымды жаңалықтар да бар. Мұның қатарына Латын Америкасында өткен 31-ші жазғы Олимпиада ойындарының жабылу рәсімін жатқызуға болады.
Италиядағы жер сілкінісі
Сәрсенбі күні таңсәріде Италияның дәл орталық бөлігінде қуатты жер сілкінісі орын алды. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметтеріне сәйкес, қуаты 6,2 баллға тең жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 3:36-да орын алған. Ал зілзала кіндігі Рьети өлкесінде, 4 шақырым тереңдікте тіркелген.
Итальялық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, негізінен Аматриче, Пескара-дель-Тронто және Аккумоли сынды таулы аймақтарда орналасқан елді мекендер барынша зардап шеккен. Италияның орталығындағы зілзала белсенділігі әлі де басылар емес, жұма күні де өз тіршілігінен сыр беріп жатты.
Табиғи апаттан зардап шеккен аудандарға жергілікті билік арнайы техникамен жабдықталған әскери бөлімшелер, сонымен бірге гуманитарлық көмек пен алғашқы кезекті қажетті дүниелер жөнелтті.
Алты мыңға жуық адам қатысып жатқан құтқару операциялары күні-түні жүргізілуде. Бұл ретте айта кетерлігі, апаттық құтқару қызметтері қирандылар астында тірі қалған адамды табуға еш мүмкіндіктің қалмағандығын ашық айтып отыр.
Елдің Азаматтық қорғаныс қызметі мәліметтеріне сүйенер болсақ, жер сілкінісі салдарынан кемінде 290 адам қаза тауып, тағы да 400-ге жуығы түрлі деңгейде жарақат алып, аурухана төсегіне таңылған. Қирандылар астынан 240-тан астам адам құтқарылды. Екі мыңнан астам адам баспанасыз қалып, қазіргі кезде уақытша орындарға қоныстандырылған.
Италия Үкіметі алғашқы көмек ретінде 50 млн. еуро бөліп отыр және жер сілкінісінен зардап шеккендерге салықтық жеңілдік жарияланатындығын мәлімдеді. Елде қаза тапқандарды ұлттық аза тұту күні жарияланды.
Италия прокуратурасы таяуда ғана салынғанымен жер сілкінісі кезінде қираған жаңа құрылыс нысандарын салушылардың үстінен бірнеше істің қозғалғандығын мәлімдеуде.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та әлем көшбасшыларымен бірге Италия Республикасының Премьер-Министрі Маттео Ренциге жер сілкінісіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда Елбасы Апенин түбегінің орталық бөлігіндегі жер сілкінісі салдарынан адамдардың қаза болғаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдағандығын баса айтып, қайғыға ортақтасып, қаза болғандардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті достас Италияға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізіп, табиғат апатынан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Кабулдағы Америка университетіне шабуыл жасалды
Еуропа жұртшылығы Италиядағы жер сілкінісіне алаң болып отырғанда Кабулдағы Америка университетіне лаңкестік шабуыл жасалды. Бірден айта кетерлігі, содырлар ең алдымен ғимаратта жарылғыш затты іс қосқан. Алайда, ғимаратта болған адамдардың басым бөлігі қосымша есік арқылы қашып шыққанымен іште қалып қойғандардың да қарасы қалың болды.
Осыдан кейін университет орналасқан ауданды жергілікті күш-қуат құрылымдары қоршауға алған. Кабул полициясы бастығы Абдурахмон Рахимидің айтуынша, іле-шала әскери қызметшілер лаңкестердің көзін жою операциясына кіріскен.
Ал Би-би-си ақпараттарына сәйкес, ғимаратты азат ету операциясы шамамен 10 сағатқа созылған. Бейсенбі күні таңертең Кабул полициясының қылмыстық іздестіру бастығы Фрайдун Обайди ғимаратты азат ету операциясының табысты аяқталғандығын жария етті. «Біз ғимаратты тазалау жұмыстарын аяқтадық. Шабуылдаған екі адамның көзі жойылды», - деді ол.
Содырлардың шабуылы салдарынан 13 адам қаза тапты, оның 7-еуі студент екендігін айта кету керек. Мұнан бөлек, 3 полиция мен 3 күзетшінің қаза болғандығы белгілі. 35 студент пен 9 полицей жарақаттанып, шамамен 750 студент пен қызметкер құтқарылған.
Айта кетерлігі, әлі күнге дейін бірде бір лаңкестік топ бұл қылмыс жауапкершілігін мойнына алған емес. Дегенмен, жергілікті билік бар кінәні «Талибан» қозғалысынан көріп отыр.
36 лаңкес өлім жазасына кесілді
Жексенбі күні ирак билігі 2014 жылы Кэмп Спичер атты бұрынғы америкалық базада жаңадан әскер қатарына келген 1700 жауынгерді өлтірді деген айыппен түрмеге тоғытылған 36 адамға қатысты өлім жазасы үкімінің орындалғандығын жария етті.
2016 жылдың ақпанында 40 адам қанды қырғынға қатысы бар деп танылып, өлім жазасына кесілген еді. Соттың ең жоғарғы төрелігі де бұл шешімді құптап, 14 тамызда Ирак президенті 36 адамды өлім жазасына кесу туралы жарлыққа қол қойды.
«Бүгін таңертең Эн-Насирия қаласындағы түрмеде Спайкер қырғыны деп аталатын қылмысқа қатысы бар 36 сотталушыға орай үкім жүзеге асырылды», - деп хабарлады Франс Пресс агенттігіне Ди-Кар өлкесі губернаторының өкілі.
Өлім жазасына кесілгендердің үкімі орындалған сәтін олардың ондаған туған-туыстарымен қатар сол өлкенің губернаторы, Ирак әділет министрі тамашалады.
Парсы шығанағындағы америкалық жауынгердің құрметіне орай Кэмп Спичер деп аталған әскери база солдаттарын ДАИШ лаңкестік собының содырлары қырып салған болатын. Базада ирактық әскери қызметшілер қызмет еткен. Содырлардың қоршауында қалған әскери қызметшілер берілуге мәжбүр болған. Содырлар тұтқынға түскендердің арасынан шиіттерді іріктеп, жүк көліктеріне тиеп алып, айдалаға апарған. Содан кейін оларды өлтіріп, алдын ала қазылған орға көмген.
2014 жылы содырлар дәл осы қырғын бейнеленген суреттер мен қатар бейне түсірілімдерді жария еткен еді. Араға бір жыл уақыт салып, жауынгерлердің көмілген жері табылды.
XXXI Олимпиада ойындары жабылды
Жексенбіден дүйсенбіге қараған түнде әлем жұртшылығына кеңінен танымал Рио-де-Жанейроның «Маракана» стадионында 31-ші жазғы Олимпиада ойындарының жабылу салтанатты өтті. Салтанатты шара әр ұлттық мемлекеттік ту ұстаған жеңіл атлетшілердің шеруімен басталды.
Әдеттегідей, Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах жүлделі орынға ие болған марафоншыларға медальдар табыстады. Сонымен қатар Халықаралық олимпиада комитеті жаңа мүшелерінің есімдері бұқараға жария етілді.
Риодағы Олимпиада ойындарының ресми жабылу рәсімі спорттық шараға қатысқан елдердің туларының көтерілуімен, Олимпиада ойындарына түрткі болған Грекияның және келесі жазғы ойындарды қабылдаушы жапон елінің әнұранының орындалуымен жалғасты.
Олимпиада оты ресми сөндірілгеннен кейін Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах төрт жылда бір рет келетін спорттық шараның ресми түрде аяқталғанын жария етіп, 2016 жылғы ойындардың өтуіне өз үлестерін қосқан ұйымдастырушылар мен еріктілерге ризашылығын білдірді.
Айта кетерлігі, бейресми жалпыкомандалық есепте 121 медаль (46 алтын, 37 күміс және 38 қола) иеленген АҚШ құрамасы көш бастады. Екінші орынға Ұлыбритания орналасса (67, 27-23-17), үздік үштікті Қытай (70, 26-18-26) түйіндеді.
Қазақстан құрамасы да жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Бейресми жалпыкомандалық есепте Қазақстан 22-ші орынға жайғасты. Біздің спортшылар 3 алтын, 5 күміс және 9 қола медаль еншіледі.