ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Дүниеде лаңкестік шабуылдар тыйылар емес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлемдік қоғамдастықта орын алған маңызды оқиғалардың барлығы да, өкінішке қарай, адамзат баласының жаппай өлімі мен зорлық-зомбылыққа ұшырауына қатысты өрбіді. Сәрсенбі күні Майндағы Франкфуртте шерушілер мен полиция қызметкерлері арасында туындаған қақтығыс салдарынан 220-дан астам адам жарақаттанды. Дәл осы күні «Ислам мемлекеті» содырлары Тунис астанасының орталығындағы музейді басып алып, онда келген адамдарды кепілге алды. Өтіп бара жатқан аптадағы тағы бір жантүршігерлік оқиға Йеменнен келіп жетті. Бұқаралық ақпарат құралдарының таратқан ақпаратына қарағанда, Йемен астанасында бірнеше лаңкестік әрекет орын алып, «Ислам мемлекеті» лаңкестерінің қолынан 400-ден астам адам мерт болды.

Майндағы Франкфурттегі тәртіпсіздіктер

Сәрсенбі күні Еуропалық орталық банктің басшысы Марио Драги немістің Майндағы Франкфурт қаласында қаржылық реттегіштің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашқан болатын. Айта кетерлігі, аталған ғимараттың құрылысы еуропалықтарды 1,3 миллиард еуроға шығындаған.

Ғимараттың ашылу рәсімі барысында құрамына солшыл белсенділер, анархистер мен жаһандануға қарсылық танытушылар кіретін Blockupy қозғалысының арандатуымен туындаған қақтығыстар болды. Дегенмен, Blockupy өкілінің айтуынша, бастапқыда бейбіт наразылық шеруі ұйымдастырылмақ болған. Аталған шараға Майндағы Франкфуртке Германияның түпкір-түпкірінен бес мыңнан аса, ал Италия, Грекия және Испания сынды басқа да елдерден мыңнан астам адам келген. Олар өздерінің наразылық шеруі арқылы Оңтүстік Еуропа елдері үшін қатаң экономика саясатына кейістік танытуға ниеттенген.

Сонымен, сәрсенбі күні таңертең ерте беттерін бүркемелеген адамдар тобы полция шебін бұзып өтіп, Еуропалық орталық банктің жаңа ғимаратына басып кірмек болды. Бұл шаруа кейбірінің қолынан келді де. Мәселен, альпинистік құрал-жабдығы бар бірнеше адам биік ғимаратқа өрлей шығып, «Капитализм өлтіреді» деген жазуы бар плакат ілген.

Осыдан кейін полиция шерушілерді кері ығыстырып, тіпті, адамдарға қарсы резеңке шоқпар, көзден жас ағызатын газ және су атқылайтын құрылғыны қолданған.

Шерушілер қарымта жауап ретінде құқық қорғашуларға қарата жол жиектеріндегі плиткаларды лақтырған. Ал, ахуалды одан ары ушықтыруға тырысқандар полицияға қарсы тосқауылдар орнатып, көлік дөңгелектерін өртеген. Сонымен қатар олар дүкендер мен дәмханалардың терезелерін қиратып, жол жиегінде тұрған көліктерді, оның ішінде полиция машиналарын да аударып өрт қойған.

Майндағы Франкфурттың орталығындағы тәртіпсіздіктер алып қаланың көптеген орамдарындағы көлік қозғалысына кедергі келтірді. Тіпті, қала билігі шерушілер бас қосқан аудандағы бірқатар автобус пен трамвайлардың, сонымен бірге метроның қозғалысына шектеу қоюға мәжбүр болды. Жаппай тәртіпсіздік орын алған аймаққа тақау маңдағы мектеп алды және орта білім беру мекемелері жабылды.

Шерушілердің полиция қызметкерлерімен қақтығысы салдарынан кемінде 220 адам жарақат алды, оның 90-нан астамы полицейлер. Өз кезегінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері шерушілердің кемінде жиырмасын тұтқынға алып, олардың кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғады.

Елдің саяси элитасы шерушілердің іс-әрекеттерін айыптауда. Олар Майндағы Франкфуртте орын алған тәртіпсіздіктерді Бундестагта талқыға салған. Ал Blockupy белсенділері болса, резеңке шоқпар, көзден жас ағызатын газ және сумен атқылайтын құрылғыны пайдаланған полицияны айыптап отыр.

Тунисте музейге шабуыл жасалды

Майндағы Франкфуртте шерушілер көше бойындағы дүкендер мен дәмханалардың әйнектерін қиратып, бассыздыққа бой алдырған сәтте Тунис астанасында көлікке мінген әскери киімдегі «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының содырлары ел Парламентіне тақау келіп, автоматтан оқ жаудырды.

Осыдан кейін исламшылар парламент кешеніне жапсарлас орналасқан «Бардо» музейіне басып кіріп, одағы шетелдік саяхатшыларды кепілге алды. Шабуыл сәтінде музейде шамамен екі жүз адам болған. Дегенмен, олардың басым бөлігі содырлардың уысынан сытылып шығып кете алған.

Күш-қуат құрылымдарымен өткізілген шұғыл кеңестен кейін арнайы операция басталды. Арнайы жасақ сарбаздары лаңкестер жасырынған ғимаратқа басып кіріп, біраз уақыттан кейін кепілге алынған адамдарды құтқару операциясы аяқталды. Жасақ сарбаздары музейге шабуыл жасаған екі содырдың көзін жойып, бірін тірідей қолға түсірді.

Лаңкестік шабуыл салдарынан 23 адам қаза тапты, олардың барлығы дерлік шетелдік саяхатшылар, ал жарақат алғандардың саны қырықтан асып жығылады. Жиырма шетелдіктің өлтірілгендігі нақты болып отыр. Олар Австралия, Бельгия, Ұлыбритания, Испания, Италия, Колумбия, Польша, Франция, Жапония азаматтары. Ал үш адам жергілікті тұрғын.

Лаңкестік жауапкершілігін «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы өз мойнына алды. Бұған қоса, бейсенбі күні Тунис бұқаралық ақпарат құралдары шабуылға «Исламдық Магриб елдеріндегі әл-Каида» ұйымымен байланысы бар «Окба ибн Нафаа» тобының да қатысы болуы мүмкін екендігін жариялады.

Дегенмен, Тунис билігі музейге шабуылдаушылармен байланысы бар тоғыз адамның тұтқынға алынғанын хабарлады. Тунис президенті әкімшілігінің хабарына сәйкес, олардың төртеуінің шабуылға тікелей қатысы бар, ал бесеуі аталған лаңкестік топпен байланысты болған.

Сонымен қатар Тунис билігі елдің басты қалаларында әскери шолғыншылар іске кіріскенін хабарлады. Лаңкестік әрекетті ұйымдастырушылар мен олардың сыбайластары іздестірілуде.

Йемендегі лаңкестік шабуыл

Жұма күні «Ислам мемлекеті» содырларының Йеменде ұйымдастырған қанды қырғыны ғаламшар тұрғындарының жағасын ұстатты. Өлімге бас тіккен төрт жанкешті Йемен астанасы Санада жұма намазы кезінде екі мешітте жарылыс жасады.

Бірі әл-Хашуш, ал тағы екеуі қаланың оңтүстігіндегі Бадр мешітінде орын алды. Бадр мешітінде бірінші жарылыс жұма намазы оқитын залда жасалса, ал екіншісі сыртқа шыға беріс есік алдында іске қосылды. Екі мешіттегі жарылысты да жанкешті жасады.

Аталған лаңкестік шабуылдардың салдарынан кемінде 126 адам қаза тауып, 260-тан астам адам жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында хуситтердің діни көшбасшысы Муртаза аль-Махатвари да бар.

Лаңкестік жауапкершілігін «Ислам мемлекеті» тобының содырлары өз мойындарына алып отыр. Аталған ақпаратты лаңкестік ұйым әлеуметтік желілер арқылы таратқан болатын.

Айта кетейік, соңғы айлардың ішінде билік пен автономия құруды мұрат тұтқан «Аль-Хуси» қозғалысының шииттік көтерілісшілері арасындағы теке-тірес күрт күшейіп кетті. Хуситтер елдің бірқатар бөлігі мен мемлекет астанасы Сананы өз бақылауларына алып отыр.

Бейсенбі күні БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесі қатысушыларына БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары басқармасының жаңа баяндамасы ұсынылған еді. Аталған құжатта «Ислам мемлекеті» тобының Ирактағы зорлық-зомбылықтары жан-жақты көрсетілген.

Аталған баяндаманы әзірлеген БҰҰ-ның сарапшылар тобының пайымынша, «Ислам мемлекеті» тобының 2014 жылғы маусымнан бергі іс-әрекеттері әскери қылмыс, адамзат баласына қарсы жасалған қылмыс және геноцид ретінде бағалануы мүмкін.