ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі «Боко харам» тобына қарсы іс-қимылдарды күшейтпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптадағы халықаралық ахуалда Нигериядағы «Боко харам» исламшыл тобының лаңкестік әрекеттерінің өрши түсуімен есте қалды.

Есте болса, сәрсенбі күні әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары 5 мамыр күні «Боко харам» экстремистік ұйымы содырларының елдің солтүстік-батысындағы Гамбору-Нгала қаласына сауытты көлікпен шабуыл жасағандығын жарыса жариялаған еді. Олар үйлерді, дүкендерді өртеп, жергілікті халықты оқ астына алған болатын. Жарты күнге созылған шабуыл салдарынан шамамен 300 адам қаза тауып, қаланың күл-талқаны шықты. Сонымен бірге осы күндері Камерунмен шекаралас аумақтағы көпір жарылып, 30 адам қаза тапқан-ды. Құтқарушылардың болжамынша, үйінді астында әлі де көптеген адамдар болуы мүмкін.

Джихаттың жаңа майданы

«Боко Харам» («батыстық құрылым - күнә» - аудармасы) - 2002 жылы құрылған радикалды діни қарулы ұйымның бейресми атауы. Оның ресми араб атауы «Пайғамбар ілімін таратуға және джихадқа берілген адамдар» деп аударылады. Бастапқыда олар батыстық білім беру жүйесінің елде таралуына кедергі келтірген еді. Бірақ 2009 жылдан бері Нигерияның солтүстігінде ислам мемлекетін құру мақсатын ұстануда. 2009 жылы бұл ұйымның тұңғыш көшбасшысы Мұхаммед Юсуф өлгеннен кейін «Боко харамға» Әбубакар Шекау басшылық жасайды.

Топ Нигерияның солтүстігінде зор қолдауға ие. Әсіресе, қайыршы күйге түскен ауыл тұрғындары бұл ұйымға жан-жақты қолдау білдіреді. Соңғы жылдары оның қызметі лаңкестік жасау, үкіметтік күш-құрылымдарға, бейбіт тұрғындарға, БҰҰ кеңселеріне шабуыл бағытына ойысып барады. Яғни, толықтай алғанда ұйым билікті қантөгіспен жеңіп алуға үмітті.

Бүгінде «Боко харам» ұйымы содырларының мойнында 2009 жылдан бері жазықсыз өлтірілген 3 мың адамның қаны бар. Тек 2013 жылдың өзінде ғана содырлар 1,5 мың адамды ажал құштырды. Ағымдағы жылдың ақпанында содырлар Нигерияның солтүстік-шығысындағы Буни-Яди қаласының мектеп интернатын өртеп жіберіп, соның салдарынан 29 оқушы бала қаза тапты.

АҚШ бұл топтың «Әл-Каида» ұйымымен байланысы бар екендігін жоққа шығармайды әрі АҚШ Конгресінің 2011 жылғы есебінде «Боко харам» «лаңкестік әрі қауіп төндіретін» ұйым ретінде аталды. Бүгінде оның Нигериядан тысқары аумақтағы белсенді іс-қимылдарын дәлелдейтін нақты айғақтар жоқ. Алайда, сарапшылар әлемдегі басқа да лаңкестік ұйымдармен олардың жұмыстарының үйлесімділігі болуы мүмкін екендігін айтуда.

Ұрланған оқушылар

Сәуірдің 14-інен 15-іне қараған түнде елдің солтүстігіндегі Борон штатының Чибок қалашығында «Боко харам» содырлары 12-15 жас аралығындағы 300-ге жуық оқушыны ұрлап кетті. Дегенмен, олардың тек 53-і қана содырлар қолынан қашып құтыла алды. Ал 4 мамыр күні Варабе ауылынан тағы 11 оқушы ұрланды. Сонымен бірге содырлар ауыл тұрғындарының малдарын, азық-түліктерін тартып алып кетті. Куәгерлердің айтуынша, түн ішінде келген қарулы содырлар жатақханада тұратын барлық бойжеткен қыздарға азық-түліктерді автобусқа тиеуге, одан кейін өздерінің де отыруына бұйрық берген. Ал жатақхана күзетшісі оққа ұшқан. Қазіргі уақытта 223 оқушының қайда екендігі белгісіз болып отыр.

Тәртіпті сақтауға қажетті қарулы күштің әрі заманауи байланыс құралдарының болмауы салдарынан Нигерияның солтүстік аудандарында үкіметтік күш-құрылымдар мұндай жайттарда жедел әрекет ету және бала ұрлаудың жолын кесу мүмкіндігіне ие бола алмауда.

Дүйсенбі күні халыққа жария етілген бейне үндеуде «Боко харам» тобының көшбасшысы оның тобы балаларды ұрлағандығын әрі қыздарға білім алудың еш қажеті жоқ, олар тұрмысқа шығулары тиістігін айтқан. Бұған қоса ол қыздарды сататындығын да ашық мәлімдеген.

Нигерия билігі ұрланған балаларды іздеуге барлық күш-жігерлерін жұмсайтындықтарын айтуда. Бірақ, әлі күнге дейін ұрланған бірде-бір қыз табылмады. Тіпті, олардың қай жерде болуы мүмкін екендігі турасында болжам да жоқ. Американдық ведомстволардың мәліметтерінше, бірқатар қыз көршілес Камерун мен Чад еліне жеткізіліп, ол жақта әрқайсы небәрі 12 АҚШ долларына сатылған.

Нигерия билігі қажетті ақпарат берген адамға 300 мың доллар көлемінде сыйақы да тағайындады. Бірақ, ұрланған балалардың ата-аналары мен штат тұрғындары биліктің бұл әрекеттері еш нәтиже бермейтіндігін, сондықтан сырттан көмек керектігін айтуда.

Дәл осы қылмыстар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында тыңғылықты қаралып, онда бала ұрлағандардың іс-әрекеттері айыпталды әрі оларды тез арада босату талап етілді. Бұған қоса, Қауіпсіздік кеңесі Нигерия үкіметінің іс-қимылдарын мақұлдап, халықаралық қоғамдастықты құтқару операциясын жүргізуге қол ұшын беруге шақырды.

Қазірдің өзінде Ұлыбритания, Франция және Қытай мемлекеттері Нигерияға көмек ұсынып отыр. АҚШ Президенті Барак Обама да Американың ұрланған қыздарды құтқару үшін «барлық мүмкіншіліктерін» сарқа пайдаланатындығына уәде етті. Қазіргі уақытта АҚШ-тан әскери қызметшілер тобы мен келіссөздер бойынша мамандар Нигерияға аттанғаны белгілі.