ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Давостағы форум - бейресми үміт аптасы
Осы күндері дәл сондай пікірсайыстарды шоғырландырған алаңдардың бірі әлемге Давос форумы деген атаумен танымал жылсайынғы Дүниежүзілік экономикалық форум болды. Форумның негізін қалаушы әрі тұрақты жетекшісі Клаус Шваб 1971 жылы оны алғаш рет ұйымдастырып, Швейцарияға әлемнің жетекші бизнесмендері мен саясаткерлерінің басын қосқан кезден бастап, күнтәртібінде жаһандық проблемалардың кең спектрі, атап айтқанда экономикалық, әлеуметтік және саяси мәселелер егжей-тегжейлі талқыланатын ірі халықаралық ұйымға айналды.
Жыл сайын қаңтар айының соңғы күндері мен ақпанның басында Давос тау шаңғысы демалыс аймағында әлемнің ең ықпалды тұлғалары мемлекет, үкімет басшылары, ірі кәсіпкерлер, ғалымдар мен басқа да сарапшылар бейресми жағдайда бас қосып, халықаралық қарым-қатынастар ауқымындағы маңызды өзгерістердің болашағы турасында пікір алмасады, Давос саясаткерлер үшін жаңа мәлімдеме жасау мінберіне, ал ғалымдар үшін жаңа байланыстар мен жетістіктер алмасу орнына, қаржыгерлер үшін өз күш-қуатын саралап, болашаққа жоспар түзу алаңына айналған.
Қаңтардың 23-27-сі аралығында осымен 43-ші рет өтіп отырған жылсайынғы сессия «Тұрақты динамизм» ұранымен ұйымдастырылуда. Ағымдағы жылы форум аясында талқыға ұсынылған маңызды мәселер қатарында экономикалық өсімнің баяулауы, әлемнің жетекші экономикаларының турбуленттілігі, сондай-ақ экология бар.
Форумның негізін қалаушы К.Швабтың атап өтуінше, Дүниежүзілік экономикалық форумның басты мақсаты бизнес пен билік ұстанымын үйлестіруге ұмтылу және нақты шешімдер қабылдауға кірісуге жетелеу болып отыр. Оның атап өтуіне қарағанда, бүгінгі таңда жаһандық экономиканы сауықтырудың маңызды шарттарының бірі сенім атмосферасын қалпына келтіру болып табылады. Әлемдік экономикада жаңа дағдарыс туындай қалған жағдайда саясаткерлер мен бизнеске абайлап және де қырағы шаралар қабылдауы қажет.
Оның бағалауы бойынша қазіргі таңда табандылыққа не болмаса өмірлік күш-қуатқа ғана баса назар аудару жеткіліксіз. Бұл күш-жігерді біріктіріп, ынтымақтастық желісін құруға әрі оны барынша кеңейтуге ұмтылу қажет.
Осы тақырыптардан бөлек алқалы жиын барысында талқылауға ауаға зиянды заттар мен «парникті эффектілердің» артуына байланысты мәселе де ұсынылды. Сонымен қатар жаһандық желіде исламға қарсы материалдардың таралуы нәтижесінде жаппай қарсылықтардың ұшығуымен байланысты проблемалар да қозғалуда.
Айтпақшы, форум ашылар күні Ұлыбританияның Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон өзінің әлеуетті сайлаушыларына елдің Еуропалық одақ мүшелігіне қатысты мәселеге байланысты референдум өткізуге уәде берді. Ол елдің Еуропалық одақтан шыққандығын қаламайтындығын, бірақ Ұлыбританияның ЕО-ның белсенді мүшесі болып қалуы үшін ұйым барынша бәсекеге қабілетті әрі тиімді болу керектігін мәлімдеді. «Еуропалық одақ жылдамдықпен әрі икемділікпен іс-қимыл жасауға қабілетті болуы керек», - деді ол. Сонымен қатар ол отандастарын қандай жағдай болса да Ұлыбритания еуровалюта айналымы аумағына қосылмайтындығын баса айтты.
Мұндай мәлімдеме американдық және еуропалық іскерлік әлемі өкілдері тарапынан алаңдаушылық туындатып отыр. Дегенменде олардың басым бөлігі Премьер-Министрдің бұл сөздері 2015 жылы өтетін парламенттік сайлауда партиясының жеңісіне орай негізделіп отырғандығын түсінеді де.
Бірақ келесі күні-ақ Халықаралық валюта қоры мамандары тарапынан пессимистік мәлімдеме жасалды. ХВҚ мамандары өткен жылы Еуропада басталған рецессия ағымдағы жылы да өз жалғасын табады деп санайтындықтарын жеткізіп отыр. Қордың жаңа бағалауларына сәйкес, әлемдік экономикадағы ішкі жалпы өнім өсімінің қарқыны ағымдағы жылы бұған дейін күтілген 3,6 пайыз емес, 3,5 пайыз көлемін құрамақ. Бұл орайда айта кетерлігі, әлемді экономиканың тұрақты дамуына дәл осы еуроаймақ зор қатер төндіретін болады.