ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Иран өзінің ядролық бағдарламасын жеделдетуде

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық тыныс-тіршілікте орын алған маңызды оқиғалар қатарында Иранның ядролық бағдарламаны дамытудың одан арғы болашағы туралы мәселе мен Теһранның соңғы бастамаларына халықаралық қоғамдастықтың шаралары ерекше мәнге ие болды.

Осы апта ішінде Иран билігі елдің оңтүстігінде орналастыру болжанып отырған өзіндік ядролық реактор жобасын мамандар дайындау үстінде екендігін жария еткен болатын. Бұл жайында «Бушер» атом электр стансасының бұрынғы басшысы Насер Шарифло құлағдар еткен еді.

Қуаты 360 Мвт-тық станса Иракпен арадағы шекараға таяу орналасқан Даркайн өңірінде орналасатындығы күтілуде. Н.Шарифло атап өткендей, атом электр стансасын салуға қажетті барлық құрал-жабдықтар негізінен Иран аумағында жасалатын болады. Сондай-ақ ел билігі таяу болашақта Бушер атом электр стансасы алаңында қуаты 1000 МВт-тан кем болмайтын тағы энергоблоктың құрылысы басталатындығын да мәлімдеуде. Ресейлік мамандар салып жатқан стансаның өзі әзірше электр энергиясын өнідірген жоқ. Оны пайдалануға беру осы жылдың бірінші жартыжылдығына межеленген.

Бүгінде Иран тағы да бірнеше ядролық реактор салуды жоспарлап отыр. Ол үшін елдің әртүрлі аудандарында атом электр стансасының құрылысын жүргізуге жарамды 16 орын айқындалып қойған. Бұдан бөлек, осы апта ішінде Йезд өлкесінде екі Саганд уран кен орнын өңдеу жұмыстарының басталғандығы мәлімделді. Жергілікті ғалымдардың бағалаулары бойынша, Саганд кенішінің қоры құрамында 0,05 пайыз уран бар шамамен 1,55 млн. тонна төмен сұрыпты уран кенін құрайды.

Ұлттық ядролық технология күнін мерекелеуге орай Иран президенті Махмуд Ахмадинежад елдің ядролық бағдарламасы жеделдетілген қарқынмен дамытылатындығын баса айтты. Бұл ретте ол барынша таяу аралықта 5 жаңа реакторды салып, іске қосуға тапсырма берді.

Сәл ертерек, нақты айтқанда наурызда Иран 3 мың центрифуга (сыртқа тепкіш күш арқылы аралас затты құрама бөлшектеріне ажырататын аппарат) құрастыру үшін тасқынды желіні орналастыруды аяқтады. Олар уран байыту үшін қажетті ескірген құрал-жабдықтарды ауыстыру үшін жасалды. IR-2M деп аталатын жаңа модель уран байыту үдерісін 3 есеге дейін жеделдетуге қауқарлы.

Белгілі болып отырғандай, сейсенбі, 9 сәуір күні Иранның жалғыз атом электр стансасы «Бушер» орналасқан жерге тақау аймақта қуатты жер сілкінісі тіркелді. АҚШ-тың геологиялық қызметінің ақпаратына қарағанда, зілзала қуаты 6,3 балды құрады. Табиғи апат салдарынан 37 адам қаза тапса, 900-ден астам адам түрлі дене жарақатын алды. «Бушер» АЭС-і мұндай жер сілкінісіне шыдамды екендігін дәлелдеді әрі ел билігі де стансаның Рихтер бағаны бойынша 8 балдан жоғары зілзалаға да төтеп бере алатындығын мәлімдеп отыр. Бірақ та бірқатар шетелдік сарапшылар стансаның тектоникалық қыртыс жарықшағы ауданында орналасқанын және де жер сілкінісі оның жұмысына кедергі келтіретін басты проблема болатындығын атап өтуде.

Айта кетерлігі, Алматыда өткен соңғы келіссөздер барысында Теһран өзінің бастапқы ұстанымына табандап тұрып алып, уран байыту деңгейін 20 пайызға дейін төмендету ұсынысынан бас тартты. Жалпы олардың халықаралық қоғамдастықтан басты талабы - бейбіт атомды игеру құқығын мойындау әрі ядролық энергияны дамыту үшін барлық құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету.

Бірқатар бақылаушылардың атап өтуінше, Иран өзінің ядролық бағдарламасына қатысты конструктивті емес ұстанымда табандап тұруда және де бұл проблемаға қатысты әлемдік қоғамдастықтың алаңдаушылыққа бой алдыруын ескермеуде.

Теһран өзінің нысандарына МАГАТЭ сарапшыларының кіруін шектеу арқылы ел үшін барынша жайсыз сценарийдің қалыптасуына жол беріп отыр.

Бірқатар елдер мен саясаткерлер, әсіресе Израиль Иран билігі ядролық қару жасау алдында тұр деген пайыммен проблеманы превентивті әрі күшпен шешу қажет деп дабылдауда. Дегенмен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі елге қатысты санкция пайдалану барынша тиімді деп санап, сұхбаттастықты жандандыруға күш салуда.

Сонымен қатар сарапшылар бүгінгі «ирандық ядролық құжаттама» шешімінің болашағына Ирандағы ішкі саяси ахуал әсер етеді деп пайымдауда. Өйткені осы жылдың маусымында елде кезекті президенттік сайлау өтпек. Қазіргі мемлекет басшысы М.Ахмадинежад бұл лауазымда екі рет болды және де елдің конституциясына сәйкес үшінші рет өз кандидатурасын ұсына алмайды. Иранның саяси басшылары мен қоғамының негізгі назары міне осы оқиғаларға ауған.