Есте болса, 17 шілде күні кешкісін Украинаның әуе кеңістігінде ұшып келе жатқан MH17 бағытындағы Боинг 777 жолаушылар ұшағы 10 600 метрлік биіктіктен күрт төмендеп, Ресей шекарасына тақау тұста, Донецск облысының Снежное елді мекені маңында апатқа ұшыраған еді. Малайзиялық әуе кемесі «Амстердам-Куала-Лумпур» рейсін орындап келе жатқан-ды. Ұшақ бортында бес елдің 283 азаматы мен 15 экипаж мүшесі болды, олардың барлығы да қаза тапты.
Апат орын алған алғашқы сәттерде Украина президенті П.Порошенко бұл төтенше оқиғаны лаңкестік әрекетке балап, осыған орай ИКАО мамандары мен Нидерланды және Малайзия өкілдерін тарту арқылы комиссия құруға бұйрық берді.
Ұшақ өткен жылдың көктемінен бері өзін-өзі республика ретінде жария еткен Донецк облысы аумағында құлады. Бұл өңірде украиндық күш-қуат құрылымдары мен сепаратистік пиғылдағы жасақтар арасындағы қақтығыстар тынбай тұрғаны белгілі. Осы оқиғаға қатысты халықаралық қоғамдастықтың, оның ішінде Киев пен Мәскеудің реакциясы біржақты емес. Бұған жанжалдасушы тараптардың бірінің, тіпті үшінші күштің қатысы болуы жайында сөз қозғалуда.
Қазіргі уақытта сарапшылардың басым бөлігі ұшақ «жер-әуе» жүйесі снарядымен атып түсірілген деген қорытындыға келіп отыр. Мамандардың мәліметтеріне қарағанда, он мың метрлік биіктікте ұшып бара жатқан ұшақты «С-300» әуеге қарсы қорғаныс жүйесі, сонымен қатар «Бук» зениттік-зымырандық кешені ғана қағып түсіруге қауқарлы. Ал бұған дейін бұл өңірде орын алып жатқан қарулы қақтығыстарда кеңінен қолданылған зениттік-зымырандық кешендер үш мың метрлік биіктегі нысанды атып түсіре алмайды.
Дегенмен, негізгі қорытындыны апат орын алған орынды, ұшақ қирандыларын, қара жәшіктен алынған мәліметтерді, сонымен бірге аэроғарыштық түсірілім мәліметтері мен басқа да байқау жүйелерінің деректерін тығылықты зерттеп барып жасауға болады. Алайда, зымыранды кім атқандығы анықталмай қалатын сияқты. Өйткені, бұл өңірде жанжалдасушы тараптардың барлығы да кеңестік үлгідегі техникаларды пайдаланады.
Жұма күні өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында американдық, украиндық және ресейлік тараптар авиаапаттың орын алуына бір-біріне кінәлайтындықтарын ашық айтты. Мәселен, БҰҰ-дағы АҚШ өкілі Саманта Пауэр бұл қайғылы оқиғаны Ресейдің қолдауымен Донецск жасақтары жасады деген ойын ашық тілдірді. Ол сонымен қатар украидық дипломатқа қолдау білдіріп, Ресейді шекарадағы арандатушылық әрекеттерін тыюға шақырды.
Ал өз кезегінде, Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Виталий Чуркин бұл айыптауларды теріске шығарып, украиндық биліктің ұшақты ұрыс амалдары жүріп жатқан аумақтың әуе кеңістігіне бағыттағандығы туралы фактіге назар аударуға шақырды. Ол өз баяндамасында РФ Президенті В.Путиннің ұстанымын қолдайтындығын білдіріп, ұшақ Украина әуе кеңістігінде апатқа ұшырағаннан кейін сол ел жауапкершілікті мойнына алуы тиістігін баса айтты.
Отырыс қорытындысында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері барлық тараптарды ИАКО нұсқаулығына сәйкес бұл оқиғаны толық, тыңғылықты және тәуелсіз халықаралық тергеуге шақырған мәлімдеме қабылдады.
Сонымен қатар жұма күні Вашингтонда өткен баспасөз мәслихаты барысында АҚШ Президенті Барак Обама малайзиялық әуе кемесінің апатқа ұшырауына сепаратистік күштер бақылауында ұстап отырған аймақтан ұшырылған «жер-әуе» зымыраны себеп болғандығын мәлім етті. Ол өз сөзінде оларға қару-жарақ, тәжірибелі нұсқаушы және әуеге қарсы қорғаныс жүйесі түріндегі қолдау Ресейден келіп жатқанын атап өтті.
Ұшақ апатқа ұшыраған жерге келген ЕҚЫҰ байқаушылары ауданды зерттеп шығуға не бәрі бір сағат қана уақыт рұқсат ала алды. Қазіргі уақытта бұл аудандағы қауіптілік деңгейі артып отыр. Өйткені, жанжалдасушы тараптар дүркін-дүркін бір-бірін оқ астына алуда.
Бұл малайзиялық компанияның әуе кемелеріне қатысты орын алып отырған екінші қайғылы оқиға. Таяуда ғана осы компанияның Қытайдан ұшып шыққан Боинг ұшағы бірнеше сағаттан кейін радардан жоғалып кеткен болатын. Содан бері ол ұшақтың тағдыры беймәлім. Бақылаушылардың пайымынша, барынша жайлылығымен танымал әрі әуе компаниялары арасындағы рейтингтің барлық жұлдызына ие Малайзия әуежолдары осы екі қайғылы оқиғадан кейін нарықтан кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде Донецкідегі апаттан кейін компанияның акциялары құлдилап кетті.
Қорыта айтқанда, жолаушыларының үштен бірін балалар құраған әуе кемесінің апатқа ұшырау адамзат тарихындағы ең қайғылы төтенше оқиғалардың бірі болатындығы сөзсіз.