Франциядағы ереуіл
Францияда еңбек реформасына қарсы ауқымды наразылық шарасы жалғасуда. Ереуілге бұл күндері жанар-жағармай құю стансасы, темір жол, әуежай және басқа да компаниялардың қызметкерлері қосылуда.
Ереуілді Франциядағы ең ірі ұлттық кәсіподақтардың бірі Жалпыға ортақ еңбек конфедерациясы бастап отыр. Наразылық акциясын 6 шағын кәсіподақ қолдап отыр, оның ішінде елге танымал болып үлгерген Force Ouvriere мен Unef ұйымдары да бар. Ал CDFT кәсіподағы үкіметтік реформаға қолдау көрсетіп отырғаны да белгілі болды.
Даудың басы 18 ақпан күні елдің Еңбек министрі Мириам эль-Хомри жұмыс аптасын ұлғайту, жұмыс берушілерге қызметкерлерін жұмыстан шығарып жіберуде жеңілдіктер беретін, мұнан өзге де жайттар қамтылған еңбек реформасының жаңа жобасын ұсынғаннан кейін туындаған еді.
Еңбек заңнамасы реформасы туралы заңды қабылдау жеңіл жолмен жүрмейтіндігін түсінген Францияның министрлер кабинеті 10 мамыр күні ел конституциясының 49,3 бабына сүйеніп, құжатты қабылдап жіберген еді. Айта кетерлігі, аталған бапқа сәйкес заңның қабылдану қажеттігіне сенімді премьер-министр өз өкілеттігімен құжатты Ұлттық жиналыстың талқылауынсыз әрі дауыс беруінсіз қабылдай алады.
Биліктің бұлай бұра тартуына қарсы 12 мамыр күні елде жаппай наразылық акциясы орын алды. Ереуіл алыс жолға қатынайтын жүргізушілердің елдің басты магистралдарын жауып тастауынан басталды. Кейіннен Франциядағы 8 мұнай өңдеу зауытының алтауының қызметкерлері де ереуілшілердің қатарынан табылды. Соның салдарынан бүкіл елдегі жанар-жағармай құю стансаларында жанармай тапшылығы байқалды.
Наразылыққа теміржолшылар мен француздық 19 атом стансасының 16-сының жұмысшылары қосылды. Соның салдарынан электр энергиясын өндіру 6 ГВт-қа төмендеді. Айта кетерлігі, Францияда өндірілетін электр энергиясының 75 пайызы дәл осы атом электр стансаларының үлесіне тиесілі.
Мұндай наразылыққа қарамастан француз билігі қарсыластарының ығына жығыла қоюға ниет танытар емес. Ел Президенті Франсуа Олланд көптеген наразылық акцияларына қарамастан жаңа заң айта қоярлықтай өзгеріссіз қабылданатынан ресми мәлімдеді.
«Еңбек реформасы туралы заң біздің еліміздегі прогреске оң ықпалын тигізетін болады. Оның мәтінінен негізгі философия мен ұстанымдар алынып тасталмайды. 2 бап сақталып қалатын болады», - деді Франция Президенті.
Ал кәсіподақтар 14 маусымда Сенат қарауына заң жобасы ұсынылған кезде кезекті жалпыұлттық ереуіл ұйымдастыратындығына сөз беруде. Олар 2016 жылдың 10 маусымында басталатын футболдан Еуро-2016 біріншілігі кезінде миллиондаған көрермендер мен жанкүйерлер үшін жол қозғалысын жауып тастайтындығын айтып қоқан-лоқы көрсетуде.
Франция мен Германиядағы су тасқыны
Францияда еңбек реформасына қатысты түйткілді жайттарға орай ел ереуілге шығып жатқан кезде жығылғанға жұдырық болғандай дәл осы елде, оған қоса Германияда нөсер жауын жауды. Мамыр айында Франция соңғы 150 жылдан бері болып көрмеген жаңбырдың астында қалды.
Төрт күнге созылған толассыз жауыннан кейін Францияның бірқатар елді мекені су астында қалды. Әсіресе, Парижден 80 шақырым жердегі Немур қаласы су астында қалды десек артық емес. Нөсер жаңбырдың салдарынан Францияның 26 департаменті сын-қатердің күлгін түсін жария еткен болатын.
Францияның Ішкі істер министрлігі нөсер жауынның салдарынан елде 5,5 мыңнан астам адамның қауіпсіз жерге көшірілгендігін ресми жариялап отыр. Елдің елордасы Париждің қақ ортасынан өтетін Сена өзенінің су деңгейі 6 метрден асып жығылды.
Нөсер жауын немістерді де әуре-сарсаңға салды. Айтпай келген апаттан бұл елде кемінде он адамның өлгендігі де белгілі болып отыр. Әсіресе,Баден-Вюртемберг пен Бавария жерінің зардап шеккендігі белгілі. Табиғи апатпен күреске 7 мыңнан астам өрт сөндірушілер, полиция қызмткерлері мен құтқарушылар жұмылдырылған.
Айта кетерлігі, бүгінде әлеуметтік желіде бұл елде орын алған су тасқынының жолында кездескен дүниені қалай ысырып бара жатқандығы бейнеленген бейне роликтер кеңінен жариялануда. Тіпті, одан көліктерді, жүк көліктерін қаңбақша домалатып бара жатқан қарғын суды көруге болады. Сондықтан болар, елдің бірқатар аудандарындағы автомобиль жолдары жабылған.