Соңғы күндері ирандық «ядролық құжаттамаға» байланысты пікірталас қайтадан белсенді көтерілді. Сонымен қатар Сириядағы ахуал жұма, 24 ақпанда Тунисте өткен «достар» конференциясының қорытындысын күтумен байланысты болды.
Аптада ішіндегі өңірдің алғашқы ақпараттық дерегі Теһранның дүйсенбіде елдің ядролық және басқа да маңызды нысандарын әуе соққыларынан қорғаныс тактикаларын тағы бір мәрте пысықтау үшін «Sarollah» атты ірі ауқымдағы оқу-жаттығудың бастағандығын жария етуі болды. 4 күндік оқу-жаттығу елдің оңтүстігінде өтті. Айла-тәсілдерге зениттік зымырандық жүйе, зениттік артиллерия, жойғыш ұшақтар, радарлар мен ұшақтарды қоса алғандағы техникалардың сан түрі қатысты.
Сонымен қатар дүйсенбі күні аталған елге иранның ядролық бағдарламалары мәселелері бойынша келіссөздер жүргізу үшін Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің делегациясы келді. Сапар қорытындысы бойынша МАГАТЭ-ның бас директоры Юкия Амано иран тарапымен арадағы келіссөздердің нәтижелеріне түңілгендігін білдірді. Оған кейбір болжамдарға сәйкес ядролық қару әзірлеу жүргізілуі мүмкін Теһранға тақау тұстағы «Парчин» әскери нысанына бақылаушылардың кіруіне рұқсат бермеу себеп болды.
Жұма күні жария етілген агенттік сарапшыларының баяндамасында соңғы жылдары Ирандағы уран байыту өндірісінің 3 есеге өскендігі аталып өтілді. Сонымен қатар уранның жетіспеушілігі анықталды, оның себебін иран тарабы түсіндіріп бере алар емес. МАГАТЭ инспекторларының бағалауынша, жоғалған уран ядролық қару жасау үшін тәжірибелік материал ретінде пайдалануы мүмкін.
Мәлім болып отырғанындай, Иран зерттеулері Израильдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді деп санайтын Тель-Авив иранның ядролық нысандарына превентивті шабуыл жасау мәселесіндегі белсенділігін төмендетер емес. Дегенмен, бұл мәселеге байланысты израильдік жоғары шенеуніктердің арасында да бірлік болмай отыр. Жұма күні Израильдің Қорғаныс министрі Эхуд Барак Иранды бомбалау мүмкіндігіне қатысты ел президенті Шимон Перестің ұстанымын сынға алды. Оған израильдік «Гаарец» газетіндегі жарияланым түрткі болды. Онда Ш.Перес өзінің американдық әріптесі Барак Обамамен алдағы кездесуі барысында «таяу болашақта Израильдің Иранға шабуыл жасауының еш қажеттігі жоқ» деген пікірді айтатындығы хабарланған-ды.
Бұл көзқарас тұрғысынан алып қарағанда осы күндері тараған мұхиттың әр жағындағы бағалаулар да қызықты. 24 ақпан күні жарық көрген «The Los Angeles Times» газетіндегі мақалада аталып өтілгендей, «АҚШ Иранның ядролық бомба жасауға ұмтылатындығы туралы ақпараттарға сенбейді». Басылымның атап өтуінше, АҚШ-тың соңғы барлау баяндамаларына сәйкес бұл әрекеттер 2003 жылдың өзінде-ақ тоқтатылған. «АҚШ-тың 16 барлау қызметі әзірлеген баяндамаларында да Иранның ядролық қару жасау үшін пайдалануға болатын зерттеулер жүргізетіндігі, бірақ оған ұмтылмайтындығы көрсетіледі», - делінген мақалада.
Оппозициялық күштердің билікпен арадағы текетіресі бір жылға жуық уақыт бойы толастамай отырған Сириядағы ахуал да айтарлықтай күрделі болып отыр. Осы уақыт аралығында 5,4 мың адам және үкіметтік күш-құрылымдардың шаммен 2 мыңға жуық қызметкері қаза тапты.
Осы күндері Тунисте өткен «Сирия достары» халықаралық конференциясының қорытындысына әлемдік қоғамдастықтың назары ерекше ауды. Кездесуге шамамен 70 мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері келді. Бұған дейін конференция мақсаттарына шек келтірген Ресей мен Қытай өз делегаттарын жіберген жоқ. Ал Сирия тарапынан үкіметтік әскермен қарулы қақтығыстар жүргізіп отырған оппозициялық күштердің өкілдері ғана қатысты.
Конференцияға қатысушылар аталған елдегі зорлық-зомбылықты тез арада тоқтатуға шақырып, сонымен қатар басқарушы режімге қысым көрсетуді күшейту қажеттігіне орай бірігуге ниет танытты. Конференцияның ашылуында Тунис президенті Монсеф аль-Марзуки Сирия президенті Башар Асадқа, оның отбасына және басқарушы режімнің бірқатар мүшелеріне оның мемлекет басшысы қызметінен кетуі үшін сот иммунитетін беруді ұсынды. Сонымен қатар ол олар үшін саяси бассауға Ресей бола алады деп ұсынды. Сондай-ақ ол сирия оппозициясының бірігуі және «ливиялық сценарийді» жоюға күш-жігерді бағыттауы қажеттігін баса айтты.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон өз сөзінде атап өткеніндей, Б.Асад үкіметі халықаралық қоғамдастықтың талаптарына қарсы келмеуі әрі елге гуманитарлық миссияның кіруіне рұқсат беруі қажет. Сонымен қатар ол «гуманитарлық көмек көрсету, басқарушы режімге қысымды арттыру және демократиялық қайта құрылымдауға дайындық» сынды үш майдандағы прогреске қол жеткізуде нәтиже күтетіндігін атап өтті. сондай-ақ американдық тараптан егерде РФ мен ҚХР БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне қатысты өз ұстанымдарын өзгертіп, Дамаскіге қатысты қарар жүргізуге мүмкіндік берсе, АҚШ-тың ризашылық танытатындығы баса айтылды. «Сирия достарының» келесі кездесуі наурыз айында Ыстамбұлда өтеді.
Тұтастай алғанда осы аптадағы Таяу Шығыс өңіріндегі жағдай біркелкі болып отыр, дегенмен бұл жағдай өте нәзік әрі өзгермелі. Сириядағы ахуал әлі де болса күн сайынғы қарулы қақтығыстармен сипатталады әрі адам шығындары да бар. Теһран болса, қандай да бір шегініске бармай, еркін «бұлшық етін бұлтыңдатуын» жалғастыруда. Дегенмен де проблеманы тұрақты оң векторға шығаруға талпынған халықаралық қоғамдастықтың күш-жігері қандай да бір сәттілікке жол ашар емес, әзірше. Оның себебі бірыңғай ұстаным болмауы, тіпті тараптардың ымыраласу мен диалогтан қашықтай түсуінен болып отыр.