Таиландта үш мәрте жарылыс болды
Дүйсенбі күні Таиланд астанасындағы Эраван индуистер ғибадатханасына тақау тұста, сауда орталықтары мен адамдар легі мол көше қиылысында жарылыс орын алды. Төтенше жағдай лаңкестік әрекет ретінде қабылданды. Өйткені, қолдан жасалған радиомен басқарылатын бомба іске қосылған еді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жарылғыш затты сары футболка киген бейтаныс азамат іске қосқан. Бангкок қаласының сыртқы бақылау камерасына индуистер ғибадатханасына қара сөмкесі бар жас жігіттің кіргені, бірнеше минуттан кейін оның сөмкесіз шыққаны түсіп қалған.
Таиланд билігі лаңкестік актіге қатысы бар күдіктіні тұтқындауға көмек беретін ақпарат үшін 85 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындалғанын жария етті. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, жарылысты тергеу барысында белгілі бір деңгейдегі ілгерілеушілік бар, бірақ, оның қандай ілгерілеушілік екендігі әзірше жария етілмей отыр.
Ресми деректер бойынша, жарылыс салдарынан 20 адам қаза тауып, шамамен 120 адам жарақат алған. Жарылыстан қаза тапқандардың басым бөлігі таиландтықтар. Көз жұмғандардың қатарында Ұлыбритания, Гонконг, Индонезия, Малайзия, Қытай және Сингапур азаматтары да бар.
Бұл шабуылға байланысты әзірше бірде-бір радикалды топ өз мойнына жауапкершілік алар емес. Тергеушілер күдіктінің жарылыс орын алғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда ел аумағынан бой тасалауы мүмкін деп санауда.
Бейсенбі, 18 тамызда тағы жарылыстар орын алды. Оның біріншісі темір жол бекетінде, екіншісі қала орталығындағы адамдар көп жиналатын орында іске қосылған. Абырой болғанда екі жарылыстан да адам шығыны жоқ.
Халықаралық Standard & Poor's рейтинг агенттігінің сарапшылары Бангкоктегі лаңкестік әрекеттер Таиландтың экономикалық өсім қарқынына кері әсерін тигізетіндігін айтуда. Қазірдің өзінде Бангкок биржасында Таиланд валютасы соңғы 6 жылдағы өзінің ең төменгі деңгейіне дейін құлдырады.
Каирдегі лаңкестік кетпек
Бейсенбі күні түнде Мысырдың Каир маңындағы Ұлттық қауіпсіздік агенттігі ғимараты жанына ішіне жарылғыш зат толтырылған көлік келіп тоқтады. Жүргізуші көлігін ғимаратқа кіре беріс жерде қалдырып, соңынан мотоциклмен еріп келген серігімен оқиға орнынан бой тасалаған. Біраз уақыттан кейін лаңкестер қалдырған көлік көкке ұшты.
Жарылыстың қуатты болғаны соншалық, оның дауысы қаланың бірнеше аудандарына естілді. Ал жарылыс толқыны таяу орналасқан ғимараттардың терезелерін күл-талқан етті. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жарылыс орнында диаметрі шамамен 5 метрлік, тереңдігі 1,5 метрлік шұңқыр пайда болған.
Каирдегі жарылыстан кейін бүкіл елде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Стратегиялық нысандар, үкімет және елшіліктер ғимараттары қатаң күзетке алынды. Ел астанасында шолғыншылар қатары күшейтіліп, негізгі автомобиль жолдарына полиция бекеттері қойылды.
Ресми деректерге сәйкес, оқиға салдарынан 29 адам, оның ішінде 6 полиция қызметкері зардап шеккен. Жарылыс жауапкершілігін «ДАИШ» лаңкестік ұйымымен байланысы бар «Синай өлкесі» тобы өз мойнына алып отыр.
Жаңа террорлық акті жергілікті билік лаңкестікпен күрес жұмыстарын күшейтіп отырған кезде орын алып отыр. Таяуда ғана Мысыр президенті мұндай қылмысқа жазаны қатаңдататын жаңа лаңкестікке қарсы заңға қол қойған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, маусым-шілде айларында Каирде екі лаңкестік оқиғасы орын алды. Шілде айындағы Италия Елшілігі жанындағы жарылыс жауапкершілігін «ДАИШ» экстремистік тобы өз мойындарына алған еді. Маусым айының соңындағы жарылыс президент сарайына тақау тұста орын алған.
Грекия Премьер-Министрі отставкаға кетпек
Бейсенбі күні Грекия Премьер-Министрі және «Сириза» билеуші партиясының көшбасшысы Алексис Ципрас ұлтқа арналған телеүндеуі барысында ел президенті Прокопис Павлокулосқа өзін және үкіметті отставкаға жіберу туралы өтініш беретіндігін жария етті. Министрлкр кабинеті басшысының бұл өтінішін қазіргі уақытта мемлекет басшысы қанағаттандырып та үлгерді.
Ципрастың пайымынша, грек халқы мемлекеттік қарыздарды есептен шығару және радикалды реформаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізу үшін жаңа үкіметке айқын мандат беру қажет. Кезектен тыс сайлаудың жария етілуі қаржылай көмектің үшінші бағдарламасы туралы халықаралық кредиторлармен келісімді ратификациялау мәселесі бойынша дауыс беруден кейін «Сириза» партиясы арасындағы алауыздықтың туындауымен де байланыстырылуда.
Таратылған ақпаратқа қарағанда, дауыс беру барысында «Сириза» партиясының 32 депутаты көмектің үшінші топтамасын қабылдауға қарсы болса, тағы 11-і қалыс қалған. Дегенмен, Ципрас оппозиция өкілдерін жаңа келісім жасасуға өз дауыстарын беруге көндіре алған.
Негізгі кредиторлармен жаңа келісім экономикалық қатаң шаралар және бюджет секторындағы ауыртпалықты реформаларлар жүргізуді көздейді. Ал осы келісімнің орнына Грекия үш жыл бойы 86 млрд. долларға дейін қаржылық көмек алуы тиіс.
Кезектен тыс парламенттік сайлаудың датасы әзірше ресми жария етілген жоқ. Дегенмен баспасөз бетінде оның 20 қыркүйекте өтетіндігі жайында ақпарат таралуда. Сайлау аяқталғанға дейін Грекия үкіметін конституцияға сәйкес елдің жоғарғы сотының төрағасы Василики Тану-Христофилу басқарады.