Берлускониге қатысты сот үкімі өз күшін сақтап қалды
Бейсенбіде Италияның Кассациялық соты «Mediaset» медиялық тобындағы салықтық астыртын әрекеттер ісі бойынша Италияның бұрынғы Премьер-Министрі Сильвио Берлускониге түрмеде отыру мерзіміне қатысты шығарылған үкімнің күшін сақтап қалды. Енді бұл шешімге шағым жасауға тыйым салынған және сот шешімі қазан айының орта кезінде күшіне енеді. Айта кетейік, 2012 жылдың қазанында С. Берлускони өзінің «Mediaset» компаниясындағы алаяқтық әрекеттеріне байланысты 4 жылға сотталып, оған бес жыл мерзімінде мемлекеттік лауазымдарға тұруға шектеу қойған болатын. Сол кезде рақымшылық заңына сәйкес соттау мерзімі автоматты түрде бір жылға дейін қысқартылған.
Осыған орай қорғаушылардың үмітіне қарамастан, сот тек оның мемлекеттік қызметтерді атқаруға тыйым салу туралы тармағын қайта қарау жөнінде қаулы шығарған еді. Бұл өз кезегінде оған сенатор болуға және ел үкіметінде орындары бар «Тәуелсіз халық» партиясында көшбасшылығын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Берлускони 76 жаста екенін ескерсек, ол өзінің мерзімін түрмеде өткізбейтін сыңайлы. Өзінің жасына байланысты ол үйқамақта отыруға немесе жазасын қоғамдық жұмыстарда өтеу құқына ие. Алайда, экс-премьер қоғамдық жұмыстардан мүлдем бас тартқан еді.
Байқаушылардың пайымынша, сот үкімі елдегі кезекті саяси дағдарысқа себеп болуы ықтимал. Оны қамауға алу немесе тұтқындау шаралары үкіметтің жұмысына зиян келтіреді деген күдік бар, себебі оның партиясы барлық жұмыстарда шетқақпайлаумен айналысуы мүмкін.
Үкім жария болғаннан кейін партияластар елдің президентінен өздерінің көшбасшысына рақымшылық жасау туралы сұрайтындығын хабарлады. Олай болмаса, фракция мүшелері мандаттарын тапсырып, министрлер кабинетін босататындығын алға тартуда. Италияның экс-премьері өзінің жақтастарымен кездесу кезінде партия сот реформасын жүргізуге талпынатынын немесе Италияда жаңа сайлау өткізуді талап ететінін мәлім етті.
Mediaset ісі Берлусконидің қатысуымен атышулы сот үрдістерінің бірі болып табылады. Милан прокуратурасының пайымынша, Mediaset Италияда американдық фильмдерді көрсету құқықтарын басқа фирмалар арқылы, атап айтқанда Mediatrade және RTI арқылы сатып алып отырған. Оған қоса, кинопрокаттың бағасы айтарлықтай жоғары болған. Осылайша алаяқтық әрекеттер арқылы түскен пайда Швейцария мен Багам аралдарының банк есепшотына түсіп тұрған. Берлускони бұл қылмыстардың басы-қасында жүрді деп айыпталды.
Дегенмен жоғарыда аталған салықтық істің үкімі соңғы кездері экс-премьер өміріндегі жалғыз жағымсыз сәттер емес десек те болады. Биылғы маусым айында Милан соты «Руби ісі» бойынша кәмелеттік жасқа толмағандардың жезөкшелігіне қатысы бар деп айыпталған Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускониді 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, соттың шешіміне сәйкес, экс-премьер мемлекеттік лауазымдарға тағайындалу құқығынан өмір бойына айырылды. Берлусконидің өзі үкімнің жариялануына қатысқан жоқ. Бұрынғы премьер-министрге қатысты сот процесі 2011 жылдың сәуір айында басталды. Тергеу оны 18 жасқа толмаған мароккандық Карима эль-Маругпен (лақап есімі «Руби») жыныстық байланысқа түсті деп айыптаған болатын.
Стросс-Канның басына төнген бұлт қалыңдай түсті
Қаржы саласының белгілі тұлғасына қатысты дау-дамай тынышталмай отыр. Халықаралық валюта қорының бұрынғы басшысы Доминик Стросс-Кан жақын арада француздық соттың алдында жеңгетеайлық айыбы бойынша сұралуы мүмкін.
Тергеу жағы Стросс-Канды және істегі онан астам фигурантты қылмыстық топтың құрамында жеңгетайлық жасады деп айыптап отыр. Тергеушілердің нұсқасы бойынша айыпталушылар Францияда және шетелдерде ойын-сауық кештерін ұйымдастырған, сондай-ақ бұл шараларға өздері қатысқан көрінеді.
Стросс-Кан бұдан бұрын Лилль қаласындағы беделді қонақ үйлердің бірінде секс-кештерге барғанын мойындаған болатын. Атап айтқанда бұл жерде қылмыстық желі өз қызметін атқарған деген жорамал бар.
Ол кезде қорғаушылар ХВҚ-ның бұрынғы басшысы аталған жерде жезөкшелер болғанын білмегенін негізге алып, бұл істі тоқтатуды сұраған, алайда апелляциялық сот бұл өтінімдерді ескермеді. Осы бап бойынша айыпты деп танылса, Стросс-Кан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Осыған дейін оны екі мәрте сексуалдық дәмешілдік бойынша айыптағанымен, сотталмай құтылған болатын. Бірақ та бұл даулы істердің салдарынан оның мансабына нүкте қойылған еді, яғни Доминик Стросс-Кан ХВҚ басшылығынан айырылып, Франция президенттігіне үміті үзілді, сондай-ақ 20 жылдан астам уақытқа созылған некесі бұзылды.