ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Adios, Comandante! «Өтінемін, менің өлуіме жол бермеңдерші» - Уго Чавес

АСТАНА. 9 наурыз. ҚазАқпарат - Сейсенбі, 5 наурыз күні Боливарлық Венесуэла Республикасының 47-ші президенті Уго Рафаэль Чавес Фриасты ұзаққа созылған ауыр науқас алып тынды. Бүкіл Венесуэла халқының зор сүйіспеншілігіне бөленген алып тұлғаның жүрек соғысы тоқтады.

Ел президенті Уго Чавестің қаза болғандығын ұлттық телеарнаның тікелей эфирінен Венесуэланың вице-президенті Николас Мадуро көзіне жас ала отырып жария етті. Коменданте соңғы 2 апта бойы химиялық терапиямен емделіп жатқан Каракастағы әскери госпиталде өмірден өтті.

Экс-көшбасшының өмірінің соңғы минуттарында қасында болған президент күзетінің басшысы оның: «Менің өлгім келмейді. Өтінемін, менің өлуіме жол бермеңдерші», деген соңғы сөздерін жария етті. «Ол сөйлей алмады. Бірақ мен оның ернінен: «Өтінемін, менің өлуіме жол бермеңдерші», соңғы тілегін оқи алдым», дейді генерал Хосе Орнелья.

59 жастағы Уго Чавестің өмірден өтінуінің ресми себебі ауқымды инфаркт екендігі айтылуда. Соңғы 2 жылдың ішінде ол ауыр онкологиялық ауруға шалынуына байланысты төрт мәрте ота жасатқан еді. Ал өткен жылдың желтоқсан айынан бастап бұқара алдына шығуын тоқтатқан болатын.

Венесуэлада жеті күндік аза тұту күні жария етілді. Сонымен қатар көптеген латын және оңтүстікамерикалық елдерде, Беларусьта мемлекеттік ту төмен түсірілді. Билік шешіміне сәйкес Уго Чавестің мүрдесі бальзамдалып, Төңкеріс мұражайына барлығы көру үшін қойылатын болады.

Кеше Каракастағы Венесуэла әскери академиясының ғимаратында боливарлық революция көшбасшысымен бақұлдасудың мемлекеттік шарасы өткізілді. Оған Венесуэланың ұлттық элитасынан бөлек 32 мемлекеттің басшысы, сонымен қатар 20-дан астам елдің жоғарғы деңгейдегі өкілдері қатысты. Бір минуттық үнсіздікпен еске алу арасындағы үзілістерде «Чавес өлген жоқ, ол біздің әрқайсымызда көбейе түсті» деген сөздер мәнерлеп айтылып тұрды.

Осы шара барысында президент міндетін уақытша атқарушы болған Николас Мадуро коменданте Чавестің ісін одан ары жалғастыруға ант берді. Дәл осы адамды Уго Чавес өзінің мұрагері болатындығын айтқан еді. «Чавес қалдырған мұра барша әлем үшін құндылыққа ие. Ол бүкіл өмірі бойы өзі қорғап өткен кедейлердің жан-жүрегінде мәңгі сақталады», - деді Н.Мадуро.

Елдің уақытша басшысы Венесуэланың барлық боливарлық күшін елдің конституциясы негізі мен Уго Чавестің саяси мұрасы төңірегіне топтасуға шақырды.

«Біз бақытсыздыққа ұшырағандарды қорғауды, мұқтаждарға азық беруді және ұлы отан құруды жалғастыратын боламыз. Коменданте президент Чавестің миссиясы орындалды! Күрес жалғасады!», - деді Н.Мадуро.

Дегенмен, Венесуэла оппозициясы да уақыттарын текке өткізіп жатқан жоқ. Қазірдің өзінде ел конституциясына сәйкес 1 айлық мерзім ішінде өтетін мемлекет басшысын кезектен тыс сайлауына түсетін жалғыз кандидаттың есімін жария етіп үлгерді. Ол - «Ең алдымен әділдік» партиясының мүшесі әрі Миранда штатының губернаторы Энрике Каприлес.

Венесуэланың саяси оппозициясы елде ахуалды өз тараптарына аударуға зор мүмкіншілікке ие болып отыр. Соңғы президенттік сайлау науқаны барысында Э.Каприлес сайлаушылардың 45, ал У.Чавес 55 пайыз дауысын жинаған болатын. Айта кетерлігі, оппозицияның негізгі электораты орта санат, бизнесмендер және әлеуметтік қамтылған адамдар, ал коменданте жақтастарын халықтың кедей бөлігі мен бюджеттік сала жұмысшылары құраған болатын. Сонымен қатар Чавеске көп жағдайда оның ерекше дарындылығына бола электораттардың басым бөлігі дауыс бергендігін ескерген жөн.

Қазіргі уақытта басқа кандидаттармен салыстырғанда Э.Каприлес тұлғасы ерекшеленіп отыр. Өйткені, оның елдің ірі әрі экономикалық дамыған штатын басқарудағы зор тәжірибесі бар.

Елдің қазіргі саяси бағытын сақтау жолындағы жалғыз үміт - жаңа президентті сайлау науқанын осы 30 күннің ішінде жедел өткізу. Мұндай сценарий оппозицияға тым тиімсіз. Себебі алғашқы кезеңде халық еріксіз жалпыға ортақ аза тұту жетегінде кетеді. Н.Мадуро қазірдің өзінде көпшіліктің басын қосуға қадам жасап, «елдің империалистік жауы» өмірден озған президентке қасақана қатерлі ісік ауруына шалдықтырғандығын мәлім етті.

Қазіргі заманғы көпполярлы әлемде Венесуэла көмірсутектің мол қорына ие мемлекет болуымен ғана емес, сонымен қатар АҚШ пен «әлемдік капитализм» үстемдігіне қарсы тұруымен ерекшеленді. Ал оны мұндай дәрежеге Уго Чавес жеткізген болатын. Революционер, бүлікші, диктатор әрі жарылқаушы - коменданте Ча тарихта дәл осы бейнеде қалмақ.