Кабулда журналистерге шабуыл жасалды
Сәрсенбі күні Ауғанстанның астанасы Кабулдың адам көп жүретін үлкен көшелерінің бірі Дар уль-Аманда жанкешті-лаңкес ішіне жарылғыш зат толтырылған көлігін жарып жіберді. Шахидтің басты нысаны Ауғанстандағы ең танымал «Толо ТВ» телеарнасының қызметкерлері мінген қызметтік автобус болған. Жарылыс салдарынан 8 адам қаза тауып, 24-і түрлі дене жарақатын алды.
Бұл лаңкестік жауапкершілігін «Талибан» содырлары өз мойындарына алып отыр. Есте болса, өткен жылдың қазан айында тәліптер «Толо ТВ» қызметкерлері мен басқа журналистер тарапынан көптеген қылмыстарға қатысты екендіктерін айтып, айыптағаннан кейін қоқан-лоқы жасаған болатын.
БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясының басшысы жанкешті-лаңкес шабуылын қатаң айыптай келе ауған халқы елдегі журналистика секторының даму аяқ алысына мақтануы тиістігін баса айтты.
«Қуғындау және зорлық-зомбылықпен қорқытудан азат мықты әрі тәуелсіз журналистика саламатты және лайықты демократиялық қоғам құру үшін барынша қажет», - дейді БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстандағы арнайы өкілінің орынбасары Тадамичи Ямамото.
БҰҰ-ның жоғары шенді диломаты елдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қауіпсіздігін және олардың өз ойларын еркін жеткізуін қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылдау қажеттігіне баса назар аудартты.
Пәкістан университетіндегі қанды қырғын
Сәрсенбі күні Пәкістанның солтүстік-батысында Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Чарсадд қаласында «Бача Хан» университетіне шабуыл жасалғаны белгілі болды. Содырлар оқу ордасына басып кіргенде олармен бетпе-бет келген университеттің қауіпсіздік қызметінің 4 қызметкері де оққа ұшқан. Дәл осы сәтте бірқатар студент қауіпсіз жерге қашып үлгергенімен, мыңдаған студент университет ішінде қақпанға түскен еді.
Кейбір деректерге қарағанда, шабуыл күні әдейі таңдап алынған. Өйткені, дәл осы күні есімі аталған университетке берілген пуштундық ақын Абдул Гаффар Ханды еске алуға арналған байқау өтуі тиіс болатын.
Содырлар шабуылдаған сәтте жоғары оқу орнының ғимаратында шамамен 3 мың студент және ақындар сайысына келген шамамен 600 қонақ болған.
Пәкістандық әскерилер мен полиция қызметкерлері содырлармен 6 сағат бойы соғысып, нәтижесінде 4 содырдың көзі жойылды. Бұқаралық ақпарат құралдарының деректеріне қарағанда, лаңкестердің шабуылынан кемінде 30 адам қаза тауып, 50-ден астам жарақат алған.
Жергілікті полиция бұл шабуылды "Техрик-и-Талибан Пәкістан" - "Талибан" террорлық қозғалысының пәкістандық қанатының содырлары ұйымдастырды деп отыр. БАҚ мәліметтеріне қарағанда, далалық командир Умар Мансур лаңкестік әрекетке өзінің қатысы бар екендігін мәлім еткен.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Пан Ги Мун лаңкестік шабуылды қатаң айыптап, қаза тапқандардың отбасыларына, сонымен қатар Пәкістан Үкіметі мен халқына көңіл айтты.
«Пан Ги Мун студенттерге, оқытушылар мен оқушыларға жасалған шабуылдың ешқандай да дәлелмен ақтауға болмайтындығын тағы да мәлімдеді. Жалпы білім алу құқығын қорғау қажет. Мектептер және басқа да білім беретін мекемелер қауіпсіз орын болуы тиіс және бұл ұстанымға құрмет көрсету керек», - делінген Пан Ги Мунның атынан оның баспасөз хатшысы жария еткен мәлімдемеде.
Бұқаралық ақпарат құралдары Пәкістан университетіндегі бұл шабуылды «екінші Пешавар» деп атауда. Есте болса, осыдан 1 жылдай уақыт бұрын Чарсаддтан 50 шақырым жерде орналасқан қаладағы әскери мектепте дәл осындай шабуыл орын алған. Ол кезде лаңкестік салдарынан 150-ден астам адам қаза тапты. Олардың басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер еді.