ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: «ДАИШ» Еуропада дүрбелең бастағаны ма?

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада әлем қауымдастығының назары Түркия астанасындағы лаңкестік пен «Volkswagen» автоконцерні төңірегінде туындаған дау-дамайдың тыңнан түлей түскеніне назар аударған болатын. Есте болса, өткен сенбіде Анкара шаһарында орын алған жарылыстың салдарынан бейбіт шеруге шыққан 99 адам мерт болып, 500-ден астамы түрлі деңгейде дене жарақатын алған болатын. Ал осы бейсенбіде Германия автомобиль өндірісінің алыбы «Volkswagen» компаниясы өз тарихындағы көліктерін кері қайтарып алуға бағытталған ең ауқымды шараның басталғанын жария еткен еді.

Анкарадағы дүрбелең

Сенбі күні түрік елінің астанасы Анкараның орталық темір жол вокзалы ауданында арасындағы жилігі не бәрі бірнеше секундты құраған қуатты екі жарылыс орын алды. Жарылғыш құрылғылар «Еңбек, бейбітшілік, демократия» шеруіне қатысушылар жиналған жерде іске қосылды.

Осы оқиғадан кейін Түркия Премьер-Министрі Ахмет Дәуітоғлы күш-қуат құрылымдары өкілдерінің қатысуымен шұғыл жиын өткізді. «Бұл қандай да бір топқа немесе саяси ұйымға қарсы жасалған шабуыл емес. Бұл толықтай алғанда біздің елімізге жасалған шабуыл», - деп мәлімдеді А.Дәуітоғлы.

Сонымен қатар елдің Премьер-Министрі орын алған шабуылды қарашаның 1-і күні өтетін ел парламентінде мерзімінен бұрын өтетін сайлауда дауыс беруі тиіс сайлаушыларға ықпал етуге бағытталған әрекет деп бағалайтындығын білдірді.

Осыдан кейін сайлауалды бағдарламаларын таныстыру үшін өңірлерге атанып кеткен саясаткерлер сапарларын доғарып Анкараға оралды. Елде лаңкестік әрекеттерден қаза тапқандарға құрмет көрсету үшін үш күндік аза тұту күні жария етілді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанға Анкара қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта қайғылы оқиғаның салдарынан бейбіт шеруге қатысқан көптеген жазықсыз азаматтар қаза тапқаны және зардап шеккені туралы хабарды Елбасы зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған. Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан бауырлас түрік халқына, қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Тергеу деректеріне сәйкес, Түркия тарихындағы ең қанды қырғынды 2 жанкешті жасаған. Оның аты-жөндерін полиция қызметкерлері лаңкестік орнынан алынған ДНК сараптамалары негізінде анықтап отыр.

Ресми деректерге сәйкес, лаңкестік әрекеттерден 99 адам қаза тапты. Түрлі деңгейде дене жарақатын алғандардың саны бес жүзден асып жығылады. Бұл лаңкестікті әзірше бірде-бір ұйым өз мойнына алып отырған жоқ. Дегенмен, түрік билігі негізгі күдікті ретінде «ДАИШ» содырларын нысанаға алып отыр. Бірақ, мұнан өзге де нұсқалар қарастырылу үстінде.

Белгілі болып отырғандай, екі жанкештінің бірі өткен жылдың жазында Түркияның Суруч қаласында лаңкестік ұйымдастырған «ДАИШ» ұйымының содыры Абдуррахман Алагоздың ағасы - Юнус Амир Алагоз. Екінші жанкешті де аталған лаңкестік топтың мүшесі Омер Дениз Дундар.

Тергеу органдары Анкара мен Суручтағы лаңкестік әрекеттер барысында пайдаланылған жарылғыш заттардың бірдей екендігін айтуда. Лаңкестік әрекеттерді тергеу әлі жалғасуда. Айта кетерлігі, Анкара соты бұқаралық ақпарат құралдарына лаңкестік туралы ақпараттарды жария етуге тыйым салды.

«Volkswagen» дауға қалды

Бейсенбі күні Германияның «Volkswagen» автоконцерні қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды төмендетіп көрсететін бағдарламамен қамтамасыз етілген, дизельді қозғалтқышы бар 8,5 млн. автомобилін кері қайтарып алуға шешім қабылдағанын жария етті.

«Volkswagen» концерні Германиядағы шамамен 2,4 млн автомобилін қоса алғанда, Еуроодақ елдеріндегі шамамен 8,5 млн. автомобилін кері қайтарып алады», - делінген концерннің ақпаратында.

Көліктерді кері қайтарып алу 2016 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Көліктердің ақауын жою шығындарын автоконцерн толығымен өз мойнына алады. Компания өкілдері «Volkswagen», «Audi», «SEAT» және «Skoda» автомобиль брендтерінің иелеріне хабарласады. Мұнан бөлек, көлік алған әрбір азамат темір тұлпарының кері қайтарылуға жататындығын не болмаса жатпайтындығын компания сайтынан да анықтай алады.

Шараның қанша мерзімге созылатындығын ешкім де айта алмайды. Өйткені, проблеманы шешудің әдісі көліктердің ерекшеліктеріне байланысты қиындықтар туындатады. Ең қарапайым шешім екі литрлік турбодизелді көліктерде. Себебі, мұндай машиналарға жаңа бағдарламалық қамтамасыз ету орнатыла салады. Ал моторының көлемі 1,2 және 1,6 литрлік көліктердің құрылымына техникалық өзгертулер енгізуге тура келеді.

Айта кетерлігі, американдық актер Леонардо Ди Каприоға тиесілі «Appian Way» продюсерлік компаниясы мен «Paramount Pictures» кинокомпаниясы «The New York Times» журналисі Джек Юингтің «Volkswagen» концерндегі дау-дамай туралы болашақта жазатын кітабын экрандауға құқық алды.

Естеріңізге сала кетейік, Германияның «Volkswagen» зауыты осы жылдың қыркүйек айында концерн автомобильдерінде экологиялық сынақтан өту барысында ауаны ластайтын шығарындылар көрсеткішін қасақана төмендетіп көрсететін бағдарлама анықталғаннан кейін дауға қалған еді.

Америка Құрама Штаттары елде 2009-2015 жылдары сатылған «Volkswagen» және «Audi» маркалы шамамен 500 мың көлікті концернге кері қайтарып алуға міндеттеген болатын. Мұнан бөлек, автогигант 18 млрд. доллар көлемінде айыппұл мен сот шығындарын өтеуі мүмкін.

АҚШ-тан бөлек Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінде концернге қатысты тергеу амалдары басталып кетті. Компания мәліметінше, бүгінде бүкіл әлемде «алақол» бағдарламамен қамтамасыз етілген көліктердің саны 11 млн-ға жуықтайды.

Осы оқиғадан кейін концерн басшысы Мартин Винтеркорн қызметінен кетті. Оның орнын «Porsche» компаниясының басшысы Маттиас Мюллер басты. Айта кетерлігі, таяуда ғана компанияның тағы бір топ-менджері, Skoda компаниясы басқармасының төрағасы Винфрид Фаланд та қызметімен қош айтысты.