ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Еуропа жұртшылығы да Жеңіс күнін кеңінен атап өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде Еуропаның бірқатар елінде Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 70 жыл толуы кеңінен аталып өтіліп, бірқатар салтанатты шаралар ұйымдастырылды. Австрия, Ұлыбритания, Гармания, Норвегия, Польша, Словакия, Франция, Чехия және басқа да еуропалық мемлекеттерде дәл осы күні жеңіс күніне арналған монументтерге гүл шоқтары қойылып, қаза тапқандар алдында тағзым етілді. Мұнан бөлек, осы аптадағы халықаралық тыныс-тіршілікте әлем жұртшылығының назарын өзіне аударған тағы бір оқиға орын алды. Нақты айтқанда, Германияда теміржолшылар наразылық шеруіне шықты.

Еуропадағы Жеңіс күні

8 мамыр күні Еуропаның көптеген елінде Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 70 жыл толуына арналған салтанатты шаралар өтті. Айта кетерлігі, кәрі құрлықта жеңіс күнін 8 мамырда атап өтеді. Өйткені, фашистік Германияның сөзсіз тізе бүккендігі туралы акті еуропалық уақытпен сағат 23-тен 1 минут кеткенде күшіне енген еді. Ал дәл бұл уақытта Мәскеуде 9-ші мамыр болатын.

Сонымен, Ұлыбритания үкіметі Жеңіс күнін үш күн атап өту туралы шешімін жария етті. 8 мамыр күні таңертең Лондонның орталығындағы Уайтхол көшесі бойындағы Белгісіз жауынгер ескерткіші алдында құрбан болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алу шарасы өтті. Келесі күнге Ұлыбритания астанасында кеңес азаматтары ескерткішіне гүл дестелерін қою және «Белфаст» крейсер мұражайының бортында Солтүстік қарауылшылары ардагерлерімен кездесу жоспарланған.

Жексенбі күні ханшайым Елизавета Вестминстер католиктер шіркеуінде мінәжат ететін болады. Осыдан кейін ардагерлер корольдік қарулы күштердің өкілдерімен бірге салтанатты шеруге қатысатын болады.

Францияда негізгі іс-шаралар Парижде өтті. Ел Президенті Франсуа Олланд Елисей алаңында орналасқан Шарль де Голльдің ескертішіне гүл шоқтарын қойды. Осыдан кейін Бесінші республика басшысы Триумфальді аркаға бет алып, онда Белгісіз жауынгердің бейіті басында өткен салтанатты шараға қатысты. Ф.Олланд мотоциклшілер мен атты жасақтың қошеметімен сөніп тұрған мәңгілік алау жанына келіп, алтын қылышпен от қойды.

Бүгінде Германия Жеңіс күнін өздерінің тізе бүгу күні ретінде қабылдамайды. Керісінше, бұл күн немістер үшін Еуропаның фашизмнің езгісінен азат болған күні ретінде аталып өтіледі.

Жұма күні Берлинде Бундестаг пен Бундесрат Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 70 жыл толуына арналған бірлескен отырыс өтті. Ел парламентінің салтанатты отырысы ГФР-дағы бірқатар ресми іс-шараның тек біреуі ғана болатын.

Нидерландыда Жеңіс күні 6 мамыр күні аталып өтіліп, сол күні елді ұлтшылдардан азат еткен канадалық жауынгерлерде тағзым жасалды. Келесі күні Польшаның Гданьск қаласында Еуропадағы екінші дүниежүзілік соғысының аяқталуына 70 жыл толуына арналған шаралар өтті.

Гданьскідегі салтанатты шараға қату үшін келген мәртебелі қонақтардың арасында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Болгария, Хорватия, Кипр, Чехия, Эстония, Литва, Румыния, Украина, сонымен бірге Польшаның Президенттері болды.

Австрияда ел Президенті Хайнц Фишер Венада фашизмнен атамекенін азат ету жолында мерт болған кеңес жауынгерлеріне тағзым етті.

Айта кетерлігі, Еуропадағы екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 70 жыл толуына арналған ресми шаралар Еуропаның өзге де мемлекеттерінде, оның ішінде Норвегия, Польша, Словакия және Чехияда өтті.

Неміс темір жолы тарихындағы ең ірі ереуіл

Өткен жексенбіде сапында 200 мың мүшесі бар неміс темір жолшыларының «GDL» кәсіподағы кезекті наразылық акциясының басталғанын жария етті.

4 мамыр темір жолмен жүк тасымалы тоқталса, келесі күні жолаушылар тасымалы да доғарылды. Наразылық акциясы барысында алыс қашықтыққа қатынайтын жолаушылар пойызының тек үштен бірі ғана қатынауда. Өңірлерге байланысты қала маңы пойыздарының қатынауы 15-тен бастап, 60 пайызға дейін қысқартылған.

Соңғы 10 айдың ішінде бұл пойыз машинистерінің 8-ші наразылық акциясы. Акция 10 мамыр күні таңертеңге дейін жалғасады.

Наразылық акциясының басты себебі негізгі жұмыс беруші «Deutsche Bahn» концерні мен арадағы келіссөздердің еш нәтиже бермеуі болып отыр. Кәсіподақ жұмыс берушіден машинистердің жалақысын 5 пайызға көтеріп, жұмыс аптасын 39-дан 37 сағатқа қысқартуды талап етуде.

Дегенмен, «Deutsche Bahn» жалақыны 1 шілдеден бастап, 2 кезеңмен 4,7 пайызға көтеруді және 30 маусымға дейін 1 мың еуро көлемінде бір реттік сыйақы төлеуді ұсынған болатын. Дегенмен, кәсіподақ жұмыс берушінің бұл ұсынысын қабылдамай, соның салдарынан неміс темір жолшылары наразылық акциясына шыққан еді.

«Deutsche Bahn» басшылығы темір жолшылар кәсіподағы тек концерн мен жолаушыларға ғана емес, сонымен бірге неміс экономикасына да зор зиянын тигізуде деп санайды.

Қазіргі уақытта ел басшылығы да бұл наразылық акциясын сын тезіне алуда. Саясаткерлер неміс темір жолшыларының «GDL» кәсіподағынан тарифтік жанжалдан ымыраға келуді талап етуде.

Мәселен, ГФР канцлері Ангела Меркель өз үндеуінде «Германияда ереуілге шығу құқы заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етілгендігін» мойындағанымен бұл қақтығыстың азматтардың мойнына зор жүк артатындығын баса айтты.

Экономика министрлігінің басшысы, вице-канцлер Зигмар Габриэль тараптарды «байыпты келіссөздер» жүргізуге шақыра отырып, наразылық акциясынан келетін шығынның ереуілшілер талабының құқықтылығына күдік келтіруі мүмкіндігін атап өтті.

Бұл жолғы ереуіл салдарынан «Deutsche Bahn» концерні кемінде жарты миллиард еуро көлемінде шығынға батады деп бағаланды. Өйткені, машинистердің жұмысқа шықпауы салдарынан неміс оператор күніне 100 млн. еуродан астам қаржыдан қағылып жатыр.