Еуро-2016 сенсацияның артынан сенсация шықты
10 шілде күні түнде Париждың жанындағы «Стад де Франс» стадионында 2016 жылғы Еуропа чемпионатының соңғы ойыны өтті. Португалия командасы Франция құрамасын сан соқтырып, өз тарихында алғаш рет чемпион атанды.
Жалпы, чемпионат басталған кезде футбол саласының сарапшылары плей-офф кезеңіне Исландия құрамасы шығады деп, ал, ширек финалға жетпей Испания мен Англия құрамалары ойыннан шығып қалады деп болжамаған да еді. Еуро-2016 аяқталғаннан кейін, «Португалия құрамасының жеңісі әділ ме?» деген сұрақ қойып жатыр. Дегенмен, спорттағы басты критерий - нәтиже, ал Португалияның нәтижесі - жеңіс.
Ницца қаласындағы теракт
Францияның ұлттық мерекесі, яғни, Бастилияны алу күні Ницца қаласында қанжоса теракт орын алды. Жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 22.30-да (Астана уақытымен 02.30) үлкен жүк көлігі Ницца қаласындағы Променад дез Англэ жағажайында отшашуды тамашалаған қалың халықты басып, жаншып өте шығады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, халық алдымен жүк көлігі өзінен өзі жүріп кетті немесе оның жүргізушісі есінен танды деп ойлаған. Алайда, барынша көп адамды басып өлтіру үшін жүргізуші халық көп тұрған жерді басып, жылдамдықты арттырғанын білгенде, жапатармағай қаша жөнеледі. Анықталғанындай, террорист жүк көлігімен 2 шақырымға жуық жер жүріп, қаншама адамды басып кеткен соң, қарудан оқ жаудыра бастаған. Жүк көлігінің жүргізушісін полиция атып өлтірді. Оның аты-жөні - Мұхаммед Лахуайедж Бухлель, 31 жастағы Ницца тұрғыны, Францияның да, Тунистің де азаматтығы бар болған. Терактіде 84 адам қаза тапты, тағы екі жүзге тарта адам ауруханаға түсті. Кемінде 54 бала жараланған және терактіде шетел азаматтары, яғни, туристер көп қаза тапқан.
Ал, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі кеше, 15 шілде күні Ницца терактісінде қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ деп мәлімдеді. Сондай-ақ, теракт болған жерде бес қазақстандықтың жүргені хабарланып, соңғы ақпарат бойынша, Ницца терактісі болған жердегі 11 қазақстандықпен байланыс орнатылған еді. Дегенмен, Бельгияның Сыртқы істер министрлігі Ниццаға Бельгиядан барған азаматтар арасында бір орыс әйелі мен болжам бойынша, бір Қазақстан азаматшасы қайтыс болды деген ақпарат таратты. Кейінірек, ҚазАқпараттың Брюссельдегі меншікті тілшісі анықтағандай, Ниццадағы теракті кезінде қаза тапқан Қазақстан тумасы Наталья Отто Антверпенде орыстың діни мектебінде мұғалима болып қызмет еткен. Бұл туралы оған Приходтың діни қызметкері Дмитрий Сизоненко мәлім етті.
«Наталья Отто Ниццадағы терактіде қаза тапты. Ол Антверпендегі Приходтың жанындағы мектепте бастауыш сыныптарға орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді», - деді Дмитрий.
«Ол Кеңес одағы ыдыраған соң Қазақстаннан көшіп кеткен. Оның ұлты - орыс, алайда Бельгия азаматтығын алмаған, ол - Қазақстан азаматы, - деп атап өтті Дмитрий Сизоненко. - Ол шығармашылық адамы еді, өте сыпайы болатын, интеллигент, Қазақстанда дүниеге келген және осы жерде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, орыс балаларын тәрбиеледі. Біздің діни ұйым үшін бұл орны толмас қаза болды».
Сонымен қатар, ҚазАқпарат тілшісіне ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов хабарлағандай, Ниццадағы теракт кезінде ҚР азаматының «ажал құшуы мүмкін» деген ақпарат тексеріліп жатқанын айтты.
«ҚР Сыртқы істер министрлігі Франция билігімен үнемі байланысып тұрады. Қазіргі уақытта олар қаза тапқандардың арасында ҚР азаматы болуы мүмкін деген ақпаратты растамады. Алдын ала болжам бойынша, Ниццадағы теракт құрбандары арасында қазақстандықтар жоқ», - деді телефон бойынша Ә.Жайнақов.
Түркияда «әскери төңкеріс»
Франциядағы ірі террактінің анық-қанығы толық анықталмай жатқанда, кеше түнде, шілденің 16-ына қараған түні бауырлас Түркия елінде қорқынышты жағдай орын алды. 15 шілде күні сағат 22.00-00.00 аралығында Анкара мен Ыстамбұл қалаларында хаос орнап, халық әуеде әскери ұшақ, көшеде танктерді көре бастаған. 16 шілде күні шамамен түнгі сағат 02.00 кезінде Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым елде әскери төңкеріс жасауға әрекет жасалғандығы жөнінде мәлім етті. Түркияның Бас штабы президенттің биліктен тайдырылып, елді басқаруды қолға алғандарын мәлімдеді. Әскерилер билік қалпында қалып, барлық халықаралық байланыстар сақталатындығына сендірді. Анкара және Ыстамбұл прокурорлары төңкеріс жасауға қатысы бар әскерилерге қатысты тергеуді бастады, бұл туралы елдің әділет министрі Бекир Боздаг мәлімдеді. Сонымен бірге Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қауіпсіз жерде, кейін мәлімдеме жасайтыны хабарланды. Кейінірек Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайында баспасөз мәслихатын өткізді. Түркия президенті халықты бүлікшілерге қарсылық көрсетуге шақырып, бұл төңкерісті ұйымдастырмақ болған топтар заңның қатаң талаптары бойынша жауапқа тартылатынын айтты.
Ал, Telegraph-тың хабарлауынша, Босфор бұғазының үстінен өтетін екі көпірді түрік полициясының қауіпсіздікке жауап беретін бөлімі - жандармерия жауып тастады, Ататүрік атындағы әуежай да жабылды, онда танкілер жіберілді. Түркияның мемлекеттік телеарнасы төңкеріс кезінде хабар таратуын тоқтатты, әлеуметтік желілер шектелді. Алайда бірқатар видеолар мен суреттер әлемге таралып кетті.
Ыстамбұл қаласындағы ҚР Бас консулдығының кезекші коменданты ҚазАқпаратқа телефон арқылы, консулдықтың барлық жауапты қызметкерлері жағдайды жіті бағалау үшін қалада жүргендігін хабарлады. Түркияда әскери төңкеріс жасамақ болған 600-ден астам адам ұсталды. Соңғы мәліметтер бойынша оқиға салдарынан кем дегенде 60 адам қаза тапқан.
Түркиядағы жағдайға байланысты Қазақстаннан ұшатын барлық рейс шегерілді. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз хатшысы хабарлады.
«Түркиядағы жағдай анықталғанша, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті бүгін Қазақстанның барлық қалаларынан ұшатын 15 рейсті шегерді. Атап айтсақ, отандық әуе тасымалдаушы компаниялардың тоғыз рейсі мен алты шетелдік компанияның рейстері»,-деп хабарлады баспасөз хатшысы. Сонымен қатар, таңғы 06.30-да Қарағандыдан ұшып үлгерген Скат әуе компаниясының ұшағы кері ұшып келе жатқаны анықталды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Түркиядағы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«16 шілдеге қараған түнде Түркияда орын алған оқиғаларға орай бауырлас елдің аумағындағы барлық Қазақстан азаматтарын сабырлық пен сақтық сақтауға шақырамыз.
Жағдай анықталғанға дейін адам көп шоғырланатын орындардан аулақ жүріп, аса қажеттілік туындамаған жағдайларда көшеге шықпаған және мүмкіндігінше тез арада туыстары мен жақындарына хабарласқан абзал»,-деп хабарлаған баспасөз қызметі.
Жақын арада Түркияға жасайтын сапарларды жоспарлағанда ҚР СІМ мен басқа да өкілетті мемлекеттік органдардың және тасымалдаушы компаниялардың соңғы ақпаратын тексерген дұрыс.
Қосымша сұрақтар туындаған жағдайларда Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық және консулдық мекемелерінде ашылған «жедел телефон желісіне» хабарласуға болады.
- ҚР Елшілігі (Анкара қаласы): 90-533-600-6092,
- ҚР Бас консулдығы (Ыстамбұл қаласы): 90-542-471-2211,
- ҚР Консулдығы (Анталья қаласы): 90-535-418-3532.