ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Эр-Рияд БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ұжымдық шешімдер қабылдаудағы дәрменсіздігін бетіне басты

None
АСТАНА. 19. қазан. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде заманауи халықаралық қарым-қатынаста орын алған алғашқы тосын оқиға Сауд Арабиясының БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі орнынан бас тартуы болды десек те артық емес.

Естеріңізге сала кетейік, осы аптаның бейсенбі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының жасырын дауыс беруі нәтижесінде 5 ел атап айтқанда, Литва, Нигерия, Сауд Арабиясы, Чад және Чили 2014-2015 жылдар аралығындағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жаңа тұрақты емес мүшелері болып сайланған болатын. Эр-Рияд африкалық және азиялық-тынық мұхиттық мемлекеттер тобынан сайланып, 2014 жылдың 1 қаңтарынан Пәкістанның орнын басуы тиіс еді. Бұл елге БҰҰ-ға мүше 176 мемлекет жақтап дауыс берген-ді. Жалпы, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі әлемнің он бес мемлекетінен құралған. Олардың бесеуі - АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Ресей Кеңес шешімдеріне вето құқығы бар тұрақты мүше мәртебесіне ие. БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелеріне он орын беріледі. Ротация принципі бойынша әр екі жыл сайын тұрақты емес мүшелер құрамы өзгеріп отырады.

Сауд Арабиясы өз тарихында алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған еді. Алайда, Сауд Арабиясы Корольдігі Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғаннан кейін САК Сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме жасады. Ресми Эр-Рияд «осы ұйымды реформалағаннан кейін ғана БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелері қатарынан орын ала алады» деп санайды. Өзінің БҰҰ ҚК жұмысына қатысқысы келмейтіндігін Корольдік «Кеңес соғыстарды тоқтатып, шиеленістерді шешуге қауқарсыз болғандықтан, оған мүше болудың да еш мәні жоқ» деп түсіндіреді.

Корольдіктің БҰҰ-ға наразылығы бірқатар шешілмеген проблемаларға қатысты орын алуда. Атап айтқанда, олар бүкіләлемдік ұйымның палестиндік-израильдік жанжалды, сонымен қатар Сириядағы қантөгісті реттеуде қауқарсыздық танытуына наразылық білдіруде. Бұдан бөлек Корольдік Таяу Шығыста жаппай қырып-жою қаруынан азат аймақ құру ісінде де ілгері басушылықтың жоқтығын атап өтуде.

Біріккен Ұлттар Ұйымы елдің тұрақты емес мүшеліктен бас тартуы зайырлы құқығы екенін мәлімдеп отыр. Осыған орай, таяу аралықта Сауд Арабиясының орнын алмастыратын кандидат іздеудің жеделдетілген үдерісі басталатын болады. Ал бұрын орынға лайықты кандидат ретінде Кувейт аталуда.

Күні кеше БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун барлық елдерді БҰҰ-ның барша органдарымен толыққанды іс-қимылдар жасауға әрі олардың жұмыс істеу әдістерін жетілдіруге жәрдемдесуге шақырды. Сонымен қатар ол Сауд Арабиясы атап өткен бірқатар жанжалдарға қатысты проблемаларды шешуде Корольдікпен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнайтындығына үміт артатындығын айтты. Бұдан бөлек, Бас хатшы ұйымның әзірше Сауд Арабиясы тарабынан тұрақты емес мүшеліктен бас тарту хатын алмағандығын мәлімдеді. Бірқатар байқаушылардың пайымынша, қазіргі уақытта Эр-Риядтың өз орнын сақтап қалуы үшін бейресми консультациялар жүргізілуде.

Айта кетерлігі, Сауд Арабиясының БҰҰ жұмысына қатысты наразылығы аталған ұйымға мүше басқа да мемлекеттер тарабынан да қолдау тапты. Кеше Франция СІМ ресми өкілі Ромен Надаль ресми Париждің Сауд Арабиясының ұстанымын қолдайтындығын әрі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі өз қимылдарында салға айналды деп санайтындығын мәлімдеді. Франция тарабы ұйымның тіршілікке қабілеттілігіне үміт артып отыр. Дегенмен, бұл үшін Қауіпсіздік кеңес вето қою процедурасын өзгерту арқылы шешім қабылдау тетігін жаңартуы қажет. Дәл осындай ұстанымды мысырлық дипломаттар да қолдап отыр. Ал Мәскеу болса Эр-Риядтың мұндай мәлімдемесіне түсінбеушілік танытты.

Жалпы, БҰҰ тарихында осыған ұқсас оқиға 1965 жылы орын алған болатын. Ол кезде БҰҰ құрамынан Индонезия көршілес Малайзиямен арадағы дауға байанысты уақытша шығып кеткен еді. Дегенмен, араға 1 жыл уақыт салып өз мүшелігін қалпына келтірген болатын.

Айта кетерлігі, Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланудан үмітті. Осы аптада Парламент Сенатының Үкімет сағатында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы әлемдік қоғамдастықтың назарын Орталық Азия өңіріндегі өткір проблемаларға және оларды шешуге аударуға, Қазақстанның халықаралық бастамаларын алға бастыртуға, Еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздік факторы ретіндегі еліміздің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік беретіндігін баса айтқан-ды. Бұл органға сайлау 2016 жылдың күзінде өтетіндігін ескерткен Е.Ыдырысов Сенат депутаттарынан парламенттік бірлестіктер қызметі аясында және шетелдік әріптестермен кездесу барысында Қазақстан кандидатурасын белсенді түрде алға жылжытуды өтінген еді. Сонымен қатар ол еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелігіне ұлттық жоба мәртебесін бермек ниетте екендігін де баса айтқан болатын.