ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Халық наразылығы Венгрияда енгізілмек болған ғаламтор салығын жойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық қоғамдастықтың назары Венгриядағы халықтың наразылығына ауған болатын. Бұлай болатын жөні де бар. Өйткені, ел билігі әлемде алғаш рет ғаламтор пайдаланушыларға салық енгізуді жоспарланған болатын. Ал бұған Венгрия азаматтары наразылық танытып, тіпті Үкіметтің отставкаға кетуін талап етті.

Есте болса, өткен аптада Венгрияның экономика министрі Михай Варга пайдаланылатын интернет-трафиктің әрбір гигабайтына 150 форинт (0,62 цент) салық алу көзделген жоспарын жария етті. Министрдің айтуынша, интернет-провайдерлер төлейтін салық 2011 жылы телефон қоңыраулары мен СМС хабарламалар үшін алынатын салықтардың логикалық жалғасы болмақ.

Венгрия Мемлекеттік хатшысы Петера Банаидың бағалауынша, Үкімет осындай қадам арқылы келер жылы 20 млн. форинт (шамамен 83 мың доллар) көлемінде салық жинауды мақсат тұтып отыр. Бұл ретте жеке тұлғалардан алынатын салық айына 2 еуро көлемінде шектеу енгізілген. Венгрия экономика министрлігінің есептеріне сәйкес бұл жыына шамамен 65 млн. еуро көлемінде бюджетке кіріс әкеледі. Желілік трафикке арналған салықты 2015 жылдан бастап қолданысқа енгізу жоспарланған болатын.

Заң жобасына қарсылық танытушылар интернеттің венгерлік сегменті семіп, дәл осы жайттан кейін жоғары технологиялық сала зардап шегетіндігін баса айтуда.

Венгриядағы ең ірі байланыс операторы «Magyar Telekom» компаниясы елдегі кең жолақты ғаламордың одан ары дамуы жансызданатындығын ескертуде. Үкіметтің ғаламторға жаңа салық енгізуге ниет танытып отырғандығы жарияланған сәттен бастап бір тәуліктің ішінде аталған компанияның акциясы шамамен 4 пайызға құлдырады.

Орын алған оқиғаға байланысты елдің телекоммуникациялар жөніндегі еуро комиссары Нели Крус мұндай шараның венгерлік экономиканың сандық технология саласының дамуына зиянын тигізетіндігін мәлімдеуде.

«Ғаламторға салық енгізу ақылға мүлдем сыйымсыз. Бұл тұтынушылар үшін ғаламтор пайдалану бағасының өсіміне әкеледі», - деді Н.Крус. Оның атап өтуінше, Венгрия ғаламтор пайдалануда Еуропалық одақ елдерінің орташа көрсеткішіне де қол жеткізе алмайды. Осыған орай еурокомиссар Венгрия халқын наразылық шеруіне шығуға шақырды.

Алғашқы наразылық акциясы өткен жексенбі, 26 қазан күні Будапеште өткен болатын. Венгрия экономика министрлігі ғимаратының алдында өткен шеру бейбіт арнада өтіп жатқан болатын. Алайда, шамалы уақыттан кейін шерушілерге агрессивті көңіл күйдег футбол жанкүйерлері келіп қосылды. Олар билік партиясы «Фидес - Венгер азаматтық одағының» штаб-пәтері орналасқан ғимаратқа қарай бет алды. Акцияға қатысушылар ғимаратқа ескірген компьютерлер мен ноутбуктар лақтырып, тіпті кейбірі балконға өрмелеп шығып кетті.

Дегенмен, полиция адамдарды бейбіт жолмен таралуына қол жеткізе алды. Наразылық танытушылар Үкіметке заң жобасының күшін жоюға 48 сағат уақыт берді. Ал тараптары орындалмаған жағдайда сейсенбі, 28 қазан күні қайта наразылық шеруіне шығатындықтарына уәде берді.

Наразылық танытушылар уәде еткендеріндей сейсенбі күні тағы да шеруге шықты. Шеруге қатысушылардың қарасы көп жиынның бірі Будапеште өтті. Венгерлік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, шеруге 10 мыңнан астам адам қатысып, олар Виктор Орбан үкіметінің отставкаға кетуін талап етті. «Біз мұндайға жол бермейміз», - деп ұрандатты шерушілер. Наразылық танытушылар көшбасшыларының бірі Жольта Варадидің сөзіне қарағанда, ғаламтор салығы билік басқаруының автократиялық стилінің нышанына айналып отыр.

Шеру Венгрияның басқа да бірқатар қаласында өтті. БАҚ мәліметтеріне қарағанда, Венгрияда өткен наразылық шерулеріне шамамен 100 мың адам қатысты. Апта соңына қарай елде өткен жаппай наразылық шарасы венгерлік биліктің ғаламтор салығын енгізу туралы шешімінің күшін жоюуына түрткі болғандығы белгілі болды.

Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанның мәлімдеуінше, салықты дәл қазіргі күйінде енгзуге болмайды. Ол 2015 жылдың қаңтарында «жалпыұлттық консультация» жүргізуге уәде берді. Аталған консультацияның қорытындысы бойынша жаңа салықтың енгізілу-енгізілмеу тағдыры мен оның көлемі шешіледі.

Айта кетерлігі, Виктор Орбанның үкімет соңғы жылдарда банк ісі, бөлшек сауда және энергетика салаларында бірқатар қосымша салық енгізген болатын. Осылайша, ел үкіметі бюджет тапшылығын жоюға күш салмақ. Дегенмен, мұндай шара тек венгерліктердің ғана емес, сонымен бірге Венгрияның еуропалық және америкалық серіктестерінің де көңілінен шығар емес.