ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ажал сәлемдемесі
Орегондық жаналғыш
Бейсенбі күні таңертең АҚШ-тың Орегон Штатына қарасты Розбург қаласындағы Umpqua Community колледжінің аумағына үш тапаншасы мен бір мылтығы бар ер адам басып кірді.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, қаскүнем дәрісханаларға кіріп, студенттердің арасынан біреуін таңдап алып, одан қай дінді ұстанатындығын сұраған. Егер студент христиан дінін ұстанам десе, онда қылмыскер оның басына атып тастап отырған. Ал егер басқа дінді ұстанса, онда аяқтарынан атқан. Атыс басталғаннан кейін колледж ғимаратына полиция тобы мен бірнеше жедел жәрдем көлігі шұғыл жеткен.
Колледжде 16 мың студент білім алады. CNN хабарына қарағанда, студенттердің орташа жасы шамамен 38-ді құрайды. Айта кетерлігі, студенттердің шамамен 700-і ғана күндізгі бөлімде білім алса, шамамен 2500 студент қысқартылған күн шартымен оқыған. Ал қалған студенттер сыртай білім алады.
Білім ордасындағы атыстың салдарынан 10 адам, оның ішінде қаскүнемнің өзі қаза тапты. Оны полиция қызметкерлері атып тастады. 7 студент жарақат алды, оның үшеуінің жағдай тым ауыр.
Қылмыскер оққа ұшқаннан кейін құқық қорғау органдыр оның 26 жастағы жерілікті тұрғын Крис Харпер Мерсер екендігін жария етті.
Сәл кейінірек белгілі болғандай, ол бұл қылмысқа барардың алдында өз жоспарымен ғаламтор арқылы бөліскен. Қазіргі уақытта АҚШ-тың тергеу органдары оның әлеуметтік желідегі хаттарына сараптама жасауда.
Мерсер ғаламторда өзінің осындай қанды қырғын жасау ниеті бар екендігін, сол әрекеті арқылы «жаңалықтар кейіпкеріне» айналғысы келетіндігін атап өткен.
Айта кетерлігі, Америка Құрама Штаттарының Конституциясына енгізілген 2-ші түзету ел азаматтарына қару-жарақты еркін ұстап жүруге мүмкіндік береді. Сондықтан Президент Барак Обама Орегондағы қанды қырғынға байланысты сөз сөйлеп, ел конгрессін қару-жараққа бақылау жасау саласындағы заңнаманы қатаңдатуға шақырды.
Ажал сәлемдемесі
Сәрсенбі күні ҚХР-дың Гуанси-Чжуан автономды ауданының Лючжоу қалалық округіне қарасты Лючэн уезінде 17 жарылыс болды. Қуаты шағын бомба жедел-жеткізу сәлемдемесінің ішінде болған.
Жергілікті БАҚ таратқан ақпаратқа қарағанда, жарылғыш зат жергілікті госпитальде, қалалық базарда, сауда орталығында, автобус стансасында, түрмеде, үкіметтің өңірлік кеңсесінде, сонымен қатар шенеуніктерге арналған жатақханада орын алған.
Жарылыс орын алғаннан кейін Лючжоуда және іргелес қалалардың барлығында пошта операциялары тоқтатылды. Қала тұрғындарының қырағылығының арқасында 60-тан астам күдікті сәлемдеме табылып, олардың барлығы да сараптамаға жіберілді.
Дегенмен, қауіпсіздік шаралары нақты нәтиже бере алмады. Өйткені, бейсенбі күні 6 қабатты ғимаратта 17-ші сәлемдеме жарылды. Оның қуаты өте қатты болып, ғимарат жартылай бүлінсе, оған тақау тұрақтағы көліктер де зақымданды.
Бірнеше жарылыстың салдарынан 10 адам қаза тауып, 50-ден астам түрлі деңгейде жарақат алды. Билік бұл қылмысты жасады деп 33 жастағы Вэй Иньюннен күдіктенгенді. Ол сәлемдемелердің ішіне қолдан жасалған бомба салып, оны қаланың түрлі нүктелеріне жеткізген және үшінші адамның да көмегіне жүгінген. Айта кетерлігі, оның да жарылыстың бірі кезінде қаза болғаны белгілі.
«ДНК-ға және оқиға орнынан алынған материалдарға сараптама жүргізілгеннен кейін полиция күдікті, 33 жастағы жергілікті тұрғын Вэй Иньюнның жарылыстардың бірінде қаза тапқанын қуаттады», - делінген жергілікті БАҚ таратқан ақпаратта.
Кейбір ақпаратқа қарағанда, Вэй Иньюн мұндай қылмысқа тас қашайтын орынға байланысты көршісімен арадағы дау-дамайды жергілікті билік шешуге көмектеспегені үшін барған.