Еуроодақтың бейресми саммиті
Бейсенбі күні Еуропалық одақтың мемлекет және Үкімет басшылары ЕО-ның бейресми саммиті отырысына қатысу үшін Брюссельге жиналды. Айта кетерлігі, алқалы жиын белгіленген мерзімінен үш сағатқа кешігіп басталды. Өйткені, жиынға қатысушылар Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция Президенті Франсуа Олландтың Минскідегі келіссөздерден оралуын күткен еді.
Еуропалық көшбасшылар кездесуінің шарықтау шегі ЕО саммитіне Грекия Премьер-Министрі Алексис Ципрастың бірінші рет қатысуы болды.
Брюссельде өткен пікірсайыстардың нәтижесінде А.Ципрас пен Еуротоптың көшбасшысы Йерун Дейселблум «техникалық деңгейдегі» сұхбатты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Грек үкіметінің басшысы өз тарапынан Афинаға қосымша кредит беру туралы «өзара тиімді» келісімшарт жайы ағымдағы жылдың 16 ақпанында өтетін Еуротоптың отырысы нәтижесінде белгілі болатындығына сенім артатындығын білдірді.
ЕО-ның бейресми саммиті аясында талқыға түскен тақырыптардың бірі Минскідегі «норманд форматындағы» соңғы кездесу аясындағы «украиндық дағдарысты» талқылау болды. Еуропалық көшбасшылар бейбіт процесстің одан ары жалғасатындығына үміт артты.
Йемендегі АҚШ елшілігіне шабуыл жасалды
Сәрсенбі күні «Ансар Алла» қозғалысының бүлікшілері Йемен Республикасы астанасы Сана қаласындағы АҚШ елшілігін тонап, дипломатиялық өкілдіктің 20 автомобилін айдап кетті.
Еске келсе, бұдан сәл ертерек бұрын, АҚШ қауіпсіздік шараларына орай елден өз азаматтарын қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылдаған болатын. Мұндай қадамға американдықтар қала көшелерінде қарулы бүлікшілердің шолғындай бастауына орай барған еді.
Таратылған ақпараттарға қарағанда, Йемендегі АҚШ елшілігін қорғаған американдық әскерлер өз отандарына оралмас бұрын барлық қару-жарақтың көзін жойған. Батыстық БАҚ-тардың таратқан ақпаратына қарағанда, Санадан АҚШ дипломаттарымен бірге Орталық барлау, әскери барлау қызметтерінің қызметтері де қайтқан. Олар бұл елде «Арабия түбегіндегі Әл-Каида» тобына қарсы операциялар жүргізген.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жайт халықаралық лаңкестікпен күрестегі күш-жігерге байыпты кедергі келтіріп отыр.
Жұма күні АҚШ-тан кейін Йемендегі Франция, Ұлыбритания және басқа да бірқатар араб елінің дипломатиялық миссиялары жұмыстарын тоқтатты.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта Йемен билігі шииттік бүлікшілердің қолында. Олар елдің Президенті мен Үкімет басшысын тақтан тайдырған болатын. Соңғы апта бойы Йеменнің түрлі саяси күштері БҰҰ өкілі Джамал Беномараның қатысуымен елдің жаңа билік органын құру үшін келіссөздер жүргізгенімен, нақты келісімге келе алмай отыр.
«Коста Конкордия» кемесінің капитаны 16 жылға сотталды
Сәрсенбі күні Италияда «Коста Конкордия» кемесінің капитаны Франческо Скеттино ісі бойынша сот соңғы шешімін шығарды. Сот оны кінәлі деп тауып, 16 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар ол кеме апатында қаза тапқан адамдардың туған-туыстарына бірнеше миллиондаған айыппұл төлеуге міндетті. Бұған қоса, ол кез келген лауазымды қызметті атқара алмайтын болды.
Айта кетерлігі, Ф.Скеттино өзіне тағылған барлық айыпты мойындамай отыр. Сондай-ақ өзімен бірге сот алдында қауіпсіздік нормаларын сақтамаған адамдардың барлығы жауап беру қажеттігін баса айтты.
Естеріңізге сала кетсек, 2012 жылдың 12 қаңтарында «Коста Конкордия» кемесі Джильо аралы маңында қайраңдап, апат салдарынан 32 адам ажал құшқан болатын.