ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: «Әл-Кайеда» Африка үшін күресте белсене түсті, Алжирде адамдар кепілге алынды

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат -Африканың батысы мен солтүстігіндегі ахуал барған сайын шиеленісіп келеді. Малидегі үкіметтік күштер мен «Әл-Кайеда» исламшылары арасындағы қақтығыс іс жүзінде бір мемлекеттің аясынан шығып кетті.

Белгілі болып отырғандай, 11 қаңтар күні Париж Мали билігіне көмек беру мақсатымен, яғни «Ансар ад-Дин» исламшылдар тобы содырларының елге ықпал ету ауқымын кеңейтуіне тосқауыл қою үшін әскери бөлімшесін кіргізген еді. Қаңтар айының басында содырлар бүкіл елдің 50 пайыздан астам аумағына өз биліктерін жүргізіп, таяу аралықта Мали астанасы Бамаконы басып аламыз деп қоқан-лоқы жасаған болатын. Бүгінгі таңда экстремистерге қарсы бағытталған операцияға батысафрикандық мемлекеттердің экономикалық қоғамдастығына мүше елдердің әскери қызметкерлері де қатысуда.

Бірлесе атқарған іс-қимылдар нақты нәтиже де бере бастап, бірнеше күннен кейін мали армиясы содырларды елдің орталық бөлігінен ығыстырып шығарды. Исламшылар үшін одан арғы болжам күңгірттене түсті. Өйткені француздық және африкандық контингенттер олардың күшін барынша әлсірете түсері сөзсіз. Ал бұл елдің солтүстігіндегі билігінен толығымен айырылуына әкеледі. Бұл реттегі лаңкестердің одан арғы іс-әрекеттері азаматтық нысандарды басып алу, кепіл ретінде адамдарды ұстап, өз талаптарын алға шығару болатындығы айқын еді.

Сәрсенбі, 16 қаңтар күні таңертең 20-ға жуық мали исламшылары Алжир мен Ливия шекарасынан шамамен 100 шақырым жерде орналасқан «In Amenas» газ кен орнында жұмыс істейтін «British Petroleum», «Sonatrach» және «Statoil» мұнай компанияларына тиесілі тұрғын үй кешеніне шабуыл жасады. Нәтижесінде шамамен 700 адам, оның ішінде 132 шетелдік кепілге алынды. Кепілге алынғандардың қатарында, алжирліктер, американдықтар, норвегиялықтар, француздықтар, ағылшындар және басқа да елдердің азаматтары бар.

Бұл іс жауапкершілігін «Әл-Кайеда» лаңкестері өз мойындарына алып отыр. Болжамды кепілге алушылардың бірі өзінің бейнеүндеуінде содырлардың Малидің солтүстігінен келгендігін әрі жергілікті экстремист Мохтар Белмохтардың басшылығындағы «Қанмен ант бергендер» бригадасының мүшесі екендігін айтады. Сәл кейінірек Алжир ішкі істер министрлігі де бұл ақпаратты қуаттап, шабуыл жасағандардың жергілікті тұрғындар екендігін, бірақ олардың барлығы да Мохтар Белмохтардың бұйрығымен іс-қимыл жасайтындықтарын хабарлады.

Содырлардың талаптары туралы тараған ақпарат сан-түрлі. Мәселен, бір нұсқаға қарағанда, олар алжирлік үкіметті Францияның әскери-әуе күштеріне әуе кеңістігін пайдалануға бергендігі үшін айыптап, осыған орай Мали ісіне француздықтардың әскери араласуын доғаруын талап еткен. Келесі нұсқаға сәйкес, содырлар алжир абақтыларында отырған жүздеген исламшыларға бас бостандығын беруді көтерген. Айта кетерлігі, олар егерде алжирлік армия шабуыл жасайтын болса, онда тұрғын үйлерді жаратындықтарын айтып, қоқан-лоққы жасады.

Дәл сол күні содырлар зауытта жұмыс істейтін шамамен 60-ге жуық алжирлікті босатты. Сонымен қатар исламшылар кепілге алынған шетелдіктерді алып Мали аумағынан кетуді жсопарап отырғандықтарын хабарлап, өздеріне қауіпсіз дәліз берулерін талап етті. Бұған жауап ретінде алжирлік билік лаңкестермен келссөздер жүргізуге ниетті еместіктерін ашық айтып, тұтқындарды босату бойынша арнайы операция жүргізуге тапсырма берді. Бірқатар БАҚ-тың хабарлауына қарағанда, бандиттер көліктермен кепілдерді алып кетуге талпынған. Бірақ алжирлік әскери-әуе күштері әуеден шабуыл жасаған. Авиашабуылдың нәтижесінде 35 кепіл мен 10 содыр қаза тапқан.

Кеше алжирлік БАҚ әскерилердің шамамен 570 кепілді, оның ішінде шамамен жүзге жуық шетелдікті тұтқыннан босатқандығын жария етті. Ал шамамен 30 шетелдік жұмысшының тағдыры белгісіз.

Алжирлік БАҚ мәліметтеріне қарағанда, басып алынған ғимарат аумағында содырлардың көзін жою операциясы кезінде 4 экстремист қолға түскен. Қалған лаңкестер берілуден бас тартқан соң арнайы мақсаттағы жауынгерлер олардың көзін жою шарасын бастаған. Қазіргі уақытта тұрғын үй кешені толығымен қорғалған. Өңдеу зауыты аумағында әскери опеарция жалғасуда.

Алжирде орын алған оқиғаға байланысты лаңкестер азаматтарын кепілге алған барлық елдің ұшақтары келді. Елде аталған елдердің елшілері, дипломатиялық және медициналық қызметкерлері жүр. АҚШ, Ұлыбритания, Норвегия, Жапония және басқа мемлекеттер азаматтарын қауіпсіз жерге көшіруде. Айта кетерлігі, кеше «ВР» компаниясы шетелдік компанияның бірнеше жүздеген жұмысшысы Алжирден бой тасалағандығын хабарлады.