ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Иран Батыспен қарым-қатынасын қайта қалпына келтіру жолында

АСТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Әлемдік саясат аренасына Иранның жаңа президенті Хасан Руханидің келуі соңғы кездегі жаһандық оқиғалардың бірі болды деп айтуға болады. Өздеріңіз білесіздер, өткен жексенбі күні Рухани ел парламенті алдында ант беріп, мемлекет басшысы қызметіне ресми түрде кіріскен болатын. 1979 жылдан бері тұңғыш рет Иран президентінің қызметіне кірісу салтанатында шетелдік қонақтар қатысты.

Шарадан кейін Рухани елдің халықаралық аренадағы және ішкі саяси өмірдегі өзінің көзқарастарымен бөлісті. Халықаралық қауымдастықпен жаңа қарым-қатынас орнату мәселесінде Иранның ядролық бағдарламасы да сөз болды. Оның айтуынша, уранды байыту бағдарламасы - бейбіт бастама, сондықтан ол жалғасын таба береді.

Ол сондай-ақ, әлемдік қауымдастықты осы мәселеге байланысты маңызды да мазмұнды кеңестер өткізуге шақырды. Оның айтуынша, мәселе күш көрсетіп, қоқан-лоқы жасаумен емес, мәмілеге келіп, келіссөздер жүргізу арқылы ғана шешіледі. Рухани Иран мен халықаралық қауымдастық әйтеуір ортақ шешімге келіп, жағдайды қалпына келтіретіндігіне үмітпен қарайтынын айтты. Сонымен қатар, ол осы тақырып бойынша АҚШ-пен тікелей келіссөздер жүргізілу мүмкіндігін де жоққа шығармады.

«Біз басқа тараптармен келіссөздер жүргізуге қазірден-ақ кірісуге әзірміз. Алайда ешқандай жөн-жосықсыз, құқықтық нормаларға сәйкес келмейтін, логикаға сыймайтын немесе қазіргі заманға сай келмейтін талаптар ортақ мүддеге томпақ келеді. Неге болса да шынайы көзбен қарап, орындалатындай мақсаттарға ұмтылу қажет», - деді ол. Ол мемлекет басшысы ретінде қалыптасқан сеңнің көбесін сөгуге қалай да күш салатынын жеткізді.

Сонымен қатар, ол ресми Тегеран Вашингтонмен келіссөздерге отыруға дайын екенін, алайда ол үшін Ақ үй үшінші бір мемлекеттердің мүддесін көксейтін топтардың шеңгелінен шығуы керек екендігін айтты. Ол, сондай-ақ, мәселенің оңтайлы шешілуін қаламайтын сол үшінші топтар екенін, тіпті кейде америкалық әкімшіліктен израилдік «іздерді» байқап қалатын секемі бар екенін де жасырмады.

Тағы бір айта кететіні, осы аптада Иран президенті министрлер кабинетінің отставкасын қабылдады. Қызметіне ресми түрде кіріскеннен кейін екі апта ішінде ол парламентке кабминнің жаңа құрамын таныстыруы тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, Иранның ядролық мәселесінің шешілуі жаңа басшылықтың әлемдік қауымдастық тарапынан жасалған кейбір талаптарды орындап, аздаған шегіністерге барса ғана мүмкін болмақ. Сонымен қатар, жаңа президенттің ядролық бағдарламаның стратегиялық ұстанымдарын өзгертуге баруы екіталай, алайда техникалық бөлігінде бірқатар келісімдерге келу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.

Айта кету керек, Иранның ядролық бағдарламасына байланысты жағдайды тұрақтандыруда ең негізгі, қалаберді шешуші рөлді Вашингтонның ұстанымы шешетіні анық. Ақ үй тарапынан Иранның жаңа басшылығымен екеуара диалогқа келуге қызығушылық танытылғанымен, маңызды алғабасушылық болады деп кесіп айту әлі де болса ертерек.

Әзірше жаңа президентті әлем жұртшылығы бастамашыл басшы, сарабдал саясаткер әрі келіссөздер саласында үлкен тәжірибесі бар маман ретінде қабылдап отыр. Бұрынғы президентке қарағанда Рухани әр сөзін салмақтап айтып, өзгелердің пікіріне жұмсақтықпен қарайды. Бұл да болса Иранның әлемдік қауымдастықпен ортақ тіл табысуына деген сенімді ұялатады.

Иранның жаңа басшылығы туралы сөз қозғағанда, елдің ішкі және сыртқы саясатына деген ықпалы күшті рухани көсемі, Иран аятолласы (рахбары) Али Хаменеи туралы да айтпай кетуге болмас. Айтпақшы, шілдеде Хаменеи бірінші рет халқын соғыс пен заманақырға дайындалуға шақырған болатын. Ал осы аптада Иран жерінде баллистикалық зымырандарды орналастыратын тағы бір алаңның пайда болғаны белгілі болды.

Дей тұрғанмен, Иран басшылығының ауысуы аймақтағы жағдайдың да жақсаруына алып келуі мүмкін. Бақылаушылардың пікірінше, Иранның жаңа президентінің сайлануы каспимаңы аумағындағы бестіктің Каспий теңізінің статусын айқындау жөніндегі диалогты жетілдіруге әсер етуі мүмкін. Каспимаңы елдерімен Иранның қарым-қатынасы бұрыннан бері жақсы деп айтуға болады. Сондықтан, жаңа басшылық басқа елдермен әріптестікті жақсартқысы келсе, осындай тараулардың бірі Каспий маңындағы қарым-қатынастар болуы әбден ықтимал.