ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Еуропалық орталық банктің тосынсыйы

АСТАНА. ҚазАқпарат Бейсенбі күні Еуропалық орталық банк еуроаймақтың барлық экономикасына төтенше төмен инфляцияның таралуына жол бермеу үшін негізгі пайыздық ставканы нөлге дейін түсіріп, активтерді сатып алу аясын кеңейтуі арқылы нарықты таңғалдырды десек те болады. Ал жексенбі күні Ирактың Хилла қаласында жанкешті лаңкес ондаған автомобиль тұрған блокпостқа жарылғыш зат қойылған көлігімен келіп соқтықты.

Еуропалық орталық банктің тосынсыйы

Бейсенбі күні Еуропалық орталық банк басқарушылары кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оның қорытындысында еуроаймақтағы экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталған қосымша шаралар туралы шешім қабылданды.

«Өзіміздің тұрақты экономикалық және валюталық сараптамаларымызға арқа сүйей отырып, біз ақша-несие саясатының жай-күйіне тыңғылықты шолу жасау шешімін шығардық. Онда біз қызметкерлеріміздің 2018 жылға дейінгі болашаққа арналған жаңа макроэкономикалық болжамдарын да ескердік. Нәтижесінде басқарушылар кеңесі кешенді шаралар туралы шешім қабылдады», - деді Еуропалық орталық банктің басшысы Марио Драги бейсенбі күні өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Оның сөзіне қарағанда, еуроаймақ тарихында алғаш рет қайта қаржыландырудың негізгі ставкасы қазіргі 0,05 пайыздан нөлге түсірілді. Депозиттер бойынша ставка минус 0,3 пайыздан минус 0,4 пайызға дейін, маржиналдық ставка қазіргі 0,3 пайыздан 0,25 пайызға дейін төмендетілді.

«Біз активтерді сатып алу бағдарламасы (сандық жеңілдету бағдарламасы редактор ескертпесі) аясында айсайынғы сатып алуды 60 млрд. еуродан қазіргі уақытта 80 млрд. еуроға дейін кеңейтуді шештік», - деді М.Драги.

«Еуроаймақтағы инфляция жылдық мәнде ағымдағы жылдың ақпанында қаңтардағы 0,3 пайызбен салыстырғанда минус 0,2 пайыз болды. Энергия тасымалдаушылардың қазіргі фьючерстік бағасына арқа сүйер болсақ, таяу айлардың ішінде инфляция қарқынының теріс мәні сақталанатын болады және оның көтерілуі 2016 жылдан кейін ғана орын алады», - деп қосты ол.

Дефляция қауіпі қазіргі уақытта әлемдік экономиканың қалпына келуі үшін басты тәуекел саналуда. Бұған қоса, инфляция 0,3 пайыздық орташа деңгейде тұратын еуроаймақта бұл барынша осал жайт саналады. Сондықтан да Еуропалық орталық банк банкирлері қатты қысымға түсуде және қолдарынан келгенше шаралар қабылдауға тырысып бағуда.

Еуропалық орталық банктің нақтыланған макроэкономикалық болжамдары бойынша 2016 жылы еуроаймақтағы инфляция 0,1 пайыз деңгейінде болатындығы күтілуде. Ал 2017 және 2018 жылдары ол 1,3 және 1,6 пайыздық деңгейге көтеріледі. Сондықтанда Еуропалық орталық банк мол қаржыны құю және несие бойынша пайыздық төмен ставканы белгілеу арқылы инфляцияны жылдық мәнде 2 пайызға дейін төмендетуге күш салуда. Алайда олардың бұл жанталасы әзірше еш нәтиже берер емес.

Бабиль өлкесіндегі жарылыс

Өткен жексенбі күні Ирактың Бабиль өлкесіне қарасты Хилла қаласына кіре берістегі бақылау-өткізу пунктіне жарылғыш зат қойылған бензин таситын көлік мінген жанкешті лаңкес келіп соқтықты.

Билік мәліметтеріне қарағанда, күдікті жүк көлігін шолғыншылар блокпостқа жете берген кезде тоқтатуға тырысқан. Алайда, жүргізуші полиция талабын орындамай одан ары жүріп, жарылғыш затты іске қосқан. Жарылыс орын алған сәтте бақылау-өткізу пунктінде ондаған көлік болған.

Бұл лаңкестік Бабиль өлкесі тарихындағы ең ірі оқиға екендігі айтылуда. Өйткені, жарылыс салдарынан 60-тан астам адам өліп, шамамен 70 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алған. Қаза тапқандардың арасында бақылау-өткізу пунктінде қызметін атқарып тұрған құқық қорғау органдарының қызметкерлері көп. Жарылыстың қуатты болғаны соншалық, блок пост, таяу маңдағы бірнеше үй қирап, 20-ға жуық көлік бүлінген.

«Бізде ақпарат болды, бірақ, бақылау-өткізу пунктіндегі қауіпсіздік күштері барынша біліктілік таныта алмады», - дейді Бабиль өлкесінің қаупісіздік және қорғаныс комитетінің басшысы Фаллах Абдул Карим.

2014 жылы наурызда Хилла қаласы маңындағы бақылау-өткізу пунктерінің бірінде жанкешті іске қосқан бомбадан 50 адам өліп, 150-ден астам адам жарақат алған еді. Осыдан кейін барлық блокпосттар арнайы тосқауылдармен, сонымен бірге жасырылған жарылғыш затты қашықтан анықтайтын құрылғылармен жабдықталған болатын.

Бұл шабуыл жауапкершілігін «ДАИШ» лаңкестік ұйымы өз мойнына алып отыр. Исламшылар бұл жайында ғаламтор арқылы мәлімдеме жасады.