Сейсенбі күні өңірде ислам халифатын құруды басты мақсат тұтқан «Ирак пен Левантаның ислам мемлекеті» тобының қарулы экстремистері Ирактағы екінші ірі қала Мосулды басып қалды. Айта кетерлігі, әскерилер бұл қаланы содырлар қолына еш қарсылықсыз бере салған болатын. Ал сәрсенбі күні содырлар Тикрит қаласына басып кірді. Экстремистер басып алынған елді мекендерде түрмеде отырған тұтқындардың барлығын бостандыққа шығарып, жергілікті мемлекеттік органдар мен жолдардың жұмысына толығымен шектеу енгізді. Сондай-ақ елдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыты орналасқан Байджи қаласы да содырлар қолына өтті. Мосулда Түркия консулдығының қызметкерлері тұтқынға алынды. Бағдаттан 125 шақырым қашықтықта орналасқан Самарра қаласы ауданында қарулы қақтығыстардың орын алғандығы жайында да ақпараттар түсіп отыр. Кеше қарулы топ Салах-эд-Дин өлкесіндегі бірқатар қала мен елді мекенді басып алды. Топ көшбасшылары Бағдат пен Карбалаға шабуыл жасауды жоспарлап отырғандықтарын да мәлімдеуде. Жұма күнгі мәліметтерге қарағанда, содырлар Ирактың солтүстігіндегі Ниневия өлкесін толығымен өз бақылауларына алғандығы белгілі болды. Болжамды бағалауларға қарағанда, қарулы күштің бастапқы негізгі бөлігін шамамен 3-5 мың адам құрайды. Дегенмен басып алынған жерлерді ескерер болсақ, олардың сапына өткен адамдар саны арта түсуі де мүмкін. Ирак Премьер-Министрі Нури Малики ел парламентін төтенше жағдай енгізуге шақыруда. Дәл осы күндері Ирактың әскери-әуе күштерінің ұшақтары Мосул мен Тикрит қалаларында содырлардың шоғырланған нүктелеріне әуеден соққы да жасады. Ұрыс шараларына құрлықтағы күштер, артиллерия мен мотоатқыштар бөлімшелері де араласты Ирактың солтүстігінде ахуалға орай бейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі арнайы отырыс өткізді. Онда Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері экстремистердің іс-қимылдарын барынша айыптап, Бағдатқа лаңкестікпен күресте қолдау білдіруге бірауыздан келісім берді. Сонымен қатар БҰҰ орын алып отырған жайттың жауапкершілігін Ирак билігіне де жүктеп отыр. Олардың атап өтуінше, армия Мосулдағы қарапайым тұрғындар қоныстанған елді мекенге жаппай артиллериялық соққыны асыра сілтеп, қолданған. Бұған қоса, үкіметтік күштер қала тұрғындарына өткізу бекеттерін кесіп өтуге тыйым салып, оларды кері қайтарып жіберген. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Ирактың солтүстігінде шабуылдар барысында қаза тапқан бейбіт тұрғындардың саны бірнеше жүз адамға жетсе, ал жараланғандар мыңға жуықтайды. Бұған қоса, Мосулда Ирактың әскери қызметшілері мен бейбіт тұрғындарды сотсыз өлім жазасына кескендігі жайында да ақпараттар түсуде. Сондай-ақ Мосулды 500 мыңнан астам адам тастап шығып, оның шамамен 300 мыңы Дакук пен Эрбиль өлкелеріндегі күрдтер мекендеген ауданға жасырынды деген де хабар бар. 2011 жылы өзінің әскери бөлімшесін Ирактан шығарған Вашингтон бұл елдің үкіметіне көрсететін көмек көлемін еселейтіндігіне уәде беріп отыр. Айта кетерлігі, бейсенбі күні АҚШ Президенті Барак Обама Ирак билігіне көмек көрсетудің түрлі нұсқасы, оның ішінде тікелей әскери араласу да қарастырылып жатқандығын мәлім еткен болатын. Оның атап өтуінше, АҚШ «джихадшылар» Иракта не болмаса Сирияда тұрақты негізде қалуына мүдделі емес. Осы орайда Ақ үй әуеден соққы жасау мүмкіншілігін жоққа шығармайды. Алайда, құрлықтағы әскери операциялар жайында сөз қозғалып отырған жоқ. Иракқа көмек көрсету жөніндегі миссияның бүкіләлемдік ұйымның қауіпсіздік кеңесіне ұсынған баяндамасында елдің солтүстігіндегі қарулы содырлардың Бағдатқа еш қауіп төндірмейтіндігі айтылған. Дегенмен миссия қызметкерлері елдегі ахуал бақылаудан шығып, әскери іс-қимылдар Ирактың басқа да аудандарына таралуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, «Ирак пен Левантаның ислам мемлекеті» тарапынан Ирак Үкіметіне төнген қауіп соңғы жылдары барынша өзекті мәселе ретінде қарастырылуда. Бұл ұйым Сирияның бірқатар аудандарына билігін жүргізіп отырған Әл-Каидадың лаңкестік желісі саналады. Ағымдағы жылы «Ирак пен Левантаның ислам мемлекеті» содырлары елдің батысындағы Фаллуджа қаласын басып алғаны есте. Алайда, бұл жолғы жанжалдың салдары барынша терең болып тұр. Сарапшылардың бағалауынша, қазіргі жанжалдың түптөркіні сүнниттер мен шииттер арасындағы бақталастықта жатыр. Айта кетерлігі, елдің қазіргі үкімет басшысы Нури Малики шиит қауымынан екені белгілі. Сарапшылардың пайымынша, «Ирак пен Левантаның ислам мемлекеті» қарулы тобы әскери-техникалық тұрғыдан алып қарағанда барынша жұтаң әрі оның мүшелері орталық билікке қарсы шығып отырған сүннит тұрғындар арасында толық қолдауға ие бола алмай отыр.
14:31, 14 Маусым 2014
ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ирактың солтүстігіндегі ахуал Бағдатқа қауіп төндіруде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішіндегі халықаралық тыныс-тіршіліктің басты оқиғаларының бірі Ирактың солтүстігіндегі ахуалдың күрт шиеленісімен байланысты оқиғалар төңірегінде өрбіді.