Дағдарыс ағымдағы жылдың өзінде-ақ белгі беретіндігіне ешкім де шүбә келтірмейді. Еуроаймақтағы жағдай жақсаратын түр көрсетпейді, сонымен қатар экономикасы көшбасшы саналатын АҚШ-та да әзірше сенімді өсім паш етіліп отырған жоқ.
Осылармен қатар жақындап келе жатқан жаһандық қатердің қауіптілігі араб әлеміндегі бірқатар елдерде сақталып отырған саяси шиеленіскен жағдаймен, әсіресе, Ирандағы жағдайдың бірқалыпты болмауынан күшейіп келеді. Егер де әлемдік экономикалық трендтердің өзін қалайда бір жолдармен болжауға әрі оған жауап ретінде нақты шаралар кешенін сәйкестіріп дайындауға болатын болса, ал саяси болжау жекелей алғанда одан да байсалды тәуекелдермен байланысты. Бұл ретте, ең бастысы, адами факторды болжау мүмкін еместігі басты тәуекел болып отыр.
Осы аптада шамамен әлемнің 40 елінің мыңдаған компаниялары мен ұйымдары Швейцарияның Давос қаласында ортақ алаңда бас қосты. Алқалы жиынға қатысушылар әлемдік саясат пен экономикада орын алып жатқан басты тенденцияларды талқылайды, оларды тиімді еңсерудің ортақ түсініктері мен әдіс-тәсілдерін табуға тырысып бағады. 25 қаңтарда, сәрсенбінің сәтінде басталған Бүкіләлемдік экономикалық форум 29 қаңтарға дейін жалғасады. Әртүрлі елдердің белді де беделді сарапшылары бас қосқан кездесудің басты тақырыбы «Ұлы транформация: жаңа модельдер қалыптастыру» деп жарияланған.
Ағымдағы жылы форумға рекордтық қатысушылар, нақты айтқанда 2,6 мыңнан астам адам жиналып отыр. Олардың қатарында Германияның федеральды канцлері Ангела Меркель, Ұлыбританияның Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон, АҚШ-тың қаржы министрі Тимоти Гайтнер, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Халықаралық валюта қорының таратушы директоры Кристин Лагард, Дүниежүзілік банкінің президенті Роберт Зеллик сынды танымал тұлғалар бар. Давос кездесуі барысында ондаған жалпы отырыстар мен семинарлар, сонымен қатар мемлекет қайраткерлерінің өзара кездесулері өтеді.
Бұл кездесулердің қаншалықты жемісті болатындығы әзірше белгісіз, дегенмен алғашқы күннің пікірсайысы қандайда бар бір әмбебап рецепт дайындаудың мүмкін еместігін айқын көрсетіп отыр. Әртүрлі елдердің өкілдері кезекті мәрте өзіндік ұстанымдарын жария етіп, болашаққа қатысты пайымдарын егжей-тегжейлі әңгімеледі, бірақ та бәріне ортақ пәтуаға келу мүмкін болмады. Тек қана қатысушылардың негативті болжамдары ғана бір-біріне ұқсас шығып жатты. Мәселен, сарапшылар таяу жылдардағы ықтимал сценарийлер қатарында экономикалық басқару жүйесінде қалыптасып отырған дағдарысты, жұмыссыздықтың кеңеюін, байлар мен кедейлер болып одан әрі жіктелуін, азық-түлік пен энергия ресурстарының тапшылығын және жекелеген мемлекеттер мен өңірлерде орын алған жаппай қарсылық қозғалыстарын атады.
Іс жүзінде кезекті күнтізбе кезеңінде әлемдік қоғамдастық бетпе-бет келіп отырған жүйелі проблемалар топтамасы адамзат қатерлі шекке жақындап келе жатқанын көрсетеді, одан кейін әлемдік құрылымдардың жаңа тәртіптері басталатын мүлдем басқа сілкіністер орын алуы мүмкін.
Бүгінде барлық халықаралық ойыншылар ие болып отырған табиғи ресурстар, комуникациялар, технологиялар мен тәжірибелер заманауи қатерлерді сәтті еңсеру үшін барлық жағдайды қалыптастырады.
Дегенмен бүгінгі пікірсайыстарға жетіспей тұрған бірегей әрі маңызы тетік - ол барлық елдер мен ұйымдар арасындағы бірлік пен бағалау ұқсастығы болып отыр. Бірнеше тарап қатысатын кез-келген іс-шараның сәтті өтуі әрқашан да олардың келісімге және бір шешімге келу мүмкіншіліктеріне тәуелді екендігі баршаға аян. Бүгінде әлемдік ойыншылардың іс-әрекеттері тек осы трендті қалыптастыра ғана алады.