ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Хамид Карзай билікті қолдан береді - Ауғанстан жаңа Президентін сайлауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Ауғанстанда ел президентін сайлау алдындағы «тыныштық күні» аяқталып, бүгін 28 мыңнан астам учаскелер ашылды.

Айта кетерлігі, елдің қазіргі президенті Хамид Карзай билік басында тәліптер режімі тақтан тайған 2001 жылдан бері отыр. Ол бастапқыда Премьер-министр мен уақытша мемлекет басшысы болса, 2004 жылы Президент болып сайланған еді. Х.Карзай 2009 жылы екінші мәрте билік басына келді. Ал ендігі уақытта елдің конституциясына сәйкес үшінші мәрте президенттіктен үміттене алмайды.

Бұл жолғы сайлауға 11 кандидат жіберілген болатын. Алайда сайлауалды науқан барысында үш үміткер, оның ішінде қазіргі президенттің ағасы Каюм Карзай өз кандидатураларын алып тастаған болатын. Соңғы үміткер елдің бұрынғы сыртқы істер министрі Расул Залмайдың пайдасы үшін таласқа түсуден бас тартқандығы белгілі.

Тәуелсіз сайлау комиссиясының мәліметтеріне сәйкес, бұл күні елде 28 мыңнан астам учаске ашылады. Олардың жұмыс істеу уақыты таңғы сағат 7-ден кешкі 16-00-ге дейін жоспарланған. Дегенмен уақытты ұзарту мүмкіншілігі де қарастырылып отыр. Ал шет елдерде Иран мен Пәкістандағы Ауғанстанның дипломатиялық миссияларында сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Ескерерлігі, бүгін президенттік сайлаудан бөлек жергілік билік органдарына да сайлау өтуде.

Ел билігін сайлау шаралары барысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 300 мың құқық қорғаушы мен әскерилер, сонымен қатар шамамен 65 мың халықаралық контингенттің әскери қызметшілері жұмылдырылған.

Бақылаушылардың атап өтулеріне қарағанда, халықаралық стандарттарға сай сайлау заңнамасының орындалатындығына үміт арту орынсыз. Оған елдегі қауіпсіздікпен байланысты мәселелер әсер ететіндігі анық та. Тіпті кейбір учаскелерде дауыс беру жүргізілмеуі не болмаса жарасыз деп танылуы мүмкін.

Сәл ертерек бұл сайлау Ауғанстан тарихындағы тұңғыш билікті демократиялық жолмен беру бастамасы деп мән берген Еуропалық одақ өз бақылаушыларын жөнелткен болатын. Алайда наурыздың соңына қарай жеке бастарына төнетін қатерден бой тасалаған бақылаушылардың басым бөлігі елдеріне қайтып кеткен болатын. Бір анығы, Ауғанстанда Ресей тарапынан бақылаушылар жұмыс істейтін болады.

Егер бүгін бірде-бір кандидат 50 пайыздан астам дауыс жинай алмайтын болса, онда 28 мамыр күні дауыс берудің екінші кезеңі ұйымдастырылады. Әзірше, саяси бақталастардың елдегі ықпалының бір-біріне сай келетіндігін ескерген сарапшылар екі кезең өтетіндігін алдын ала болжап отыр. Осы сайлауда жеңістен үмітті үш кандидат бар. Олар: Расул Залмай, бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани мен бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла.

Пушту-тәжік отбасында дүниеге келген А.Абдулла бұған дейін де 2009 жылғы президенттік сайлауға түсіп, Х.Карзайға басты бәсекелес болғаны есте. Ол оппозициялық Солтүстік альянс көшбасшысы Ахмад Шах Масудтың саяси кеңесшісі болған. Бүгінде 54 жасқа келген саясаткердің бағдарламасы елді саяси түрленуде жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Ол губернаторларды тікелей сайлауды және ел парламентінің жоғары палатасы ақсақалдар палатасын реформалауды енгізуді, жемқорлықпен күресті және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді жақтайды.

Тағы бір кандидат 61 жастағы А.Ғани АҚШ-та білім алған. Одан кейінгі жылдары Дүниежүзілік банкте жұмыс істеп, Ауғанстан Үкіметінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған. Бұл кандидат та 2009 жылғы президенттік сайлауға қатысқанымен сайлаушылардың не бәрі 3 пайыз ғана дауысына ие болғаны бар. Айта кетерлігі, оның негізгі жақтастары қала тұрғындар, қазіргі заманғы ғылым мен білімді дамытуды қолдайтындар болмақ. Бұл кандидаттың басқа бақталастардан бір ерекшелігі экономикалық менеджмент дағдысының жоғары болуында болып тұр.

Жоғарыда аталған үштіктің арасында сайлауда оқ бойы озық шығуы мүмкін басты үміткері - 70 жастағы Р.Залмай. Оны белгілі бір дәрежеде Батыстың көңілінен шығып отырған ірі ауған бизнесі қолдайтындығы белгілі. Айта кетерлігі, бұл кандидат елдің қазіргі басшысы Х.Карзайдың да қолдауына ие. Саяси тәжірибесі мен нақты бағдарламасының жоқтығына қарамастан дәл осы тұлға билік топтары мен кландар арасындағы балансты теңестіруге қарым-қабілеті жеткілікті деп саналуда.

Қалай десек те, дәл осы үш көшбасшының арасында басым дауысқа ие болып, бірінші кезеңде-ақ жеңіске жететін қандидат жоқ. Сондықтанда алдын ала дауыс берудің екінші кезеңін 28 мамырда өткізу жоспарланып отыр.

Айтпақшы, елдегі қазіргі биліктің ірі қалалар мен бірқатар өлкелерге билігі жүргенімен, жекелеген аударда және елді мекендерде жергілікті далалық командирлердің сөзі өтімді екендігі белгілі.

Сәл ертерек тәліптер аталған сайлауды өткізбеу үшін қолдарынан келген барлық іс-қимылдарды жүзеге асыратындықтарын ашық мәлімдеген болатын. Олар айтқан сөздерінде де тұрып, елде бірнеше мәрте лаңкестік әрекеттер ұйымдастырды. Тіпті кандидаттар мен шетелдік бақылаушылар шабуыл жасауға тырысқандықтары да белгілі болып отыр. Кейбір өлкелерде тәліптердің жергілікті халықтан сайлаушы карточкасын сатып алып жатқандығы да мәлім болуда.

Қалай десек те, Ауғанстандағы бүгінгі сайлау өте қиын-қыстау кезеңде өтіп жатыр. Бірақ бар қиындық жаңа үкіметті жасақтау және оның жұмысын жолға қою барысында кездесетіндігі анық. Өйткені, оларға елдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуден бастап экономика өсімін жолға қоюға дейінгі күрделі міндеттерді жүзеге асыру қажет болып тұр.