ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ирак жауынгерлері жаппай көмілген зират табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде Жер шарында бірқатар қайлығы оқиғалар орын алды. Мәселен, Ирактің солтүстігінде адамдардың жаппай көмілгені белгілі болса, Американың Норт-Чарлстон қаласында құқық қорғау органы қызметкері қара нәсілді азаматты атып тастап, бұл оқиға АҚШ-та дүрбелең туындатты.

Тикритте ирак жауынгерлерінің жаппай көмілгені белгілі болды

Сейсенбі күні Ирактің Салах-эд-Дин өлкесінің әкімшілігі орталығы Тикрит қаласынан «Ислам мемлекеті» содырлары ығыстырылғаннан кейін 12 жерде адамдардың жаппай көмілгені белгілі болды.

Қабірлер бұрынғы американдық Кэмп Спичер әскери базасына тақау маңнан табылды, Әскери қызметшілердің пікірінше, бауырластар зиратында шамамен 1700 ирак жауынгерінің мүрдесі жатыр. Олар өткен жылдың жазуында джихадшылардың қолына тұтқынға түскен. Жазаға ұшырағандардың басым бөлігі шииттер.

Тикрит қаласы 2014 жылдың маусымында исламшылардың кең ауқымды шабылы нәтижесінде «Ислам мемлекеті» тобы содырларының қарамағына өткен болатын. Елді мекенге толық бақылауын орнатқаннан кейін джихатшылар тұтқынға алынған әскери қызметшілерді қайсысы Исламның шиит тармағын ұстанатындығын анықтау үшін тергеген.

«Ислам мемлекеті» содырларының ирак армиясы жауынгерлері мен офицерлерін жәбірлеп жатқан бейне жазбалар мен суреттер ғаламторда жарияланды. Дәл осы жаппай жазалау «Ислам мемлекеті» лаңкестерінің адами қасиеттен жұрдай екендігін әрі Ирактің шиит тұрғындарының қаншалықты жек көретіндігін дәлелдей түседі.

«Бұл - жантүршігерлік көрініс. Біз көз жасымызға ие бола алмай қалдық. Қолдары қалт етпестен 1700 адамды о дүниеге аттандыру қандай жабайыға қажет болды екен?» - дейді Рейтер агенттігіне сұхбат берген Ирак Денсаулық сақату министрлігінің өкілі Халид аль-Атби.

Ирак билігі 1 сәуір күні Тикриттің азат еткендігін ресми жария етіп, содан кейін бірден із-түссіз жоғалған жергілікті тұрғындарды іздеу жұмыстарына кірген болатын. Наурыз айында басталған қаланы азат ету операциясына 30 мыңнан астам жауынгер қатысты.

Таяу Шығыстың кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының таратқан мәліметтеріне қарағанда, Тикрит қаласын азат ету сарбаздарының жекелеген топтары тарапынан жергілікті сүнниттерді зорлық-зомбылыққа ұшырату, дүние-мүлкін тонау орын алған.

Көмілген жауынгерлердің мүрделерін қазып алу жұмыстары жалғасуда. Бірақ, әзірше, ешкім де қанша адамның көмілгендігін нақты дөп басып айта алмайды. Сондықтан олардың саны бастапқы деректерден әлде қайда көп болуы мүмкін. мүрделерді қазып алу жұмыстары аяқталғаннан кейін ДНК үлгілері Бағдатқа молекулярлық сараптама жасау үшін жіберіледі. Бұл жазалғандардың аты-жөндерін анықтау үшін қажет.

Тикрит қаласының азат етілуі Ирак армиясына өзін-өзі жария еткен халифаттың астанасы, елдегі екінші ірі қала Мосулға шабуылдауына мүмкіндік береді. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, Мосулға шабуыл жасау оңайға соқпайды. Өйкткені, джихадшылар қаланы өздерінің ең басты бекінісіне айналдырып алған.

АҚШ-та қара нәсілді тағы да полиция қолынан қаза тапты

7 сәуір күні New York Times газеті жасыл футболка киген қарусыз қара нәсілді азаматы қашып бара жатқан жерінде ту сыртынан 8 мәрте оқ атқандығы бейнеленген бейне жазбаны жариялады.

Қайғылы оқиға өткен сенбі күні АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатына қарасты Норт-Чарлстон қаласында орын алды. Оққа ұшқан адам - 50 жастағы Уолтер Скотт, ал оны атқан полция қызметкері 33 жастағы Майкл Слэгер.

Полция деректеріне қарағанда, 4 сәуір күні Слэгер Mercedes-Benz автомобильін тоқтатқан. Машина тоқтағаннан кейін оның жүргізушісі көліктен шығып полициядан қаша жөнелген. Соңына тұра қуған Слэгер қашқынды тоқтату үшін электрошокер қаруын қолданған. Алайда қашқын тоқтамай, одан ары қаша берген.

Сондай-ақ аталған құжатта жүргізушінің полициядан электрошокерді тартып алмақ болғаны да жазылған. Өміріне қауіп төнгеннен кейін полиция қару қолданған.

Дегенмен, видеодан оққа ұшқан адамның қолында ештеңе болмағаны анық көрінеді. Бұған қоса, полиция оны атып тастағаннан кейін жанына белгісіз затты қойып жатқаны байқалады.

Ғаламторда бейнежазба жарияланғаннан кейін билік полицияның үстінен адам өлтірді деген айып тақты. Оны кепілге босатудан бас бас тартылды. Ал 8 сәуірде Слэгердің құқық қорғау органынан шығарылғаны хабарланды.

Федералды тергеу бюросы мен АҚШ-тың әділет министрлігі өз тараптарынан аталған іске байланысты бір-біріне тәуелсіз тергеу амалдарын бастады. Егер Слэгердің кінәсі анықталатын болса, ол 30 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бейне жазба жария етілген күннің ертесінде жүздеген адам қала көшесіне шығып, Слэгер жұмыс істеген полиция учаскесінің ғимараты алдына жиналды. Олар «Әділдік!» және «Өлтіргендерің жетеді!» деп ұрандатты.

Наразылық шеруге шыққандардың басым бөлігі егер бейнежазба жария етілмегенде Слэгердің қылмысын ешкім де, ешқашан білмей қалатындығына сенімді. Шерушілер мұндай оқиғаның бірінші рет орын алмағандығын айтып, оның енді қайталанбасы үшін қоғамды өзгерту қажеттігін айтуда.