ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Әлемнің 170-тен астам елі аштықпен және семіздікпен бірлесе күреспек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада әлемдік қоғамдастықтың назары Римде өткен тамақтану мәселелеріне арналған ірі халықаралық конференцияға ауды. Аталған алқалы жиында әлемнің 170-тен астам елінің өкілі қатысып, олар аштықпен және семіздікпен күрес жөніндегі іс-қимылдардың шектелмелі бағдарламасы мен саяси декларация қабылдады.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун конференцияға қатысқан делегаттарды келіссөздердің табысты аяқталуымен құттықтап, Рим міндеттемесі жаһандық азық-түлік жүйесін нығайтуға маңызды үлес қосатындығына сенім білдірді. «Бұл конференция - біздердің әлемдегі аштық пен асқа жарымаудың тамырын жоюға бағытталған күш-жігеріміздің жаңа кезеңі. Мен Үкіметтерді тамақтану мәселелері бойынша Рим декларациясы жөніндегі келіссөздердің және Іс-қимылдық шектелмелі бағдарламасының табысты аяқталуымен құттықтаймын», - деді Пан Ги Мун.

Халықаралық жиынға Рим папасы Франциск та үндеу жолдап, 172 елдің делегаттарын барлық азаматтар үшін азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етудегі міндеттемелерін сақтау үшін қолдан келер шараларды жүзеге асыруға шақырды.

«Барлығына да азық-түліктің жеткілікті болуына қарамастан тамақтану мәселесі ұлттық қауіпсіздік, жемқорлық және экономикалық дағдарыс сын-қатерлеріне байланысты ақпараттық бұрмалаушылықтың нысанына айналып отыр», - деді понтифик. Сонымен қатар тамақтың тек қана сатып алу-сату нысаны болып отырғандығына қынжылыс білдірді.

БҰҰ мәліметтеріне қарағанда, соңғы 20 жылда әлемде аштыққа ұшыраған азаматтардың саны 200 млн. адамға қысқарған. Дегенмен, әлі де болса 805 млн. адам ішкен асқа жарымай жүр. Бұл - ғаламшардың әрбір 9-шы тұрғыны. Бала өлімінің жартысына жуығы, нақты айтқанда, 45 пайызы қарны тойып, ас ішпеудің салдарынан орын алуда. 5 жасқа дейінгі 51 млн. бала тамақ жетіспеушілігі салдарынан жүдеп кеткен. Ал 17 млн. баланың, тіпті қабырғасы ырсиып, өлім аузында жүр.

Ғаламшардың 2 миллиардтан астам адамы микроэлементтердің, әсіресе А дәруменінің, йодтың, темір мен мырыштың тапшылығынан зардап шегуде. Ал бұған кереғар мына жайт та әлем жұртшылығын алаңдатуда. Өйткені, әлемде азық-түлік шығыны артып, семіздікке шалдығу белең алып келеді. Бүгінде 5 жасқа дейінгі 42 млн. баланың салмағы артып отырса, 500 миллионнан астам ересек адам семіздікке шалдыққан.

БҰҰ бас хатшысының сөзіне қарағанда, бүгінде әлемнің 100-ден астам дамушы елі 2025 жылға қарай аштықты жою жөнінде міндеттеме алып отыр. Сондай-ақ көптеген мемлекеттер семіздікпен бел шеше күресуге уәде беруде.

Римде қабылданған іс-қимылдың шектелмелі бағдарламасында «ашықтық түптамырына балта шабу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тамақтануды жақсарту» бойынша стратегия қарастырылған. Декларация мен Іс-қимылдың шектелмелі бағдарламасы ФАО-ға (БҰҰ-ның Азық-түлік жне ауыл шаруашылығы ұйымы) мүше мемлекеттер мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің қатысуымен өткен тартысты келіссөздердің нәтижесі десек те болады. Жиынға қатысушы елдер 1992 жылы Тамақтану мәселелері жөніндегі алғашқы халықаралық конференция өткен сәттен бастап аштықпен күресте маңызды жетістіктерге қол жеткізілгенімен прогресс жеткіліксіз әрі тең дәрежеде болмағандығын мойындады.

«Біз толыққанды тамақтанбаудың барлық формаларын жою үшін қажетті білімге де, тәжірибеге де, ресурстарға да иеміз. Үкіметтер бұл процессте өздеріне жетекші рөл алу қажет. Дегенмен, жаһандық тамақтанудың жақсара түсуіне азаматтық қоғам ұйымдары мен жеке сектордың қатысуымен жүргізілетін бірлескен күш-жігер тың серпін беруі тиіс», - деп мәлімдеді ФАО-ның бас директоры Грациану да Силва.

Рим декларациясы әрбір азаматтың қауіпсіз азық-түлікке қол жетімділік құқығын бекітеді. Декларацияның міндеттемелеріне, мақсаттар мен міндеттеріне сүйенген конференция қатысушылары Іс-қимылдың шектелмелі бағдарламасына тамақтану, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, даму және инвестиция салаларындағы 60 нақты ұсыныс қосты.

Іс-қимылдың шектелмелі бағдарламасы есептіліктің тиімді тетігін, оның ішінде тамақтануды жақсарту саласындағы мақсаттарға қол жеткізудегі прогрессті қадағалау механизмін де ұсынады. Қатысушы елдер 2025 жылға қарай нақты нәтижелерге қол жеткізуі тиіс. Оның ішінде аналар мен емшек жастағы және жасы кіші сәбилердің тамақтануын жақсарту, диабет, жүрек ауруы мен обырдың бірқатар түрлеріне шалдығу тәуекелдерін төмендету шаралары бар.