85-ші Женева автосалоны
Сейсенбі күні Швейцария астанасында 85-ші Женева халықаралық автосалоны басталды. Алдымен бұл автосалонның шығу тарихына келер болсақ, ол 1905 жылы алғаш рет 1200 шаршы метр алаңда ұйымдастырылып, келушілердің назарына не бәрі 37 көлік ұсынылған болатын. Ал бүгінде 70 000 шаршы метр алаңда өтетін автосалонда әлемдік қоғамдастықтың назарына автоиндустрияның соңғы жетістіктері саналатын бірнеше жүздеген көлік ұсынылады.
«ҚазАқпарат» оқырманына көпшілік назарына ұсынылған ең қызықты көлік түрлеріне қатысты ақпарат ұсынады.
Сонымен, «Audi» компаниясы екінші буын R8 суперкарын ұсынды. Жаңа көлік көлемі 5,2 литрлік 610 аттың күші бар V10 Plus қозғалтқышымен жабдықталған. Неміс конструкторларының айтуынша, R8 не бәрі 3,5 секундтың ішінде 100 ш/с дейін жылдамдықты арттыра алады. Суперкармен қатар, толығымен электр энергиясымен жүретін 462 аттың күші бар «Audi R8 e-tron» және «Audi R8 LMS» моделінің жарысқа арналған түрлендірілген түрі де таныстырылды. Бұдан бөлек, жол талғамайтын «Audi Q7 e-tron» көлігі де көпшілік назарына ұсынылды. Аталған көлік дизельмен және электр энергиясымен жүреді. Электр энергиясы 56 шақырымдық жолды еңсеруге толығымен жетеді. Бұл көлік 2016 жылдың көктемінде сатылымға шығарылмақ.
Ал «Bentley» компаниясы жаңартылған «Continental GT Speed» нұсқасын таныстырды. Әлемдегі ең жылдам британдық көлік жаңартылып, одан ары қуатын еселей түскен. Ендігі уақытта 635 аттың күші бар көлемі 6 литрлік W12 твин-турбо қозғалтқышты көлік сағатына 331 шақырымдық жылдамдықпен жүйткиді. Американдық «Ford» компаниясы барынша ықшамдалған «EcoSport» кроссоверін жртшылыққа көрсетті. Жаңа модельде дизайнерлер көліктің жүк салатын бөлігі есігіндегі қосалқы дөңгелекті алып тастаған. Ал оңтүстіккорейлік «Hyundai» компаниясы орташа көлемді «Tucson» кроссоверінің жаңа гибридті түрлендірілген түрін әлем назарына ұсынды. Британдық «Land Rover» компаниясы ықшамдалған «Evoque» кроссоверінің жаңа түрін таныстырды. Айта кетерлігі, бұл көлік ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап ресми сатылымға шығарылмақ.
Көлік 7 жиынтықталған нұсқасы болады, әзірше бағасы белгісіз. Женева автосалоны аясында жапондық алып компания «Mitsubishi» қоғам ұзақ күткен «Mitsubishi XR-PHEV II» кроссоверін таныстырды. Ал француздың «Renault» маркасы екінші буынның «Nissan Qashqai» моделі негізінде жасалған жинақы «Kadjar» кроссоверінің сипаттамасын жариялады. Автомобиль көлемі 1,5 литрлік трубодизельді, 1,6 литрлік дизельді және 1,2 литрлік бензинді қозғалтқышы бар үш түрін сатылымға шығармақ. Көліктің Еуропадағы сатылымы осы жылдың жазында басталады.
Чехияның «Skoda» компаниясы Женевада «MQB» фольксваген негізіндегі «Superb» лифтбегін жұрт назарына ұсынды. Көліктің жаңа нұсқасы бұған дейінгі маркаларымен салыстырғанда 80 миллиметрге ұзын. Сондықтан да көлікте жолаушылар үшін орын барынша ыңғайлы жабдықталған. Ал тағы бір онтүстіккорейлік «SsangYong» компаниясы «Tivoli» кроссоверін еуропалықар үшін алғаш рет паш етті.
Концерн жаңа көлікті 1,6 литрлік бензинді және 1,6 литрлік дизельді қозғалтқышпен ұсынып отыр. Немістің «Opel» компаниясы өкілдері автосалонға келушілердің назарына жаңа қалалық көліктің тұсауын кесті десек те болады. «Opel» брендінің негізінің қалаушылардың бірінің ұлының атына қойылған «Karl» көлігі кез келген азаматтың сатып алуына қолжетімді болмақ. Оның Германиядағы құны 9500 еуроны құрайды.
Барселонадағы халықаралық ұялы байланыс көрмесі
Осы дүйсенбіде, Барселонада Халықаралық ұялы байланыс көрмесі өз жұмысын бастады. Әдетте бұл әлемдік ауқымдағы жиынды Халықаралық ұялы байланыс конгресі деп те айтып жатады. Жалпы, бұл жиында әлемнің түпкір-түпкірінен ұялы байланыс операторларының басшылары, ұялы телефон компанияларының басшылары мен оны сатумен айланысушылар бас қосатындығы белгілі. Айта кетерлігі, іс-шараның басты қаһарманы - бүгінде кез келген адамның қолынан табылатын ұялы телефон екендігін айтсақ артық та емес. Көрме аясында ұялы байланыс саласында әлемдік алпауыт компанияға айналған «Samsung» жұртшылық назарына сыртқы қабы тұтастай металлмен қапталған «Galaxy S6» смартфонын ұсынды. Оған қоса, компания өткен жылғы «Samsung Galaxy Note Edge» смартфонының заңды жалғасы саналатын дисплейі сәл доғалданып келген «Galaxy S6 Edge» телефонын да таныстырды.
«Galaxy S6» смартфоны 5,1 дюймдік дисплеймен жабдықталған. Ақпараттарды сақтауға арналған жадысы - 32/64/128 Гбайт. Құрылғыда 16-мегапиксельдік камера бар. Сонымен бірге 5 мегапиксельдік камера арқылы да түсірілім жүргізуге мүмкіндік жасалған. Айта кетерлігі, жаңа «Samsung Galaxy S6 Edge» смартфоны GSMA Ұялы байланыс технологияларының халықаралық салалық қауымдастығынан «Үздік жаңа ұялы телефон, планшет немесе девайс» атты арнайы марапатына ие болды. Компанияның бұл сыйлыққа ие болуы тек биылғы жылы ғана емес. Есте болса, өткен жылы да «Samsung» компаниясы «Samsung Gear Fit» құрылғысы үшін осы марапатқа лайық деп танылған. Екі смартфон да 2015 жылдың 15 сәуірінен сатылымға түспек.