ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Б.Обама «ақсақ үйрек» атанса да, еліне пайда әкелу үшін қызмет етпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлем қоғамдастығының назары Америка Құрама Штаттарына ауған болатын. Өйткені, осы елде Конгрестің аралық сайлауы өткен еді.

Тартысты өткен сайлау барысында соңғы 7 жылда алғаш рет Республикалық партия Американың басты заң шығарушы органының 2 палатасына бірдей бақылау жүргізуге мүмкіндік алды. Ал бұл жайт АҚШ-тың іс басындағы президенті, демократ Барак Обаманы «ақсақ үйрекке» айналдырды десек те болады.

Сейсенбі, 4 қараша күні өткен АҚШ Конгресінің аралық сайлауында президент Барак Обаманың басты қарсыласы республикалық партия Сенатта да, Өкілдер палатасында да басым орынға ие болды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, республикашылдар жоғары палатадағы 100 орынның 52-ден 55-іне дейін, ал демократтар шамамен 46 орынды иеленбек. Бұған дейін республикашылар Сенатта 45, ал демократтар 53 орынға иелік еткен болатын.

Демократтардың өкілдері басым дауысқа ие болып келген Батыс Вирджиния, Оңтүстік Доката, Монтана, Арканзас, Колорадо, Айова, Солтүстік Каролина, сондай-ақ Канзас пен Кентукки сынды штаттар бұл жолы жүрісінен жаңылып, Сенатқа республикашылардың басшылық жасауына мүмкіндік беріп отыр. Айта кетерлігі, тағы 2 штатта жеңімпаздың есімдері жария етілмесе, тағы бір штатта сайлаудың екінші кезеңі өткізілетін болады. Демек, республикашылардың басымдықтарын арттыра түсуіне мүмкіндігі бар деген сөз.

Дәл осы аралықта құрама штаттарда губернатор сайлауы да өтті. Онда 36 штаттың тек 8-інде ғана демократтар жеңіске жетсе, 24 штатта республикашылардың мерейі үстем болды. Бұған қоса, әдетте Демкратиялық партия өкілдері ғана билігін жүргізетін штаттардың өзінде республикашылар жеңіске жетіп жатыр.

Өкілдер палатасына сайлаудың қорытындысына сәйкес, 174 орын демократтарға, ал 242 орын республикашыларға бұйырды. 435 орындық төменгі палатада басым дауысқа ие болу үшін 218 депутат жеткілікті.

Демократтардың мұндай сәтсіздікке ұшырауы президент Барак Обама рейтингінің құлдырауымен байланыстырылуда. Соңғы айлардың ішінде оның рейтингі рекордтық көрсеткішке, нақты айтқанда 44 пайызға төмендеп кетті. Президентке тағылған басты сын - экономикадағы табыстың болмауы және сыртқы саясаттағы табансыздығы. Нәтижесінде демократтар партиясының бірқатар мүшесі Б.Обаманы өздерінің сайлауалды шараларына шақырмады әрі оның танымалдығы төмен бастамаларынан жалтара бастады. Бұған қоса, оның бірқатар партияластары 2008 және 2012 жылдардағы сайлауда Б.Обамаға дауыс бердіңіз бе, деген сауалға халық алдында жауап беруден де бас тартты.

Әлеуметтанушылардың атап өтуінше, 2014 жылдың басында Б.Обаманың рейтингі 49 пайызды құраса, ал оның 2-ші рет президенттік лауазымға кірісер алдындағы көрсеткіші 60 пайыз болған еді. Сайлаушылардың 53 пайызы президент қызметін теріс бағалайтындықтарын айтуда. Американдықтардың тек 46 пайызы ғана президент АҚШ тұрғындарының проблемаларын түсінеді деп санайды. Сауалнамаға қатысқандардың 49 пайызы дағдарыс орын алған жағдайда Б.Обамаға сенуге дайын.

Осылайша, АҚШ-та өткен аралық сайлау қорытындысына сәйкес, 2015 жылдың қаңтарынан жұмысына кірісетін Конгрестің жаңа шақырылымына 2006 жылдан бері алғаш рет республикашылар толығымен бақылау жүргізетін болады. Бұл олардың 2 палатадағы барлық комитеттерге басшылық жасайтындығын әрі заңнамалық күн тәртібін белгілейтіндіктерін білдіреді. Мұндай келешек демократ президент Барак Обаманың алдағы 2 жылда Ақ үйдегі қызметіне біршама қиындықтар туындатуы мүмкін.

Саясаттанушылардың болжауында іс басындағы президент қарсыласының табысқа жетуі Конгресс пен Ақ үй арасындағы қарым-қатынасты қиындатуы ықтимал.

Бұл ретте республикашылар да президенттің басты бастамаларына тосқауыл қою ниеттерінің бар екендіктерін де жасырып отырған жоқ. Олардың қатарында еңбек төлемақысының төменгі деңгейін көтеру мен көші-қон реформасы бар.

Елді сыртқы саясатында да проблемалар туындауы мүмкін. Өйткені, республикашылардың табанды қадамдарды жақтайтындықтары белгілі.

Американдық БАҚ-тың жазуынша, республикашылар Конгрестің екі палатасына бірдей бақылауын жүргізген сәтте демократ Б.Обама мерзімінен тұрын «ақсақ үйрекке» айналады. Әдетте, мұндай лақап ат өзінің екінші мерзімінің қорытынды кезеңіне аяқ басқан АҚШ президентіне беріледі. Өйткені, президент өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін қызметінен кетуге тиіс әрі мемлекет басшысы лауазымына үміткер бола алмайды. Сондықтан да ол маңызды, серпінді шешімдер қабылдамайды.

Дегенмен, демократиялық партиясының сәтсіздікке ұшырағандығына қарамастан АҚШ көшбасшысы Барак Обама тіпті «ақсақ үйрек» ретінде де өз еліне пайда әкелу үшін жұмыс істей беретіндігін мәлімдеді. «Әлемдегі ең маңызды ұйымға - АҚШ үкіметі үшін, біздің армиямыз үшін, сонымен қатар біздердің дүние жүзінде жасап жатқан жақсы істеріміз үшін жауапты болу зор мәртебе», - деді Барак Обама.