Біріккен Ұлттар Ұйымы деректеріне қарағанда, тек соңғы 2 айдың ішінде ғана «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобы содырларының адам құқығын бұзуға қатысты жасаған қылмыстарына сан жетер емес. Бұған қоса, зорлық-зомбылық іс-әрекеттер күннен-күнге этносаралық сипатқа ие болып барады.
Осы аптада Иракка көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясы мен БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы Ирактың солтүстік аудандарындағы халықаралық гуманитарлық құқықтық бұзылуына қатысты бірлескен баяндамасын жария еткен болатын.
«Баяндама екі айлық мерзімді қамтиды. Онда «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының жасап отырған қылмыстарының қатары мол екендігі айтылған. Ол зорлау, өлтіру, жаппай жазаға тарту, ұрлау, мешіттер мен шіркеулерді қирату, әйелдерді жыныстық құлдыққа салу, балаларға зорлық-зомбылық көрсету және оларды ұрыс іс-қимылдарына тартуы сынды қылмыстар», - деді Адам құқығы жөніндегі басқарманың баспасөз хатшысы Руперт Колвилл.
Сонымен қатар баяндама авторлары Ирактағы шиіт, христиан, түркімен, күрд, езид сынды этникалық әрі діни азшылық өкілдеріне жүйелі түрде шабуыл жасап отырғандығын мәлімдеуде. Бұған қоса, олардың айтуына қарағанда, содырлардың іс-қимылы аталған топтарды басып-жаншып, жоюға не болмаса өздері басып алған аймақтардан тазалауға бағытталып отыр.
Аталған баяндамада адам құқықтарын тек қана «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының содырлары ғана емес, сонымен бірге ирак күш-қуат құрылымдары, оппозициялық топтардың мүшелері де жиі бұзатындығы айтылған.
«Бұл баяндама жантүршіктіреді», - деді Ирактағы БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Николай Младенов. Ол Ирак көшбасшыларын күш біріктіре отырып, «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобы басып алған жерлерде бақылау жүргізуін қалпына келтіруге және әлеуметтік, саяси әрі экономикалық реформалар жүргізуге шақырды.
Адам құқығы жөніндегі БҰҰ Жоғарғы комиссары Зеид Раада әл-Хусейннің сөзіне қарағанда, Ирактың солтүстігінде жасалатын зорлық-зомбылықтың басым бөлігі әскери және адамзат баласына қарсы жасалған қылмыс болуы мүмкін.
Халықаралық ұйым мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Иракта орын алған лаңкестік актілер мен зорлық-зомбылықтың салдарынан 1119 адам қаза тапса, 1946 адам түрлі дене жарақатын алған. Бұл дерекке Анбар өлкесінде мерт болғандар еніп отырған жоқ. Өйткені, сарапшылар қыркүйек айындағы деректерді жинап, тексеруге еш мүмкіндік ала алмады.
Өткен айдың өзінде ғана Ирактағы лаңкестік актілер мен қарулы зорлық-зомбылық барысында кемінде 854 бейбіт тұрғын мерт болса, жарақат алғандарының саны - 1604. Дәл осы аралықта шабуыл салдарынан ирак қауіпсіздік күш-қуат құрылымдарының 265 мүшесі оққа ұшты. 342 жауынгер жарақат алды. Ирактықтардың басым бөлігі қыркүйек айында Бағдатта қаза тапты.
Бұған қоса, Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары Сирия мен Ирактағы «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобы позицияларына әуеден соққы жасауын жалғастыру үстінде. Жаңа одақтастар да қолдау білдіруге дайын отырғандықтарын мәлімдеуде.
Белгілі болып отырғандай, АҚШ пен Бахрейн, Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар және Иордания одағы ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінен бері «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобы содырлары бекінген аймақтарға соққы жасауда. Ал АҚШ-тың өзі содырлар мекеніне тамыздың ортасынан бері әуеден соққы жасап жатқандығы белгілі. Ирактағы әскери операцияға Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Дания, Нидерланды сынды Еуропаның бірқатар елдері де қосылып отыр.
Көптеген әскери сарапшылар радикалды исламшылдармен күреске Сирия көшбасшысы Башар Асад пен оның тұрақты армиясы араласпай оң нәтиже бермейтіндігіне сенімді. Тіпті, Сирия президенті Башар Асадтың өзі АҚШ пен оның араб мемлекеттерінен құралған одақтастары Сириядағы «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобымен беттерінше жеңіске жете алмайтындықтарын ашық айтып отыр.
«Euronews» телеарнасы сұхбат берген Лион 2 университетінің Таяу Шығыс жөніндегі маманы Фабрис Баланш бүгінде Асадтың барынша оңтайлы жағдайда тұрғанын әрі оны одақтастары Иран мен Ресей далада қалдырмайтындығын атап өтті. Сондықтан да оның пайымынша, Асад режімімен дипломатиялық қарым-қатынастарды жолға қоймағанның өзінде оны тақтан тайдыруға ендігі уақытта тырысудың еш реті жоқ.
Оның атап өтуінше, АҚШ одақтастарымен бірлесіп, «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының лаңкестерімен жер үстінде ашық соғыс жүргізуге құлық танытып отырған жоқ. Ал әуеден соққы жасау арқылы содырлардың көзін түп-тұқиянына дейін жоқ қылу мүмкін емес.
Дегенмен, бірнеше ай бойы Ирактың қарулы күштері содырларға қарсы сойқан соғысты жүргізу үстінде. Алайда, АҚШ пен оның одақтастарының әуеден соққы жасау арқылы қол ұшын беруіне қарамастан ел аумағының шамамен үштен бірін қанатының астына алған «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» лаңкестік тобы содырлары табандап берілер емес. Соның салдарынан қарсыласушы тараптардың және жанжал аймағында қалған бейбіт тұрғындар қатарынан мерт болғандардың саны арта түсуде. «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобы содырларының үнін өшіріп, іс-әрекеттеріне тосқауыл қою мүдделі тараптардың бірлескен шешуі соққысына ғана тәуелді болып тұр.