ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ирактықтардың үрейі үдеп тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы. Ирак жұртшылығы «ДАИШ» тобының содырлары салған лаңнан мезі болып, жан сақтар жер таппай жүрсе, француз Фредерик Деснар аз жұмыс беріп, ерігіп босқа отыруға жол берген бұрынғы жұмыс берушісін сот алдына сүйреуде.

Ирактықтардың үрейі үдеп тұр

Иракта «ДАИШ» лаңкестік тобының белсене түсуіне байланысты елдің қауіпсіздік саласындағы ахуал шиеленісе түсуде. Бағдадта және оған іргелес жатқан шағын қалашықтарда тұрақты жүрде жарылыстар орын алып, бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қаза табуда.

Мәселен, сенбі 30 сәуір күні Ирак астанасынан шығысқа қарай қоныс тепкен Нараван шаһарында жарылығыш зат қондырылған көлік көкке ұшты. Жарылыс мал базары жанында орын алған.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне сәйкес, бұл лаңкестік әрекеттен кемінде 24 адам өліп, тағы да 40-қа жуық адам түрлі деңгейде дене жарақатын алған.

Келесі күні Бағдадтың оңтүстігіндегі Эс-Самава қаласында екі жарылыс жасалды. Бұл қалада да муниципалды кеңес ғимараты мен автобус аялдамасы жанында тұрған 2 көлікке қойылған жарылғыш зат іске қосылды.

Екі жарылыстан мерт болғандардың саны 38 адамға жетіп отыр. Мұнан бөлек 86 адамның жарақат алғаны тағы бар. Айта кетерлігі, Эс-Самава шиіттердің Эль-Мутанн өлкесінің астанасы саналады. Соңғы жылдары бұл өңір аса қауіпті аймақтардың біріне айналып отыр. Онда лаңкестердің шабуылы жиі орын алуда.

Дүйсенбі күні Бағдадтың оңтүстігіндегі Сайдия ауданында «ДАИШ» жанкештісі іске қосқан жарылыстың салдарынан кемінде 18 адам өліп, тағы 45-і жараттанды.

Жалпы, жоғарыда атап өткен барлық жарылыстардың жауапкершілігін «ДАИШ» лаңкестік тобы өз мойнына алып отырғандығы белгілі.

Бүгінде Иракта күрделі ахуал орын алып отыр. Елдегі саяси дағдарыстың күшейе түсуі аясында ұлттық қарулы күштердің «ДАИШ» лаңкестік тобымен теке-тіресі созылып та кетті. Қақтығыс салдарынан көптеген адамдар қаза табуда, олардың арасында бейбіт тұрғындар да көп.

БҰҰ-ның Иракқа жәрдем көрсету жөніндегі миссиясы ұсынған деректерге қарағанда, осы жылдың сәуір айының ішінде ғана лаңкестік шабуылдардың, зорлық-зомбылықтың және қарулы қақтығыстардың салдарынан 740 ирактық мерт болып, шамамен 1370-і жарақат алған. Қақтығыстардан көп зардап шеккен аудандар мен қалалардың қатарында Бағдад шаһары көш бастап тұр. Бұл шаһардың өзінде ғана сәуір айында 232 бейбіт тұрғын оққа ұшып, 642 адам жарақаттанған.

Жоғарыда атап өткен миссия ұсынған тағы бір дерекке қарағанда, өткен жылдың ішінде Иракта лаңкестік шабуылдар, зорлық-зомбылық пен қарулы қақтығыстар салдарынан 22 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Іш пыстырар жұмысынан жалыққан француз сотқа жүгінді

Өткен аптада әлем жұртшылығы Париж қаласының 44 жастағы тұрғыны Фредерик Деснардың әрекетіне назар аударды. Ол өзінің бұрынғы бастығын аз жұмыс беріп, зеріктіргені үшін сот алдына сүйреуде. 2006-2014 жылдары аралығында Париждегі танымал парфюмерия компаниясында жұмыс істеген Деснардың айтуынша, жұмыстың тым жеңіл болуы салдарынан қатты зеріккен. Соның салдарынан денсаулығы да сыр бере бастаған.

Ол 2014 жылы жол апатына түсіп, 7 ай ем-дом алғаннан кейін жұмысынан кеткен. Оның сөзіне қарағанда, жол апатына түсуіне зеріктірер жұмысы барысында пайда болған қояншық ауру түрткі болған. Мұнан бөлек, жұмыс орнына еш іс тындырмай бос отырудың салдарынан ұйқысыздық, торығу сынды аурулары да қылаң беріпті.

Жұмысында еш іс тындырмастан жылына шамамен 80 мың еуро жалақы алып келгеніне ұялатын ол ендігі уақытта компаниядан моральдық шығынды қоса алғанда жіберіп алған табысын да 360 мың еуро көлемінде өндіріп алуға күш салмақ.

Мұндай жайтқа тап болған компания да бос отырған жоқ. Олар шағымданушының сөздерінде кереғарлық бар екендігін айтуда. Мәселен, 4 жыл бойы Деснар бірде-бір басшылыққа өз жұмысының зеріктіретіндігін айтып шағым жасамаған.